ЕСКЕРТКІШТІҢ ЕҢ ҰЛЫСЫ – «ТАСТӨБЕДЕ»!..
Жалпы, ежелден табиғаты қатаң аймақта Қиғаш бойы «Екінші Швейцария» делінеді. Кім осындай атау беріп, айдар таққанын қайдам, әйтеуір, тауып айтылған. Азғыр маңында бұрын да болып жүрміз ғой, бұл жолы да тікұшақтан төменге көз салғанбыз. Биылғы мол жауынның әсері ме, кең дала қалы көрпе жамылғандай. Жылғаланып ағып жатқан өзекшелер көрінеді. Бұл – аудан орталығынан 300, Атыраудан 600 шақырым, Ресеймен шекаралас өңірдегі табиғат көрінісі. Ал, Ганюшкиннің маңы ше? Балығы тайдай тулаған өзендері және көкорай шалғыны көз тартпай ма? Тіпті осында түрлі демалыс орындарын ұйымдастыруға өзі-ақ сұранып тұрған жоқ па?
Мұның бәрі сенатормен бірге сапар кезінде тағы да ойға оралды. Қоржында біраздан бері жатқан қағаздарымызды қолға алдық. Әсіресе, әріптесіміз Таңатар Дәреловтің редакцияға жолдаған жазбалары өз білігімізді толықтыра түсті.
Қиғаш бойында жергілікті жұрт «француздар демалатын орын» атап кеткен жер бар. Әрине, мұнда сонау Еуропаның төріндегі Франциядан ешкім ат арытып жетпейді. Тек кірпияз халықтың барынша демалғанды тәуір көретіндігінен айтылған. Ал, шындығында, осы алақандай әдемі жерге шенділер мен шекпенділер, қалталылар мен қауқарлылар ара-тұра құс атып, балық аулауға жиналады. Яғни, тура мағынасында жабайы демалыс ұйымдастырады. Қарапайым пенденің мұнда аяқ басуына тыйым салынған.
Енді осы ерекше орындағы демалысты заңдастырып, халыққа қолжетімді етсе ше? Әрине, ақылы негізде. Олар да туған табиғаттың сұлулығына сүйсініп, рахатына кенелуі керек емес пе? Сөз жоқ, сенбі және жексенбі күндері келушілер табылар еді.
Мұндай заңдастырылған шараның тағы бір тиімділігі – жергілікті кәсіпкерлікті дамыту. Алдымен, құрылыс жүргізіп, жаңа нысандар тұрғызуға болады. Жергілікті материалдар да жеткілікті. Мәселен, осында кірпіш күйдіру зауыты жұмыс жасайды. Қамыс тоқуға, саман тас соғуға мүмкіндік бар. Арнайы құрылыс бригадасын ұйымдастырса, біраз адамға жұмыс та табылып қалады.
Одан әрі, демалушыларды көлікпен қамтуға болады. Мұны да заңдастырып, тасымалды жолға қойған жөн. Оның ар жағында дастархан мәзірін әзірлеу, суретке немесе бейнекамераға түсіру, спорттық және мәдени шараларды ұйымдастыру тәрізді толып жатқан шаруа бар емес пе? Әлгі демалыс үйлерін тұрғызса, адамдар ат арытып алысқа шаппас еді ғой.
Осы орайда жергілікті жұрт Шора өзенінің бойындағы Зормата өңірін жандандыруды қалайды. Сайы мен саласы көкке малынған бұл жер аса ғажайып. Тал-терегі де сонау тоқырау жылдары ара-балтадан аман қалған. Жасыратыны не, Махамбет ауданының Алмалы елді мекені тұсындағы ағаштар отынға пайдаланылып кеткен жоқ па? Халыққа табиғи газ тартып бере алмаған кінәсін сезінді ме, жергілікті билік те жұрттың бұл қылығына мән бермеген. Ал, Зорматада байырғы бәйтеректер әлі жайқалып тұр. Әттең, сол сұлулықты санаулы адамдар ғана сезінуде.
Құрманғазыда көз сүйсінтер жерлер көп. Оларға жұрт ұйымдасқан түрде емес, жалқыланып жабайы барады. Барады да маңайын бүлдіреді. Мәселен, құдіретті Құрманғазы баба туған Сағырбай қыстағы тұсында домбыраның алып ескерткіші орнатылған. Қазақтың киелі саз аспабы ғой ол. Өзі алыстан көрінеді. Домбыраның қақпағына «Құрманғазы туған жер, ұлы майдан думан жер, жас ұрпақ ойға түйіп өт, басыңды мұнда иіп өт» деп жазылған. Әттең, кейбір есерсоқтар осы өсиетті орындамақ түгілі, төңірегін қоқысқа толтырыпты. Кім қашан жинап алар екен?
Әнұранымыздың авторларының бірі Жұмекен Нәжімеденов дүниеге келген Қошалақ құмының қасиеті өз алдына бөлек әңгіме. Оның да тылсым тарихы бар. Жұмекеннің әкесі Сабыржан соғысқа аттанғанда Нәжімеден қарт ұлының табанын сорға таңбалап, сол жерге үлкен қазан төңкеріп қойған екен. Майдандағы ұлын сағынғанда қазанның шетін көтеріп, табанының ізі қалған сорды иіскепті. Шіркін-ай, жүректі сыздатқан сағынышты осылай да басуға болады екен ғой.
Ал, енді Жұмекен жырында айтылғанындай, төңіректе толған сор. Сонда Сабыржан табанының ізі қалғаны қайсысы? Нәжімеден қарт майдандағы ұлына «Сабыржан өзің кеткен орындамыз, Ашақтың айдын ирек сорындамыз» деген хатын қай жерден жазды екен? Іздеп кетсе, табылар ма? Жалпы, іздеушілер бар ма? Ал, Бесшоқының үңгіріндегі күңгірлеген дыбыс қайдан шығады? Арғы түбінен ешкімнің күй тартып отырмағаны кәміл. Бұл да – жұрт қызығатын жұмбақ.
Айтпақшы, Қошалақта Жұмекенге арналған ескерткіш белгі бар. Жергілікті жұрт оның жаңғыртылғанын қалайды. Бүгінгі күн талабынан тым төмен. Көмескі де қарапайым. Мұны сенатор Сәрсенбай Еңсегенов те көрген. Жаңарту қажеттігін айтқан. Әнұранымыздың авторына сай құрмет емес.
Өзендері сан тарамданып жатқан соң ауданда арал көп. Атаулары да әртүрлі. «Кеме қайтқан», «Балта», «Қамшау», «Жалғыз апан», «Талды», т.б. Солардың бәрінің арғы-бергі тарихы бар. Мәселен, «Бедір» аталатын арал – ақтар мен қызылдар ұрысының орны. Азамат соғысы кезінде жергілікті жаужүрек жігіттер кедейлерге көмектесіп, сыртқы жауға қарсы күресіпті. Соларды ақтар үлкен күшпен келіп қапияда қолға түсіріп, ақыры айуандықпен өлтіріпті.
Енді материалымыздың тақырыбындағы «Тастөбеге» оралайықшы. Бұл да – қасиетті жер. Елдік пен ерліктің, береке мен бірліктің сыналған орны. Осында Исатай-Махамбет сарбаздары ұрыс салған. Талай дұшпанды найзамен шаншып, қылышпен кескен. Өздері де оққа ұшқан. Соны бүгінгі ұрпақ біле ме екен?
Кезінде ақын-журналист
Таңатар Дәрелов:
Саздау жер қатып қалған
«Тастөбенің»,
Бетінен жүлге-жүлге
жас көремін.
Ақ сүйек қадамыңды
бастырмайды
Шабылған қидаланып
бас көремін.
Сынған қылыш, жебенің
ұштары бар,
Жалпылдақ қанға
тойған құстары бар.
Өліспей беріспеген
батырлардың
Ойылған белуардан
тұстары бар.
Сау түгіл, жетер шері тас
кереңге,
Исінер аспаннан бұлт
жас төгерде.
Сол күйде, сол көрініс
мәңгі қалған
Ескерткіштің ең ұлысы
«Тастөбеде»! —
деп жырлапты.
Бұған аларымыз да, қосарымыз да жоқ. Тек қасиетті өңірдің көргенді ұлдары өздеріндегі өнегелі орындарды орнымен тұтынса дейміз. Құрманғазыда да кәсіпкерлік жақсы дамыған. Табысын тасытып отырғандар бар. Солар күш біріктіріп, демалыс орындарын ашса, оң болар еді. Сөз жоқ, демалуға тілек білдірушілер табылады. Бүгінде жұрт тыстағы біраз жерді аралап шаршап, сырттан да сырт айнала бастаған. «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деушілер көп. Екінің бірі туған жердің табиғатына құмар. Ендеше, осы сәтті де тиімді пайдаланайық. Бұдан жергілікті бюджетке де азды-көпті қаражат түсер еді.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ.