ЕРТІСТЕГІ ЕРЕК ДЕРЕК
Ертіс өңірі Ақкөл-Жайылманың ел басқарған көрнекті азаматы Әбілхақ Түгелбаев бір мәслихат кезінде оңашаланған бір сәтте: «Әнеке, біздің Ақкөл-Жайылмада тұратын туыстарымыздың арасында өздерін Исатай-Махамбеттің сарбаздары Есенгелді, Қараманнан өрбітетін аталар бар. Бір келіп, танысып кетсеңізші!» — дегені бар-ды. Құлағым елең еткенмен, елпілдей қоймағаным есімде. Өйткені, кезекті «Көк түріктері» кітабымның малтықпасынан бас көтере алмай жатқан кездерім еді. Ауыр да азапты еңбекті тәмамдап, уһ дегенімде, бұдан бір-жар жыл бұрын Әбілхақ азамат құлаққағыс еткен әңгіме есіме сап ете қалды. Апыл-ғұпыл жиналып, жолға шықтым.
Екібастұздан қарсы алған Әбілхақ қазір Павлодар қаласында тұратын, біз ат басын тірегелі келе жатқан Ақкөл-Жайылманың белгілі азаматтары: бұрынғы совхоз директоры, Екібастұз ауданы әкімінің орынбасары, қазіргі кәсіпкер Қабиденов Рамазан, жергілікті жазушы-қаламгер Қоғабаев Жұмағали, Павлодар қаласы телеарнасының радио-теле журналисі Бижанов Жұмасейіт, ардагер ұстаз Нұрмағамбетов Хамит, Екібастұз қаласы жерге орналастыру мекемесінің директоры Марат Махметов, Екібастұз қаласы «Отарқа» газетінің редакторы Жассерік Сәдуақасовтарды ілестіре шыққан екен. Астана — Павлодар тас жолы жиегіндегі далалық кафеде дәм-тұз татып, мәслихаттасып отырғанымызда жұбайы Амангелді, немересі Асқарды ілестіріп зейнеткер ұстаз Теңдік Әйтімқызы Бекбатырова да жетті. Ізденісіміздің түп қазығы мен сапарымыздың басты кейіпкері осы кісі екен. Ауруханадан екі сағатқа сұранып шығыпты. Дауысы бір шығып, бір шықпай сыбырлап сөйлейді. Әңгімесін мұқият тыңдап, суретке түсіріп, таспаға тарттық.
1838 жылғы 12 шілдесіндегі Исатайдың Ақбұлақ шайқасынан кейінгі қайғылы ауыр суреттер ойда қайта оянады. Ақбұлақ шайқасында Исатай-Махамбеттің 60-80 сарбазы шейіт болды. Он бестейі жаралы жағдайда қолға түсті. Бұдан кейінгі жылдары көтеріліс сарбаздарының ізіне түсіп індетіп, тұтқындау әрекеттері асқындады. Шайқаста өлгендер мен жазаланғандар — 100 адамның шамасы. Ал, Исатай болса, Ақбұлақ шайқасына көтеріліс жолдарында әбден сірідей қатып шыныққан «мен атайын — сен тұр» 500 сарбазбен енген-ді. Иә, жеңілістен кейін олардың тірі қалғандарының бір бөлегі Маңғыстау Адайлары арасында бас сауғалағанынан, Хорезм, Хиуаға асып кеткендерінен, Астрахан қашқандарынан хабарымыз бар . Махамбет, Үбі сияқты көтерілістің екінші, үшінші тұлғалары қазақ арасында жүріп көпке дейін қолға түспегені және белгілі. Ал енді, Ақбұлақ шайқасынан кейін көтерілістің белді тұлғаларының қайсыбірінің Ерейментау өңірі Өлеңті, Шідерті өзендері аңғарындағы әйгілі Ақкөл-Жайылмаға шығандағаны үш ұйықтаса түске енбеген тосын жағдай еді.
Исатай-Махамбет көтерілісі туралы зерттеулер, солардың ықпалымен біз де Исатай батырдың жақын туыс інісі, әрі көтерілістің бастан-аяғына дейін Исатайдың оққағары болған Есенгелді батыр Ақбұлақ шайқасында шейіт болды деп айтып, жазып келдік. Әйгілі батырдың аты тұтқындалып, жер мойны алыс-жат жер Финляндияға айдалған сарбаздар тізімінде болмауы, Ақбұлақ шайқасынан кейін ол туралы мәліметтің ұшты-күйлі үзілуі осындай қорытындыға келуге мұрындық болған-ды. Сөйтсек, Есенгелді батырдың өлмегені, Ақбұлақ шайқасынан кейін де біраз от оттап, су сулағаны енді ғана мәлім болып отыр.
Ал, енді Есенгелді батыр туралы тарихи, шежірелік дәйектемелерге жүгінсек: төменгідей аужайды аңдаймыз. Исатай-Махамбет көтерілісіне арқа тірек болған, көтерілісті бастаған да, аяқтаған да Беріш тайпасының Жайық Беріш руы. Жайық Беріш руы – Дәулет, Тыныс, Наурыз, Бақалай болып төртке бөлінеді. Осындағы Наурыздан – Тілеуке. Тілеукеден– Ағатай, Шағатай, Есіркеп. Ағатайдан – Айболат, Қауат, Атабас, Боқай, Жәнібек, Сәрікпен. Боқайдан – Бегәлі, Бегәліден – Тайман, Тоғай, Жабал. Тайманнан – Исатай. Ал, Наурыз аталығының үшінші әулеттік тармағы Есіркеп болса, Есіркептен –Сарт пен Жанғабыл. Сарттан – Жүзбатыр, Жүзбатырдан – Үртік, Үртіктен – Құсқара (шешесінің аты – Қызғалдақ). Жаңғабылдан – Қаржау, Қаржаудан – Есенгелді, Есенгелдіден – Байбосын. Байбосын 1837 жылдың 24 желтоқсанында сұлтан Баймағамбет бастаған қуғыншылардың қолына түсіп, айдауда өлді. Одан Болдық деген жалғыз қыз қалған еді. Кейін үлкендер «Исатайдың жан серігі Есенгелдіден қалған тұяқ еді» деп, Исатайдың кенже ұлы Әлфиярға қосып, одан осы әулеттің көрнекті өкілі Дина шешей дүниеге келген.
Беріш руының көзі ашық белгілі білімпаз ақыны Ы.Шөрекұлы Исатай-Махамбет көтерілісі туралы мол мәлімет жинақтаған. Оның қолында Исатайдың архиві де болған. Сол деректемелер негізінде туысы Халел Досмұхамедовтың айтуымен «Исатай-Махамбет» дастанын жазған ғой. Дастанда көтеріліс батырларына арналған толғауда:
Есенғұл Үбі, Таңатар,
Есенгелді, Құсқара,
Есенаман, Шекшекей,
Балуан Тәни қасында,
Алман, Тоғай, Ерсары,
Қожахмет, Қалдыбай,
Әскердің түсті алдына-ай! –деген ғажап жолдар бар. Ығылман Есенгелдіні көтерілістің бас батырлары қатарында жырлаған. Есенгелі туралы деректі әңгіме де осы Ығылман Шөрекұлы төңірегінен шаң берді. Зерттеуші Нәубет Көшекбайұлы кезінде Ы.Шөрекұлының туысы, Миялы ауылының тұрғыны Орынбай Жақсығұлұлынан төмендегі әңгімені жазып алған.
1837 жылдың қарлы боранды желтоқсанының соңғы күндерінде Жемге ентелген Жақия бастаған жас батырларды өкшелей қуып жетуге қалғанда, қуғыншыларды жолдан бөгеп алаңдату үшін Исатай, Махамбет, Есенгелді бастаған төрт-бес батыр Баймағамбет сұлтанның алдын орағытып, Тайсойғанға қарай ат басын бұрады. Баймағамбет оларды қуа түскенмен, батырлардың алдырмайтына көзі жетіп, бетінен бұрылмай қаралары еміс-еміс көрініп бара жатқан жас батырлардың ізінен қалмайды.
Аттарын талға байлап, қарастында түнеп шыққан батырлар Тайсойған екі арада қыстайтын Сәмәмбет, Шығанақ батырлардың ауылын іздеп тауып, жан сауғалайды.
Исатай қонақасы дастарханы үстінде Есенгелді батырға көбірек ілтипат білдіріп отырады. Соны байқаған Шығанақ батыр бойы шарғылау Есенгелдіні көзі қораш көрді ме, жоқ әлде әзіл үшін бе: «Япыр-ай, батыреке, ханға қарсы барғанда, сүйенген ерқараң мына қасыңдағы ма?» депті.
Исатай қабырғада ілулі тұрған садаққа қарап: «Мынау кімдікі?» дейді. Шығанақ «Менікі!» деген. «Кірісі қатты бұл садақты қалай идіңіз?» дегенде, Шығанақ қалай игенін айтады. Өзі, баласы, әйелі жабылып ие алмаған соң, төрт жерге қайыңнан қазық қағып, тұттан бұрау салып, шаққа иген екен. Исатай: «Ендеше, сол садақты Есенгелдіге алып беріңізші!» дейді.
Есенгелді жаққа түрікмен жүзді жебе салып созған кезде, садақ екі бүктетіле жаздаған. Есенгелді садақты Шығанақтың кеудесіне кезегенде, Шығанақ «батыреке, сауғалап» шалқасынан құлай кеткен. Ол кезде оқталған соң қайтуға болмайтын, кезенген соң атпауға болмайтын ырым бар-ды. Шығанақ: «Есіктің босағасында ілулі тұрған саптама етігімді ат» депті. Есенгелдінің жебесі қара бұланның терісінен тігілген, айыр шаптан келетін қос етікті қатар тесіп өтіпті.
Исатай сонда айтыпты-мыс: «Жанымдағы 40 батыр бір басқа, Есенгелді бір басқа. Көзге қораш көрінгенмен, бір өзінде 40 кісінің күші бар» деп.
Міне, Есенгелдіні Исатай осылай бағалаған. Сол Есенгелдінің дерегі 176 жылдан кейін қайтадан шаң беріп отыр.
500 қолдық жасағы орыстың жазалаушы әскері Геке мен Баймағамбет сұлтанның біріккен күштерінен жеңіліп, жаудың жеті адамын өзімен бірге жастық қып ала кетіп, қан майданның ортасында Исатай батырдың өзі өлетін Ақбұлақ шайқасы 1838 жылдың 12 шілдесінде болды.
Ақбұлақ шайқасында тірі қалғандардың басым көпшілігі Жем өзеніне қарай ойысты. Ал, бұл өңірдегі сенімді бойтаса Борсық құмы еді. Ал ол болса, Шекті Тілеу, Қабақ руларының, атақты басшысы Есет Көтібарұлының қонысы еді. Есет Көтібарұлы Исатайға 5000 жасақпен көмекке келуге уәде етіп тұрып, шекаралық жанжалдың салдарынан Ақбұлаққа дер кезінде жетісе алмаған-ды.
Міне, Исатай мен көтеріліс батырларының көпшілігін жауға алдырған Есенгелді мен Қараман осы Тілеу-Қабақ ауылдарында жан бағады. Бұл елде енді бастарына тыныштық болмайтынын ұққан қос батыр ат аяғын алысқа салуға бекінеді. Өлеңті мен Шідертінің төменгі құйылысы Ақкөл-Жайылмадағы Әжібай-Қанжығалы болысының басқарушысы Дәнен бидің ауылын іздеп шығады. Дәненнің бәйбішесі Тілеу-Қабақ руының қызы екен. Асылы, Есенгелді мен Қараманды жолға салып, алыс сапарға аттануларына осы Тілеу-Қабақ ауылдары селбеу болса керек.
1839 жылдың көктемінде батырлар Дәнен би ауылына жетсе, олар жайлауға шығып кеткен екен. Сұрастыра отырып, шұбырған сүрлеудің ізімен Ақкөлге жетсе, ауылда үлкен мәжіліс болып жатыр екен. Ат ағашта орын болмаған соң, есік пен төрдей көк бестінің мойнына шылбырларын іле салып, ішке еніп, жүгініп сәлем береді. Киім киістері, түр түстері бөлек, ұзақ жолдан беттері шаңытып келген бейсеубет тосын жолаушылардан Дәнен би жөн сұрайды. Бұлар жөндерін айтқанда:
— Батырлар аман ба? – дейді Дәнен елегізіп.
— Батырлар өлді…
— Әттеген-ай, арыстан Исатай өлген екен ғой! – деп Дәнен би иығынан шөгіп көзіне жас алады.
Қазақ жерінің бірі бір қиырында, екіншісі екінші қиырында жатса да, Дәнен би әскерін қаптатқан ақ патша, оның жандайшаптарына айналған хан тұқымдарымен екі жақтап жағаласып жатқан Исатай, Махамбеттердің қиқулы дүбірінен хабардар екен. Жайсыз хабардан бүк түсіп ұзақ отырып қалады.
Батырлар жағдайларын айта келіп:
— Батыр Қанжығалының елі ғой деп, екінші жағынан жездеміз ғой деп, өзіңізді пана тұтып келдік. Көйлекті балам деп қабыл ал, — дейді.
Дәнен би нөкерінің бірін келген жолаушылардың аттарын қалай байлағандарын біліп келуге жібереді. Қанжығалылардың сондай ырымдары бар екен. Сөйтсе, екі батыр да аттарын Дәненнің көк бестісінің мойнына қосақтаған екен. Есенгелді мен Қараманды тоғыз баласына қосып, бала қылып алады. Би өз қонысы Ақкөлдің іргесіндегі айдын шалқар көл мен көлдің іргесіндегі шүйгінді Шұға жайлауын қонысқа береді. Олар тұра келе Тентек Қанжығалының Дәнен аталығының адамдарына айналады.
Дәнен – Арғын Қанжығалының белгілі адамы, Әжібай–Қанжығалы болысының болыс басқарушысы. Ол туралы 1842 жылдың 24 тамызымен таңбаланған «Рапорт Акмолинского внешнего окружного приказа в Пограничное управление сибирскими киргизами. №3227» құжатта: «Данен Токтаров – би, 73 лет. Кроток, порядочные способности. Зажиточен. Аджибай — канжигалинской волости, рода айтуар, отделение тентек. С 1836 года и доныне управляет волостью по званию волостного управителя. В 1839 г. за усердие и услугу правительству награжден похвальным листом от г. правящею должность пограничного начальника полковника Ладыженского. Летние кочевки при урочищах Джаим (Жайылма), Тобулды, Безкене, в растоянии от приказа 350 верст на восток, зимнее – при урочище Аккуль, Джаим, Безтуз, Кандыкуль в растоянии 350 верст на юго-восток». Осы мәтін Ақмола дуанының 1844 жылдың 14 наурызында Шекара басқармасына жолдаған №2182 ақпарында өзгеріссіз қайталанып, жасы 74 жаста деп көрсетілген. Демек, көлденең тартылған екі құжат та оның 1769 жылы туылғанын куәландырып тұр.
Сонымен, Ақбұлақ шайқасында көтеріліс басшысы Исатайдан, жауынгер жолдастарынан айырылып, салт бас, сабау қамшы келген Есенгелді мен Қараманды Дәнен болыс үйлендіріп, үй ғып жібереді. Қараман туралы дерек жоқ, Есенгелдінің ұрпақтары Еділ-Жайықтан жырақта Ақкөл-Жайылмада жапырақ жаяды.
Осыдан бір-жар жыл бұрын Павлодардан жарық көрген «Қанжығалы шежіресі» кітабына Есенгелдінің Әлібегінен тараған Темірбай қажы ұрпақтары еніп, Есенгелдінің Шүрегей атты ұлыннан тараған Бекбатыр аталары енбей қалғанына бізге кеп жолыққан Теңдік Айтымқызы ренжулі екен. «Темірбай қажы атамыз өз көзі тірі болса, бізді қалдырмас еді. Омбыда, орыс арасында тұрып, елге жақында көшіп келген балалары не біледі?» — деп сөйлеген Теңдік біраз жайдың бетін де ашып тастады. Елге оралған ұрпақтары Темірбай қажының басын көтеріп, ел жиып ас берген соң, шежірешілер сол аталыққа ғана көңіл аударыпты.
Теңдік бір парақ қағазға басылған Исатайдың оққағары Есенгелді батырдан тараған ұрпақтар шежіресін қолыма ұстатты. Онда былайша кестеленіпті:
Есенгелді батыр – одан Тоқсейіт, Бексейіт, Шүрегей, Әлібек, Сексенбай.
Тоқсейіттен – Рахима (қыздар курсивпен терілді).
Бексейіттен – Қайыргелді, Қожагелді, Төрегелді, Зайыргелді (Жазең). Қайыргелдіден – Қайыржан, Жасқайрат, Айман, Айжан. Жасқайраттан – Асылбек, Амангелді, Мұратбек, Гүлнар, Нұргүл, Роза, Сәуле, Айгүл. Асылбектен – Дәулет, Манарбек, Ерлан, Әселхан. Ерланнан – Мирас. Амангелдіден – Ербол, Ләззат. Мұратбектен – Дінмұхаммед, Мұхаммед. Қожагелдіден – Ұмсұнған, Қорлан, Жәния. Төрегелдіден – Үміт. Зайыргелдіден – Айсұлу.
Шүрегейден – Бекбатыр, Есбатыр, Қапиза. Бекбатырдан – Қыдырбай, Ерсайын, Айтым. Қыдырбай ұрпақтары Қытайда. Ерсайын – Семей балалар үйіне берілген, ұрпақтарынан мәлімет жоқ. Айтымнан – Рахметолла, Аспандияр, Қанапия, Бекболат, Тасболат, Оразбай, Қанат, Орынбасар, Серық, Теңдік. Тасболаттан – Бауыржан, Серік, Маржан. Бауыржаннан – Жәдігер, Жайнагүл, Жұлдыз. Серіктен – Дархан, Арлан, Мадияр, Ерасыл. Оразбайдан – Азамат, Дәуіржан, Мереке, Рымгүл, Әсемгүл, Айымгүл. Қанаттан – Азат, Жанат, Мұрат, Қуаныш, Ләззат. Азаттан – Молдыр, Мәдина. Жанаттан – Айдана. Мараттан – Манат.
Әлібектен – Темірбай қажы, одан Әубәкір, Сәрсенбай. Сәрсенбайдан – Сәкен, Қабдірашит. Қабдірашиттен – Серікбай, Ерсайын, Ерғазы, Бақытжан. Серікбайдан – Құсайын, Гүлнәр, Әйгерім. Ерсайыннан – Ерлан, Лаура, Динара. Ерғазыдан – Асылхан, Айтолқын.
Сапарымызда бір кезде іргесін Есенгелді ұрпақтары қалаған Шұға ауылында болдық. Қазір мұнда Есенгелді ұрпағынан ешкім тұрмайды. 1932 – 37 жылдардың нәубатында Қытай ауған, Омбы кеткен, ал қалғандары бертінде Екібастұз, Павлодар өндірістеріне қоныс аударған. Қыз да болса, еті тірі Теңдік Айтымқызы оларды тізімдеп, қайда екендерін біліп отыр. Олар байырғы атақоныс Шұға ауылында болмағанмен, әйтеуір облыс аумағында еңбектеніп, түтін түтетіп, бала-шағаларын өсіріп жатыр. Арғы бабаларының Есенгелді батыр екенін, оның Кіші жүзден келгенін ұрпақтары біледі.
Шұға ауылының іргесінде көненің көзіндей ескі зират бар. Ол барлық шындықты үнсіз жырғап тұрғандай. Жан-жағы темір шарбақпен қоршалған күтімді зират Есенгелді ұрпақтарынан басталған. Зираттың басы құлап, мүжіле бастаған, кейбірлерінің орны обаланып төмпеге айналған қи мен саз арасы қоңыр кірпіштен соғылған ескі молалар. Ауылдың көне көз қариясы Қайкен Қайыргелдин ақсақал Есенгелді ұрпақтарының жатқан жерін көрсетті. Бірақ, кімдердің жатқандарын түстеп таратып айта алмады. Жалпы, бұл зиратқа Есенгелді баласы Шүрегейден бастап қойылған сыңайда.
Ақкөл-Жайылма топырағын алғаш басқан Есенгелді мен Қараманның қайда жерленгенін ешкім айта алмады. Тек ардагер ұстаз, Павлодар қаласының тұрғыны Нұрмағамбетов Хамит: батырлар Қанжығалы арасына келіп жайғасқан соң, араға бір жыл салып, Қараман батыр Жайыққа барып, бала-шаға, қатындарын алып келген. Сонда ол келіншекті Қанжығалының ақсақалы Айтуарға әйелдікке әкеліп беріпті. Ол әйелдің аты Қосағалы екен. Айтуар қанжығалы арасындағы Қосағалы әулеті осы анадан өрбігендер.
Сапарымыздың соңында Өлеңті өзенінің батыс қапталындағы Есенгелді көлінде ұзақ кідірдік. Жанымызға ерген кісілер қазір суалып тартылған, қамыс-қоға өсіп кеткен Есенгелді көлінің баяғыдағы тамашаларын, бала кезде суына шомылып, балығын сүзгендерін, айналаның белуардан шалғын екендігін, елге келген қонақтарды осы көлге алып келіп, мәре-сәре болғандарын ұзақ жырғасты. Бұл көлді Дәнен болыс Есенгелді батырға басыбайлы сыйлаған екен. Әу баста аты басқа болғанмен, тұра келе Есенгелді көлі атанған.
Есенгелді де араға неше жыл салып, елді көріп қайтуға келгенде, ауырып өліп, Миялы–Сағыз аралығындағы Маңғыт деген жерге қойылған.
Осымен, бұл хикаяны тәмамдаса да болар еді. Бірақ, орайы келіп тұрғанда осы жолы айтпасам, басқа сәті түспес деп, тағы бір әңгіменің ұшығын шығармақпын. Ақкөл-Жайылма кең жайлау, Өлеңті мен Шідерті өзендерінің ағысы су аяғында бір-біріне жалғас-жалғас сегіз көлге айналады. Шалғыны белуардан, малға жайлы, жері шүйгін. Боталы түйе бой тасалағандай ну қамысы табиғи ықтасын. Ереймен, Баянауыл жұрты жазғы күндері осы кең алқапқа жетуге асығады.
Баянауыл жерінде Арғынның Сүйіндік тайпасына жататын Орманшы руының қонысы бар. Олар ерте кездерде Орманшы болысы, кейінгі аудандастырылуда Атағозы болысы атанған. Міне, осы орманшы руында шежірелері Беріштерге ұқсайтын аталар кезігеді.
Орманшы руы Өтек, Қайдауыл, Тілек, Тілес есімді төрт атаға бөлінеді. Осындағы Тілестен – Арықпан. Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы: жергілікті елдің Орманшыдан тарайтын Тілек пен Тілесті біріктіріп «Тілектілес» деп, көп жағдайда «Қасқыртымақ» деп атайтынын баяндай отырып, шежірелерін де таратады: Тілестен – Қасқыртымақ, Қасқыртымақтан – Арықпан, мұнан Шақұлан, Қосай, Қойбағар, Күшіген.
(Көпейұлы М-Ж. Қазақ шежіресі. 55 б. Мәшһүр-Жүсіп. Том 10. 44, 154, 299 бб.).
Ал, «Арғын» кітабы ( 3-кітап, 209 б.) жергілікті Павлодар шежірешілері – Алпысбес М.А., Аршабек Т.Т., Қасен Е.Б., Кейкі Е. авторларының «Көне Көктау, байырғы Баянауыл байтағының тарихы» еңбегіне сүйене отырып (400 б.) Арықпан аталығының төменгідей шежіресін ұсынады:
Арықпаннан – Қатаған, Шақаман (Шақұлан), Қойбағар, Қосай, Нарынбай. Қатағаннан – Бекет, Жылқыайдар. Шақаманнан – Есіркеп, Қызылтау. Қойбағардан – Кішкене, Жайлаубай, Шанақбай, Ораз. Қосайдан – Атан. Нарынайдан – Байқасқа, Тайқасқа, Нұрқасқа.
Аталмыш қауым өкілдерінің Баянауыл дуаны кеңсесінің Омбы облысы басшыларына жолдаған ақпарларында аты-жөндері, істеген істері туралы мәліметтер сақталған. Мәселен, 1842 жылдың 12 қазанындағы ақпарда:
«Бегендік Қызылтауұлы – би, 44 жаста. Адамгершілік ұстанымы мен мінез-құлқы күмәнді. Кедей. Орманшы болысының арықпан – тілес руынан. 1835 жылдан ауыл старшинасы. Мадақ, марапаты жоқ. 1838 жылы бүлікшіл Кенесары Қасымұлына қосылмақ болғанда, әскери старшина Карбышев отряды жолдан бөгеп, қайтарып әкелді. Орыс үкіметіне берілгендігі күмәнді. Жазғы жайлауы Еспе мекені арқалы солтүстік-батысқа қарай Итемген-Мамайға дейін, қыс қыстауы – Айыр-Кезекте» (История Казахстана в русских источниках. Том 8. 176 – 177 бб.).
«Жанты Ноғайұлы – би, 34 жаста. Бұлтақ. Дәулетті. Орманшы болысы қатаған-тілес руының биқақ қыстауы – бөлімінен. 1835 жылдан ауыл старшинасы. Марапатталған емес. 1838 жылы бүлікшіл сұлтан Кенесары Қасымұлына қосылмақ болғанында, әскери старшина бұлтақ, Карбышевтің отряды кері қайтарды. Үкіметке берілгендігін ештеңемен дәлелдеген жоқ. Жазғы жайлауы – Еспе мекені арқылы Итемген-Мамай көліне дейін, қыстауы – дуаннан 80 шақырым Қарашоқыда» (Сонда, 183 б.).
«Тумат Салдықұлы – би, 54 жаста. Жауыз, бұлтақ, ызақор. Дәулетті. Орманшы болысының есенғұл-қайдауыл руынан. 1838 жылдан ауыл старшинасы. Марапаты жоқ. Сотталған емес. Жайлауы – Итемгеннен батысқа қарай, қыстауы – дуаннан 85 шақырым Қарашошақта» (Сонда, 202 б.).
XX ғасырдың басында жүргізілген зерттеулер бойынша Арықпандар Атағозы болысының № 2 және 5 әкімшілік ауылдарында 180 адамның басын құраған.
Енді Еділ-Жайық, Нарындағы Беріштер шежіресіне келсек: Беріштің Байсейіт деген ұлынан – Қитас, Тілес туады. Қитастан – Жайық пен Есенқұл болғанда, Тілестен – Қаратоқай. Баянауылдағы Орманшы руының бір аталығы Арықпандар да Тілестен тарайды. Ал, Арықпанның өзі болса, Жайық Беріш – Дәулет, Тыныс, Бақалай, Наурыз болып тармақталғанда, Бақалайдан – Арықпан. Арықпаннан – Есназар, Сатыпалды. Бұл екеуінен – Кәтей, Шұбар, Айбас, Құттығай, Жанұзақ аталықтары. Ал, Баянауылдағы Орманшы руының бір тармағы осы Арықпан атымен белгілі. Олардың шежірелерінде Беріш руының аталықтарымен ұқсас Тілес, Арықпан, Шақаман (Шақай), Есіркеп, Есенқұл, Қосай аттары кездескенмен, түгелдей қайталап тұрған жоқ. Олай болуы да заңды. Орманшы арасына Арықпан боп келген Беріштің шағын бір тобы жаңа жерде өсіп, көбейіп, жаңа аталықтарға бұтақтанған. Бұл қауымның арғын-орманшы аралығына ертерек келіп, түп шежірелерінен орын алғаны анық байқалады. Олардың ертерек бір кезеңдерде Беріштен ажырап кеткен жұрт екені дау туғызбайды. Олар орманшы руы арасында еш бөтендік көрмей, өз алдына жеке арықпан аталығы болып тірлігін жалғастырып келеді.
«Елге ел қосылса — құт» дегендей, ағайынды іздеп тауып, араласамын деушілер шыға қалса, нұр үстіне нұр да!
Әнес Сарай,
Қазақстанның Халық жазушысы,
Мемлекеттік сыйлықтың иегері.
Мен Дәнен бидің тікелей ұрпағымын Шұға аулының тумасы