ЕРЛІК ЕШҚАШАН ҰМЫТЫЛМАЙДЫ
Басқосуды партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Бектеміров ашып жүргізді. – Қазіргі уақытта Атырау облысы бойынша Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне қолдау көрсе-тіліп, көптеген шаралар өтуде. Тыл және еңбек ардагерлеріне қомақты қаржы бөлу жоспарлануда. Исатай және Махамбет аудандарында екі ардагер жаңа пәтерге ие болса, үшеуі тұрғылықты үйлеріне күрделі жөндеу жұмыстарына қол жеткізді, — деді Ерболат Елдосұлы.
Осыдан кейін тәжік-ауған шекарасындағы жауынгерлік қимылдар мен әскери қақтығыстарға қатысушылардың республикалық қоғамдық бірлестік төрағасы Мұрат Мұхамеджанов ардагерлерге гүл шоқтарын ұсынды.
Ал, Ұлы Отан соғысының ардагері Бағыт Қуанышев: «Қазір облыста соғысқа қатысқан жетпіс адамдай қалдық. Таулы жерде ұрыс жүргізген ауған соғысы жауынгерлеріне де оңай болды демеймін. Сол еңбек пен асқан ерлік лайықты бағаланып, қолдау тапса дұрыс-ақ», — дейді ардагер.
Атырау қалалық ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Әлішер Кулов, тыл еңбеккерлері Серік Аманиязов, Орынбасар Мұтаров, соғыс ардагері Александр Смысловтар осындай ізгілікті шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, игі бастамалардың жүзеге асуын тіледі.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.