Жарнама
МәдениетҚоғам

Есенжол Домбаевтың шығармашылық кеші өтті

Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында белгілі жазушы-драматург, сатирик, аудармашы Есенжол Домбаевтың 80 жасқа толуына орай өткен шығармашылық кеш осылай аталды. Кеш әйгілі сатириктің Махамбет атындағы қазақ академиялық театры әртістері дайындаған драмалық шығармасымен ашылды. Шараға облыс әкімінің орынбасары Нұрсәуле Сайлауова қатысып, талантты драматургтің ұлттық әдебиетке өлмес мұра қалдырғанын,  өзінің дарынды перзентін халқы ұмытпайтынын, ендігі жерде оның екінші ғұмыры басталғанын айтып, кіріспе сөз сөйледі. 

«Жайықтың жайсаң перзенті»

Әдеби кешке Алматыдан арнайы ат басын тіреген Қазақстан Жазушылар Одағы Басқарма Төрағасының орынбасары, көрнекті қаламгер Мереке Құлкенов жазушының шығармашылығын, оның өзгелерден ерек дарынын баса айтты. Сондай-ақ, құрметті қонақтардың қатарында жазушы-драматургтің жары Сәуле Ғайнеденқызы, ұлы Қуат Домбаев, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қоғам қайраткері, жазушы Әбіш Кекілбаевтың жары Клара апай, қазақтың ұлы ақыны Қадыр Мырзалиевтің жары Салтанат апай және сатирик-жазушы Ғаббас Қабышев болды.

Атырау облысының Индер ауданындағы Шолақ Шағыл деген жерде 1938 жылғы 2 мамырда дүниеге келген ол осы ауылдағы Елтай орта мектебін 1956 жылы бітірген соң, Алматыдағы «Қазақфильм» киностудиясында, НИИАТ-та жұмысшы болған. Жүрегіндегі өнерге деген махаббаты мен бойына Жаратқанның берген ерекше таланты оны жетелеп Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының театр факультетіне әкеледі. Аталған оқу орнын 1961 жылы бітірген. Бұрынғы «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде, «Ара» журналында, «Жаңа фильм» киностудиясында әдеби қызметкер, фельетонист, бөлім меңгерушісі, аға редактор, бірлестік директоры болып қызмет атқарды. Жұмыс жасай жүріп, ҚазМУ-дің журналистика факультетінде сырттай оқыған.

«Жайықтың жайсаң перзенті»-2

Студент кезінен-ақ талантымен танылған ол 1957 жылы Әліби Жангелдиннің Қазан қаласындағы діни семинарияда оқып жүрген кезінен «Алғашқы сабақ» атты бір актілі драмасын жазады. Аталған пьеса республикалық бәйгеде екінші сыйлық алған болатын. «Біздің ауылда қызықтар бола береді», «Өтірік әңгіме» атты комедиялары облыстық театрларда қойылған. «Кешегі күннің күркілі», «Тәуелсіздік таңы» (2008) пьесаларын жазды. «Ұрпақ қамы» киносценарийінің авторы.

Сонымен қатар, аудармашылығымен де есімі елге мәшһүр болған  Есенжол Домбаев Н.Гогольдің «Мұрын» повесін, М.Салтыков-Щедриннің «Бір қаланың тарихы» романын, серб сатиригі Б.Нушичтің «Менің өмірбаяным» туындысын аударған, болгар сатиригі Чудомирдің «Ескерткіш» деген атпен шыққан әңгімелерін, түрік сықақшысы Әзиз Несиннің әңгімелерін қазақ тілінде сөйлеткен. Повестері мен романында қоғамдағы келеңсіз жағдайларды сын найзасымен түйреген ол «Сатираның атасы» атанды.

Ал, оның «Декретке дейін» пьесасы – айырылмас достар  Сейітқали Меңдешов пен Халел Досмұхамедов өмірінен жазылған тұңғыш тарихи көркем шығарма. Кештің соңында Есенжол Домбаевты еске алу мақсатында ұйымдастырылған халық театрларының облыстық фестивалі қорытындыланды. Фестивальдің «Үздік актері» болып Қызылқоға аудандық «Самал» халық театрының режиссері Алмас Қарабалин танылса, «Үздік актриса» ретінде Дамбы ауылындағы Амангелді атындағы халық театрының  актрисасы Гүлзада Есмұханова аталды. Фестивальдің Гран-При жүлдесін Индер аудандық «Ақ Жайық» халық театры жеңіп алса, бірінші орын Құрманғазы аудандық театр труппасына бұйырды. Ал, екінші орынды Қызылқоға аудандық «Самал» халық театры иеленсе, үшінші орынды Исатай ауданынан келген «Аққыстау» халық театры қанжығасына байлады.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button