Жарнама
Қоғам

ЕРТІС ПЕН ЕДІЛДІҢ АРАСЫ

 

Сол себептен де, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тарих толқынында» атты кітабында  «Қазақ хандығы Орталық Азия аумағындағы алғашқы ұлттық сипаттағы мемлекет болды» дейді. Расында, ұлы далада Алтын Орда ыдырағаннан кейін көптеген хандықтар, мемлекеттер пайда болды. Бірақ, олар өздерінің атауын көп жағдайда билеуші әулеттердің есімімен байланысты атаса, Қазақ хандығы Отанымыздың негізін қалап отырған ұлағатты ұлтымыздың атымен аталды.

Қазақ хандығының құрылу тарихына байланысты жазылған тарихи зерттеулер мен әдебиеттердің бәрінде хандықтың негізін салушылар Керей мен Жәнібек хандар деп айтылатыны белгілі. Дегенмен, Қазақ хандығы құрылған кездегі көне шығармалардағы деректердің аздығы, тарихи шығарманың жоқтығы хандық дәуір кезіндегі оқиғаларды кеңінен зерттеуге қолбайлау болып отыр.

Ал, қолданыста жүрген көне тарихи еңбектер көрші хандардың тарихшыларының өз хандықтарының тарихына арналған шығармалары. Мәселен, Мұхаммед Шайбанидің «Тауарих-и гузида-ий нусратнамасы» (1502), Молла Шадидің «Фатханамасы» (1502) және басқаларда Қазақ хандығына байланысты үзінді-кесінді тараулар ғана жазылған. Бұлардың кейбіреуінің арқауы ауызша жеткен деректер.

ХVІ ғасырдың басында Фазаллах Рузбихан «Михман-наме Бұхара» атты шежіресінде өзбектерде (Ақ Орда) үш халық бар, олардың біріншісі шайбаниттер, екіншісі маңғыттар, үшіншісі, ең көбі және ең батыры қазақтар деп жазып қалдырған. Тарихшы В.В.Вельяминов-Зернов «Шығыс Дешті-Қыпшақтың көшпелі тайпаларының бір бөлігінің Жошы ұрпағы Керей мен Жәнібектің басшылығымен Шу мен Талас өзендерінің жазығына көшуі Қазақ хандығы құрылуының бастауы болды» деп нақты дерек қалдырған.

Ал, Қазақ хандығының Геродоты атанған ғұлама тарихшы, ойшыл ақын Мұхаммед Хайдар Дулати бүкіл әлемге қазақ деген халық бар екенін мойындатып, оның мемлекеттік тарихы ғасырлар тереңінен тамыр тартатынын «Тарих-и -Рашиди» еңбегі арқылы дәлелдеді.

1456 жылы яғни, XV ғасырдың 50 жылдары Қазақ хандығының шаңырақ көтеруіне негіз болған Ақ Орданың ханы Барақ ханның баласы Жәнібек пен немере ағасының баласы Керей Қозыбасы жеріндегі «Хан тауы» шыңына алғашқы қазақтың шаңырағын тікті. Әкесі Барақ Ақ Орданың соңғы ханы болды. Шыңғысхан әулетінен шыққан, Құйыршық ханның баласы, Орыс ханның немересі. Барақ хан сол кездегі Сығанақ қаласының өсіп-өркендеуіне атсалысты. 1427 жылы Сығанақ қаласының маңында Ұлықбек әскерімен Барақ әскерінің үлкен шайқасы болып, Ұлықбек әскері шығынға ұшырап жеңіліс тапты. 1428 жылы Ақ Орданың ханы Барақ ішкі феодалдық қырқыста қаза болған соң, Ақ Орда мемлекеті ыдырап, ұсақ феодалдық иеліктерге бөлінгенде өкімет үшін өзара қырқыс үдей түсті. Бұрынғы Ақ Орданың орнына Әбілхайыр құрған «көшпелі өзбектер» мемлекеті пайда болды. Осы мемлекеттік территориясы XV ғасыр орта шенінде Сырдариядан Сібір хандығына дейінгі ұлан-байтақ жерді алып жатты. Алайда бұл мемлекеттің ішінде өкімет үшін күрес бір сәтте де толастаған жоқ. Әбілхайыр хан өзінің саяси дұшпандарын Жошы әулетінен шыққан сұлтандарды қудалауын тоқтатпады. Өкімет үшін күрес барысында Дешті-Қыпшақтан өздерін қолдайтын жергілікті күш таба алмаған Орыс ханның немерелері Жәнібек пен Керей XV ғасырдың 50 жылдарының орта шенінде қарамағындағы ауылдарымен Шу өзенінің бойына көшіп кетуге мәжбүр болды.

Қазақ хандығының өз алдына жеке дербес хандық болып шаңырақ көтерген жылы сол Әбілхайыр хандығынан бөлінген 1456 жыл деп нақты айта аламыз. Алғашында Қазақ хандығының территориясы батыс Жетісу жері, Шу өзені мен Талас өзенінің алабы еді. Ежелден осы алапты мекендеген тайпалар Дешті — Қыпшақтан қоныс аударған қазақ тайпаларымен етене араласып кетті. Әбілхайыр хандығындағы аласапыран соғыс салдарынан күйзелген қазақ тайпалары бұл араға келіп экономикалық тұрмысы түзеле бастады.

Керей мен Жәнібек шаңырақ көтергенде Әбілхайыр хан тепкісінен құтылу үшін XV ғасырдың 60-70 жылдарының аяғында Жетісу өңіріне 200 мыңдай тайпа көшіп келді. Осы кезде Қазақ хандығының беделі өсті. Сонымен қатар, көшпелі елдің отырықшы-егіншілігі көркейген аудандармен, әсіресе қолөнері мен саудасы дамыған экономикалық орталық – Сырдария жағалауындағы қалалармен сауда-саттық қарым-қатынасқа қолайлы жағдай жасау маңызды мәселеге айналды. Бұл қарым-қатынастың  оңалуына көшпелі ел ғана емес, отырықшы аймақтардағы халықтар да мүдделі болды. Осы жоғарыдағы жағдайлардың талабына сай, Қазақ хандығының алдында үш басты міндет тұрды.

Олар мал жайылымдарын бұрынғыша пайдаланып, Дешті-Қыпшақ территориясына ие болу (бұл тәртіп Әбілхайыр хандығындағы аласапыран кезінде бұзылған еді); қазақтың сол кездегі Шығыс пен Батыс сауда керуен  жолы үстіне орнаған Сыр бойы, Сығанақ, Созақ, Отырар, Яса (Түркістан) т. б. қалаларының жеріне ие болу; Сыр бойына мал шаруашылығы мен  сауда әскери база ретінде өзінің үстемдігін жүргізу. Сондықтан, бұл қалалардың саяси-экономикалық және соғыс-стратегиялық маңызы зор еді. Және қазақ тайпаларының басын қосып, қазақтың этникалық территориясын біріктіру болды.

Қазақ хандығының құрылуы қазақ халқының тарихында төтенше маңызды оқиға болды. Ол ұлан-байтақ өңірді мекендеген қазақ тайпаларының басын қосып шоғырлануда, қазақтың этникалық территориясын біріктіруде, қазақтың байырғы заманнан басталған өз алдына жеке ел болып қалыптасу жолындағы  аса маңызды және түбегейлі шешуші роль атқарды.

Нұргүл ХАМИЕВА,

Атырау облысы тарихи-өлкетану мұражайының бөлім меңгерушісі.

Қазақ хандығының тарихын зерттеуде қазақ тарихшылары Ә.Хасенов, М.Тынышбаев, Б.Кәрібаев, Қ.Салғараұлы, М.Абусейітова, Қ.Құрманәліұлы, А.Қожамбекұлы, Ш.Толыбеков, Ә.Сарай, Т.Сұлтанов, Ж.Қасымбаев, З.Ғинаятұлының еңбектері де мол.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button