Жарнама
Қоғам

ЕРЛІККЕ ҚҰРМЕТ – ӘРКІМНІҢ ПАРЫЗЫ

Осы орайда әлеуметтік жауапкершілігін еш уақытта назардан тыс қалдырмайтын «ҚазТрансОйл» АҚ-ның Жеңіс күні қарсаңында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне деген ықыласы ерекше. Ержүрек батырларымыздың ішінде майданнан оралған соң еліміздің мұнай саласына, оның ішінде шикізатты тасымалдау ісіне үлес қосып, талмай еңбек еткен жандар бар. Солардың бірі – Бекболатов Алдаберген ақсақал. Ұзақ жылдар бойы «ҚазТрансОйл» АҚ Құлсары мұнай құбырлар басқармасында қызмет атқарып, бүгінде тоқсанды иектеген қария – Жеңістің 70 жылдық мерейтойына орайластырылған айдарымыздың басты кейіпкері.

Алдаберген ақсақалдың жасы үлкен болғанымен, жады мықы, әлі де әр сөзін саралап, әңгімесін байыппен айтады екен. Соғыс жылдары Молдавия, Румыния, Польша, Чехословакия, Германия елдерін азат ету шайқастарына қатысқан Алдаберген Бекболатовтың айтар естелігі де аз емес. Соғыс өрті тұтанғанда Алдабергеннің әкесі Бекболаттың үш ұлы бірдей майданға бірінен соң бірі аттанады. Әуелі ағасы Қызыл 1942 жылы 17 қаңтарда, он сегізге толған өзі сол жылы 1 мамырда, інісі 1943 жылы қыста әскерге алынғандығын әлі күнге ұмытпаған.

– Андреев, Каганович колхоздарынан жиналған 200 жігіт Қызылқала ауылдық кеңесінен жол тартқанда, екі ЗИС машинасының үстінде бір-бірімізге жабысып, түрегеліп тұрдық. Шыжғырған май, ақталған тарымыз бар, — дейді Алдаберген қария.

Сол кезде қылшылдап тұрған жас жігіт Ұлы Отан соғысының ең басты шайқастарының бірі – Сталинград түбінде болған ұрысқа, Харьковты азат ету майданына қатысты.

– Әуелі Гурьев қаласында мылтық ату, соғыс қимылы жағдайында әдіс-тәсілдерді үйретті. Одан кейін Уфа қаласында Калтованка стансасында ротаға, взводқа бөліп, үш ай бойы жаттығудан өттік. Содан кейін Воронеж қаласында әскери қалыпқа түсіп, Сталинградқа жеттік. Бұл шайқас сол кездегі ең ауыр, шешуші шайқас болатын, бүкіл майдан шебінің орталығы іспетті еді. Сол қанды ұрыс әлі күнге дейін естен кетпейді. Ал, Харьков қаласын азат ету үшін шайқасқанда сол аяғымды оқ қарып кетті. Жараланғандар көп болды. Бірақ, майдан даласында мерт болған таныс-бейтаныс жауынгерлер, төгілген қан жүрек шайлықтырғанмен, рухымызды түсіре алған жоқ. Харьков екі күнде азат етілді. Артымыздан жаңа күш келді. Бұл 1943 жыл болатын, — деп еске алады Алдаберген ақсақал.

Жауынгер Харьков қаласын азат ету кезінде үш жерден жараланып, Пенза қаласында госпитальда бір жарым айдай емделеді. Ерлік ескерусіз қалған ба?! Немістің екі бірдей «Тигр» танкісін жойған ержүрек жауынгер А.Бекболатов осы жолы екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталады. Полтава, Румыния, Варшава, Польша жерлерін жаудан азат ету кезеңдерінде, Одер өзенінен өтерде батылдығымен көзге түскен ол «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Соғыс аяқталған соң А.Бекболатов Украинаның батысындағы Львов қаласында әскерде қызмет етеді. Сөйтіп, майдангер аға елге 1947 жылы бір-ақ оралады.

Елге келгенде 1 мамыр мерекесі тойланып жатыр екен. Бәйге алаңында атшабыс. Жұрт мәре-сәре. Ағасы Қызыл соғысқа кірген алғашқы жарты жыл ішінде қолынан жараланып, елге қайтыпты. Інісі Тәженбай Берлинге кіріп ұрыс салған нағыз сарабдал солдаттың өзі болып шықты.

 Алдаберген ата 1947 жылы желтоқсанда қазіргі «ҚазТранс- Ойл» АҚ Құлсары мұнай құбырлары басқармасына мұнай, су тасымал желісінің аралаушысы болып жұмысқа кіріседі. Кейін қызметі Алтыкөлге тұрақтайды. Күн сайын таңнан тұрып, атпен Қарадөңге жол жүретін. 60 шақырым құбыр бойын қарап өтіп, ақау болса, май, су ағып жатса, хабарлап отыратын. Қызметіне адал, міндетіне берік болған Алдаберген Бекболатов Отанымыздың мұнай тасымал саласында тура 40 жыл еңбек етіп, 1987 жылы зейнетке шығады. Алдыкең бір кезде өзімен жұмыстас болған ардагерлер – апат қызметін бақылаушы Лен Көшбаев, шаруашылық меңгерушісі Әнет Ерғалиев, аға оператор Мағзом Машанов, аға есепші Хасан Оңдасынов, аға телефоншы Лида Алексеева есімдерін жылы ілтипатпен еске алады.

Қазір қария Тұрғызба селосының бір қиыр шетінде, Ықсантөбеде тұрып жатыр. Бұл күнде қарияның зайыбы Зылиха әже дүниеден өткен. Екеуінің бауырынан 10 ұл-қыз өсіп, ұл ұяда, қыз қияда дегендей, әрқайсысы өмірден өз орнын тауып, еңбек етіп жатыр. Сол ұл-қыздарының, 21 немере, 10 шөберенің ортасында Алдаберген Бекболатұлы жайдарлы ғұмыр кешуде.

Соңғы жылдары Алдаберген ақсақал секілді Ұлы Отан соғысы ардагерлері арасы сиреп бара жатқаны өкінішті. Сондықтан, Отан қорғауда ерлік танытқан айбынды батырларымызды қастерлеп, қамқорлық етуге қоғам тарапынан атқарылып жатқан іс-шаралар аз емес. Соның ішінде еліміздің бас мұнай тасымалдау компаниясы – «ҚазТрансОйлдың» соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне деген құрметі мен қамқорлығы әлі де өз жалғасын таба бермек.

Қаржау ОРАЗБАЕВ,

меншікті тілшіміз.

Жылыой ауданы.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button