Жарнама
Қоғам

ЕРТЕҢ СОЧИДЕ ХХІІ ҚЫСҚЫ ОЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫ БАСТАЛАДЫ

 ХХІІ Қысқы ойындарда 3000-ға жуық спортшы спорттың 15 түрінен сынға түспек. Соның ішінде Қазақстанның абыройын асқақтатып, Туымызды көкте желбірету үшін 49 спортшы Ресей жерінде шеберліктерін сынамақ. Әлемдік додаларда үздік атанып жүрген қазақстандық спортшыларға жерлестері мол үміт артып отыр. 

Сочи Олимпиадасында ел намысын қорғайтын Ұлттық құрама сапындағы спортшылардың денін Шығыс Қазақстан облысының өрендері құрайды. Бұл өңірдің өкілдері шаңғы жарысы, биатлон, фристайл-могул, тау шаңғысы және сноуборд бойынша жарыстарға қатысады. Сондай-ақ, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, шана спорты, шаңғы қоссайысы, тұғырдан шаңғымен секіруден де қазақстандық спортшылардың өнерлерін тамашалай аламыз. Биыл Қазақстан сноуборд пен шана спортынан алғаш рет қатысқалы отыр.

Қазақстандық спортшы тарландарды қолдап, Олимпиаданың ашылу салтанатына еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та қа-тыспақшы.   Төртжылдықтың басты додасында бақ пен бап таразыға түсер сәтте Елбасының отандастарымыздың жанынан табылуы олардың жігерін жани түсері анық. 

Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында еліміздің көк байрағын алып жүру құрметі шаңғышы Ердос Ахмадиевке бұйырды.

Кемінде екі медальдан үміттіміз

ҚР Спорт және дене шынықтыру iстерi агенттiгi төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатов мәлiмдегендей, Қазақстан Сочи-2014 Олимпиадасында кемінде екі медаль алуды жоспарлап отыр. 

— Қазақстандық спортшылардың Сочи Олимпиадасындағы жетістігі Ванкувер Олимпиадасының көрсеткішінен де жоғары болуы тиіс, — дейді ол. — Болжам айту өте қиын. Бірақ, былтырғы жылғы әлем және өзге де халықаралық турнирлердегі нәтижені көріп отырмыз. 18 жылда біз Әлем чемпионаттарында қысқы спорт түрлерінен медаль алып көрген жоқпыз. 2013 жылы Алексей Полторанин, Николай Чеботько, Денис Тен, Денис Кузин сынды спортшыларымыз әлемдік біріншіліктерде жоғары жүлделі орындарды алды. Меніңше, Сочиде медаль алатындай оларда үлкен мүмкіндіктер бар. Кем дегенде екі медаль алуға тиіспіз. Сондай талапты құрама командаларымыздың алдына қойып отырмыз. Ол қандай медаль болады, оны сол спортшылар өзінің жетістігімен көрсете жатар.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button