ЕРТЕҢІМІЗГЕ НЫҚ СЕНІМ ҮШІН!
«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Қазақстан халқы Сіздің Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлығыңызды ерекше ықыласпен қабылдады. Біз халықтық Ассамблеяның кезектен тыс сайлау өткізу туралы бастамасын қолдағаныңыз үшін Сізге зор алғысымызды білдіреміз. Біз бұл тағдырлық шешімнің қабылдануы уақыттың талабы деп білеміз. 25 ақпанда жарияланған Қазақстан халқына Үндеуіңізде Сіз осы маңызды қадамның қажеттілігі мен заңдылығын нақты негіздеп бердіңіз. Біздің бәрімізге қоғамның тұрақтылығы мен бірлігі, ертеңгі күнге деген нық сенім, жұмыс орындары мен әлеуметтік кепілдіктердің, жалақы мен шәкіртақының сақталуы қажет. Қазақстан халқы, әрбір азамат өзінің жеке қауіпсіздігіне, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігіне сенімді болуды қалайды. Біз ғаламдық саяси қақтығыстар мен дағдарыстар ушығып тұрғанда жүргізіліп отырған салмақты ішкі және сыртқы саясатты жалғастыру арқылы ғана қол жеткізген жетістіктерімізді сақтап, алға жылжыта алатынымызға сенімдіміз. Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіз өз Жолдауыңызда бізді алдымызда күрделі кезең күтіп тұрғанын ашық айттыңыз. Бұл халық түсіністікпен және қолдаумен қабылдаған, нағыз Елбасына лайық, ерлік қадам болды. Осымен бірге Сіз мемлекет пен қоғамның нақты іс-қимыл жоспары – «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» жаңа экономикалық саясатын ұсынып, біздің ғаламдық дамудың қиындықтарын еңсеруге сенімімізді бекіттіңіз. Бұл үшін Қазақстанда қажетті ресурстар – 2050 Стратегиямыз, қоғамдық келісіміміз бен бірлігіміз бар. Сіз айтқандай, Президент сайлауы – бұл патриоттық акт, елімізді жаңа қарқынмен дамытудың және азаматтардың әл-ауқатын арттырудың басты міндеттерін шешу үшін экономиканы тұрақтандырудың, азаматтық жарасым, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтудың қуатты бастауы. Сондықтан да, біз Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күні Сізді барша қазақстандықтар асыға күтіп отырған келесі қадамды жасауға шақырамыз. Біз Сізден президенттік сайлауға қатысуыңызды сұраймыз!», — делінген Үндеуде.
ҚХА-ның атап өтуінше, бұл қадам Ассамблеяның кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы жалпыхалықтық бастамасынан туындайды.
«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің ел алдындағы абыройыңыз биік. Еліміздің азаматтары Сізге сенім артады. Сіз, ең күрделі кезеңдерде елді басқарудың айрықша тәжірибесінің иесісіз, Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан қаншама сынақтардан қайыспай өтті. Халық шын мәнінде теңдессіз экономикалық жетістіктерімізді, әлеуметтік табыстарымызды, тұрақтылығымызды және ертеңгі күнге деген сенімімізді Сіздің атыңызбен байланыстырады. Халықаралық қауымдастық Сізді беделді және салиқалы Көшбасшы ретінде таниды. Сіздің бейбіт сыртқы саяси бастамаларыңыз басты халықаралық ұйымдар тарапынан, әлемдік деңгейдегі көшбасшылардың және миллиондаған қарапайым адамдар тарапынан ғаламдық қолдау тапты. Сіздің халықаралық беделіңіз біздің еліміздің маңызды сыртқы экономикалық активі, сыртқы қауіпсіздігіміздің кепілі және инвестициялар тарту үшін ынталандыру болып табылады», — деп атап өткен ҚХА өз үндеуінде.
Сонымен қатар, ҚХА өзіміздің келешек алдындағы жауапкершілігімізді сезініп, халық пен ел мүддесін ескере отырып, азаматтық және патриоттық парызымызды орындау мақсатында Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтан кезектен тыс Президент сайлануында өз кандидатурасын ұсынуын сұрайтындығын баса атап өткен.
«20 жыл бұрын Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен Тәуелсіз Қазақстанның басты жетістіктеріне негіз болған дұрыс қадам жасалған болатын. Бүгінде біз барша халықты болашақ ұрпақтың жарқын келешегі үшін, Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру мен гүлденуінің бірден-бір дұрыс таңдауы ретінде біздің Үндеуімізді қолдауға шақырамыз!», — делінген Ассамблеяның құжатында.
ҚазАқпарат.