Жарнама
Қоғам

Ескі көліктен зорға құтылдым

Газет тілшілерінің халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жазған жазбаларын оқып, соның нәтижесінде мәселенің шешілгенін біліп, риза болып отырамын. Осы жолы маған да әділдік іздеп «Атырау» газетінен көмек сұрауға тура келді. Расында, «Газет – елдің естір құлағы, көрер көзі, айтар үні» екеніне көзім тағы жетті.

Басыма іс түсіп, шешімі табылмаған қиын мәселе туындады. Осы проблеманы шешу мақсатында талай табалдырықты тоздырып, «бармаған жерім, баспаған тауым» қалмады. Үш жыл бойы меншігімде ешқандай көліктің жоқ екендігін дәлелдеймін деп сотқа да, полицияға да жүгіндім. Алайда қайсысы да нәтиже бермеді.

Тарқатып айтсам, 2021 жылы менің атыма салық департаменті Е850AZM «Фольксваген» автокөлігіне төлейтін борышымның барын айтып ескерту жіберді. Артынша жиналған борыштың салдарынан зейнетақы алатын карточкам бұғатталды. Мен ештеңе түсінбей, салық департаментіне барған едім. Ондағы мамандар жол полициясының ақпараты бойынша «меншігімдегі» көлікке салық төлеуге міндетті екенімді айтты.

Ондай көліктің менде болмағандығын айттым. Ақыры болмағаннан соң сотқа шағымдандым. Бірнеше рет сот процесі өтті. Ешқайсысы менің өтінішімді қанағаттандырмады. Осылайша әлі де талай табалдырықты тоздырып жүрген болар едім, кім білсін, «Атырау» газетінен көмек сұрамағанымда…

Менің арызым басылым бетіне «Әділдікті енді қайдан іздеймін?» деген тақырыппен жарияланды. Бір апта өтер-өтпестен полициядан хабарласып, департаментке келуімді өтінді. Тәртіп сақшылары компьютердің базасынан маған тіркелген көлікті тексеріп, оның иесі басқа (танымайтын) адам екенін, техниканың әлдеқашан утилизацияға кеткенін, есепте жоқ екенін айтты. Бұл көліктің менің иелігімде емес екенінің дәлелі ғой.

Содан көп кешікпей атыма заңсыз тіркелген машина алынды. Күн құрғатпай хабарласып, «салығыңызды төлеңіз!» деп дікеңдейтін сот орындаушылардан да осылайша зорға құтылдым. Ешкім мені қоңырау шалып, мазаламайтын болды. Осы тұста айта кетейін, менің мәселем газеттегі құқық тақырыбын жазатын тілшінің бақылауында болды. Сау болсын, өзін Майра Оразғалиева деп таныстырған қызым біресе сотпен, біресе полициямен екі ортада «алтын көпір» болып, күрмеулі түйіннің оңынан шешілуіне үлесін қосты.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді ғой. Жаңа жылда ата басылымның шығармашылық ұжымына алғысымды айтамын. Әрдайым қаламдарыңыз ұшқыр, ойларыңыз жүйрік, халықтың шексіз алғысына бөлене беріңіздер!

Төлен ЖАЛҒАСБАЕВА,

білім саласының ардагері,

Еркінқала ауылдық округі

Атырау қаласы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button