Есіңде ме сол бір кез?
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде 35 жыл бұрынғы түлектердің кездесуі өтті.
Университеттің тарих-филология факультетін 1983 жылы тарих мамандығы бойынша бітірген түлектер алдымен Халел Досмұхамедұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ұлы ұстаздың рухына тағзым етті. Оқу ғимараттарын аралап, университет музейін тамашалады. Одан кейін бір кездері өздерінің кураторы болған тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Жеңісбек Мұстафиннің мерейлі 70 жасқа толуына орайластырылған шараға қатысты.
– Бізді маман етіп даярлаған Гурьев педагогика институты кейін Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне айналды. Міне, бүгін сол қасиетті ордамызға тобымызбен қайта оралып отырмыз. Білікті ғалым-ұстаздарымыз Ғазиз Алдамжаров, Хисмет Табылдиев, Ғиниятолла Нығыметов, Ғанибай Аманқосов, Күләш Қайырбекова, Ибат Кәмешов, факультет деканы Жиенбай Бақиев, Үркімбай Қыдыралин, Амангелді Шамғонов, Болат Баймұқашев, кураторларымыз Жеңісбек Мұстафин, Алтын Қапақова есімдерін құрметтейміз, — деді түлектердің атынан сөз алған «Ақтөбе-Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин.
Одан соң естеліктер кітабының тұсауы кесілді. Тарихшы мамандарға тәлім-тәрбие беріп жүрген ғалым-ұстаздардың бір тобына ҚР Парламенті жанындағы республикалық ардагерлер қауымдастығының қайырымдылық үшін берілетін «Сауап» медалі тапсырылды.
Дәулетқали АРУЕВ
Суретті түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.