«ЕРЛІККЕ ТАҒЗЫМ»
Қала басшысының орынбасары өз сөзінде мектептердегі хор балалар өнерін шыңдаудың бірден-бір жолы екеніне тоқталып, бұл Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаевтың өмірі мен ерлігін насихаттауға арналған шараның жалғасы деп түсіндірді. Мектеп хоры бұрындары қолға алынып, оқушылар оған күнделікті сабаққа дайындалғандай келетін. Соңғы кездері ол кенжелеп, тіпті ұмыт бола бастағандай.
Байқауға қатысқан мектептер Ұлы Отан соғысы мен Жеңіс жайындағы «Егемен елім», «Қазақстан бақытты», «Туған жер», «Егемен Қазақстан», «Бейбіт күн тілегі», «Қайран батыр бабалар», «Революция сарбаздары», «Елім нұрлы Қазақстан», «Жеңістің күні», «Атамекен», «Соғыстан қайтқан солдаттар», «Қазақстаным менің», «Дубосеково зиратында», «Священная война» әндерін нақышына келтіре орындады. Оқушылар сахнаға шығуға жақсы дайындалып келіпті. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, әділқазылар алқасы (Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің доценті Мақыш Гайсина, Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы Атырау колледжінің оқытушысы Людмила Голубева, Құрманғазы атындағы балалар саз мектебінің оқытушысы Әлия Рамазанова) олардың ән орындау шеберліктерін жоғары бағалап, үш орынды үш мектептен – тоғыз хор ұжымына бөліп берді: үшінші орын – Ш.Уәлиханов, Ж.Қаражігітов, И.Тайманов атындағы орта мектептер, екінші орын – Жангелдин, Б.Нысанбаев атындағы мектептер мен мектептен тыс жұмыс орталығы, бірінші орын – М.Отаралиев, Д.Байбосынов атындағы ұлттық гимназия мен №3 орта мектеп. Байқауға қатысқан барлық мектеп ұжымы да құралақан кетпей, Алғыс хатпен марапатталды.
Ал, хор байқауының жеңімпазы, яғни Бас жүлде иегері болып Ы.Алтынсарин атындағы мектептің орта топ хор ұжымы танылды. Олар орындаған Демеу Қазыбековтың «Жеңістің күні» әні өзінің орындалуы жағынан да, сахналық қойылуы жағынан да өзгелерден ерекше болды. Әділқазылар хор жетекшісі Досым Жайлауовтың еңбегін үлкен ілтипатпен атады. Ескерткіш сыйлық пен арнаулы дипломды Атырау қаласы әкімі Нұрлыбек Ожаевтың өз қолынан алған хор ұжымының қуанышында шек болмады. «Өнерлі өрге жүзер» дегеннің дәлелі осы дерсіз.
Лиза СЕЙТІМОВА,
суретті түсірген
Самат ҚАЙЫРЖАНОВ.