Жарнама
Қоғам

ЕРЛІК ҰМЫТЫЛМАУЫ ТИІС

 

Бүгінде Ауған соғысы ардагерлеріне мемлекет тарапынан тиісті жәрдемақы төленіп келеді. Алайда, әлі күнге дейін мәртебеміз анықталмай, «Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілгендер» деген қосарланған атаумен келеміз. Сонымен қатар, ауғандық ардагерлерді үймен қамту, жұмысқа орналастыру, дәрігерлік көмек сынды әлеуметтік мәселелер жергілікті жерде толық шешімін тауып отыр деудің жөні жоқ. Тағы бір жағдай, ескерткіш белгіге қатысты. Мысалы, Индер ауданының орталығындағы көрнекті жерге Ауған соғысы боздақтарына арналған ескерткіш белгі орнатуға күш салудамыз. Бұл дегеніңіз біз үшін емес, келер ұрпақтың тәрбиесі үшін қажет.

Кеудеңіздегі «Ерлігі үшін» медалін көріп отырмын. Бұл марапат Сізге қандай ерлігіңізге берілген еді?

— 1984 жылы әскер қатарына шақырылып, Түркіменстан жерінде сержанттық курстан дайындықтан өткен соң Ауғанстанның Қандағар провинциясында Отан алдындағы әскери борышымды өтеп жатқан кезім болатын. Бірде біздің әскери гарнизонға  және  халықаралық «Ариана» әуежайы тұрған аймаққа түнде бірнеше мәрте минометтен оқ атылды. Шұғыл дабыл бойынша із кестік. Оқ атылған төбеге таяғанымызда жау байқап қалып, оқ жаудырды. Олардың биік жерге орналасып, позициялық тұрғыдан басымдық алуы бізді бас көтертуге мұрша бермей жатты. Басшымыз комбат өзбек жауынгері мен маған дұшпандардың артынан орағытып, алаңдатуға тапсырма берді. Артынан бой тасалап жеткенімізде үлкен минометтің маңында бірнеше дұшпанды көрдік, олар да бізді байқап қалды. Сол сәтте гранатамның сақинасын жұлып алып, дереу лақтырып жібердім, гүрс етті. Олар да жан-жақтан оқ атқанымен алыстап бара жатқанын байқадық. Біз де автоматтан оқ жаудырудамыз. Соның арқасында дұшпандар минометті алып кетуге үлгермей, бой тасалады. Байқасақ, ол өте құнды дүние болып шықты. Бұл италиялық үлкен миномет бірнеше шақырым қашықтыққа атып, қарсыласқа жойқын шығын келтіретін соғыс құралы еді. Содан аспанға белгі беріп, көп кешікпей біздің жауынгерлер де жетті. Осылайша, түнде бөлімшеде жойқын жарылыстар жасап, маза бермеген үлкен минометті қолға түсіргеніміз үшін «Ерлігі үшін» медалін омырауыма тақты. Ал, взвод командирі «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталды.

— Қазақстанның «Халық қаһарманы» Бақытжан Ертаев «Ауған соғысында қазақ жауынгерлерінің ерлік ісі көп болды, бірақ айтылмай қалды» деген болатын. Сіз бұған не дер едіңіз?

— Өзім қызмет еткен бөлімшелерде қазақ жауынгерлері намысты әрі мергендіктерімен ерекшеленетін. Мысалы, менің алдымда қызмет еткен тараздық Нұрлан деген қазақ жігіті (фамилиясын ұмыттым) қатардағы жауынгер болса да оған арнайы пистолет берілгенін, оның құралайды көзге  атқан  мерген болғандығын сарбаздар аңыз қылып айтатын. Бірақ, шынында да оларға батыр атағы немесе жоғары дәрежелі марапат берілді дегенді естімеппін. Жалпы, ол кезде командирлеріміз басқа ұлттан болғаны белгілі. Ал, Бақытжан Ертаев, Борис Керімбеков сынды қазақ сарбаздарының, Бақытбек Смағұл секілді жауынгерлердің Ауғандағы ерліктерін бертін келе естігеніміз рас. Айтқандай, былтыр Астанаға жолым түскенде республикалық Ауған соғысы ардагерлер одағының төрағасы Бақытбек Смағұлмен кездесудің сәті түсті.

Сұхбаттасқан

Саламат БАЗАРБАЕВ,

Индер ауданы.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button