Жарнама
Қоғам

ЕРЛІГІ МЕН ЕҢБЕГІН ЕЛ БІЛЕТІН…

Самайын ақ қырау шалса да, қарттыққа бой алдырмағандай келісті бейне, өзіне тән жұмсақ та қоңыр үні бар Ахмет ақсақалмен әлденеше рет жүздескен сәтімізде оның қан майданда от кешкенін, одан жеңіспен елге оралып, халық шаруашылығын қалпына келтіру жолында тер төккенін сыр ғып толғаған әңгімелері жадымызда қалды. Қазына-қариямен дидарласудың өзі бір ғанибет еді.

…1925 жылдың 17 ақпанында дүниеге келген Ахмет сұрапыл соғыс өрті тұтанған шақта бар болғаны он алты жастағы бозбала болатын. Доссор орта мектебін бітіріп, ауылда бір жылдан астам жұмыс жасаған жас жігіт Отан қорғаушылар қатарына алынып, қолына қару алды. Қысқа мерзімде 261-ыншы авиадивизияның әуе атқыштарын даярлайтын курсын үздік бітіріп, елімізге ентелей кірген гитлершіл басқыншыларымен бетпе-бет шайқасқа түсті. Алғашқы ұрысты Ленинград облысындағы Свирь өзенінен өту операциясына қатысумен бастады. Бұдан кейін де жауған оқ пен отқа оранған талай-талай майдан жорықтарынан өтті.

Бірде аға лейтенант Валентин Донченконың бастауымен Ахметтер кезекті әуе рейсіне көтеріледі. Бұлар жау  ұшақтарын  көздеген аймағына жақындатпай кері қуып тастап, өз аэродромына  қарай  келе жатқан-ды. Осы кезде Ахметтің көзі бір мезет алдағы бастаушы эскадрилья командирі  Валентин Донченконың көк ракета жібергенін шалып қалды. Сол-ақ екен, қырағы жанары бір бүйірден жау ұшағының өздерін өкшелеп келіп қалғанын байқады. Ахмет дереу оны нысанаға алды. Көздегіш нысанаға жау ұшағы дәлме-дәл ілінген сәтте пулеметтен оқ жаудырылды. Әп-сәтте қара түтінге оранған жау ұшағы жерге қарай құлап бара жатты…

Бұл — әуе шайқасындағы Ахмет Қосымбайұлының көп ерліктерінің бірі ғана. Жиырмаға толар-толмасында соғыс тауқыметін бір адамдай-ақ тартқан гвардия сержанты Жеңіс таңы атқан соң да Карелияда сегіз жыл әскери қызмет атқарып, елге 1950 жылы оралды. Келе сала, бірден еңбек майданына бел шеше араласып кетті. Гурьев қалалық, облыстық партия комитеттері мен облыстық атқару комитеттерінде он алты жыл түрлі жауапы қызметтер атқарды. Маман-кадрлар аса тапшы кезде соғыс өртінің ортасынан шыңдалып оралған   Ахметтей жас жігіттер қандай ауыр міндетті де мойнымен көтере білді. Сөйтсе де, ол белгілі бір мамандыққа оқып, жоғары білім алуды мақсат тұтты. 1965 жылы Астраханның балық өнеркәсібі институтына түсіп, оны ойдағыдай бітіргеннен кейін осы салада зейнеткерлікке шыққанға дейін  жемісті еңбек етті.

Ол өлкеміздегі балық қорын сақтау, оны қолдан көбейту, тоған шаруашылығын құру және оны дамыту, Жайық өзенінің Каспийге құяр төменгі сағасын мелиорациялау және басқа да толып жатқан жұмыстарға елеулі үлес қосты. Осы бағыттағы өзекті мәселелер кәнігі маманды айрықша толғандыратын. Бағалы бекіре балығын көбейту мен оны қорғау жайын саралаған мақалалары кезінде одақтық «Правда» газеті мен «Рыбное хозяйство» журналының беттерінде жиі жарияланып тұрды. Ал, Жайық-Каспий бассейнінің проблемаларын көтерген  құнды ой-толғамдары облыстық  «Атырау» газетінде де жиі-жиі басылып тұрғандығы көзі қарақты оқырмандардың есінде сақталған болар.

Әсіресе, Ахмет Қарақұловтың облысымызда тоған шаруашылығын дамыту ісіне қосқан өлшеусіз еңбегін бүгінгі және болашақ ұрпақ ұмытуға тиіс емес. Кезінде халық шаруашылығына  қыруар пайда келтірген «Төлеп-Қарасу», Құрманғазы ауданындағы «Қырдуан», «Дудат тулақ», Сафон селосы маңайынан жасалынған «Сафоновка» деп аталған балық өсіретін тоған шаруашылықтарын ол өз қолымен құрып, бар күш-жігерін сарп еткені жайында өзінің «Баламасы жоқ байлық» деген кітабында кеңінен әңгімелейді.

Ол зейнет демалысына шыққан соң да қол қусырып қарап отырмады. Өзінің сүйікті серігі — «Атырау» газеті беттерінде оның  табиғат пен қоршаған ортаны қорғау туралы ой-толғаныстары, өлкемізде балық байлығын көбейту, «Атыраубалық» акционерлік қоғамының кешегісі, бүгінгісі мен болашағы туралы өзіндік парасатты пайымдаулары жиі-жиі жарияланып тұрды.  Сондай-ақ,  Каспий теңізін сақтау, оның жағалауы мен қайраңдарына мұнай бұрғыларын орнатудың қауіп-қатері, оның қоршаған ортаға тигізер залалы төңірегіндегі дабылы жұртшылық тарапынан жан-жақты қолдауға ие болғандығы тағы бар.

Өзі де майдангер Ахмет аға бүкіл ғұмырын соғыстан оралмаған әкесін іздеумен өткізді. Одақ кезінде түрлі мұрағаттарға, әскери комиссариаттарға хат жазып, сұрау салудан еш танбады. Ақыры іздегені табылды да. Әкесі Қосымбай соғысқа дейін Мақат кәсіпшілігі партия ұйымының хатшысы, Мақат аудандық комитетінің екінші хатшысы, аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатының директоры болып қызмет істеген. 1942 жылы өзі сұранып  майданға аттанған. Соғыс жылдарында Украина, Беларуссия, Молдавия, Балтық жағалауларындағы елдерді, Польшаны, Чехословакияны жаудан азат етуге қатысқан. 340-шы атқыштар дивизиясының 911-шы артиллерия полкінде батальон командирі, әрі парторг болған ол 1945 жылдың 12 наурызында  кескілескен шайқастардың бірінде жау оғынан  қаза табады. Сүйегі Польшаның Бельск-Бяло қаласындағы Бауырластар зиратында жерленген екен. 1975 жылы Ахмет ақсақал жанұясымен әкесінің басында болып, тағзым етіп, бейітіне туған жердің бір уыс топырағын салып оралды. Осылайша, перзенттік парызы өтелгендей болып, арқа-басы бір жеңілдеп қалып еді-ау…

Атақты Әйтеке бидің «Дәулетіңнің қадірін ұлың өскенде білерсің,  абыройыңның қадірін қызың өскенде білерсің» дегеніндей, Ахметтің ұрпақтары да бүгінде өсіп-өнген өнегелі әулетке айналды. Қыздары Қарлығаш —   фармацевт, Ағилаш — облысқа танымал дәрігер, Қарашаш – инженер- химик, Сайра сауда саласында істесе, ұлы Асылбек – мұнайшы. Әрқайсысы бір-бір шаңырақ иелері, олардан өрген немере-жиендер де бір қауым елге айналды. Бүгінде Жұпар ана ұрпағының тілеуін тілеп отырған жайы бар.

— Біз жыл сайын Жеңіс күні әкеміздің қара шаңырағында қыз-күйеулер, немере-жиендері бас қосатынбыз, — дейді Ағилаш аяулы әке бейнесін сағынышпен еске алып. – Ол әрқайсымыздың маңдайымыздан сүйіп, ақ батасын беріп, қуанышты күй кешетін-ді. Жеңіс күнімен құттықтай отырып, соғыс жылдарының әндерін айтқан кезде әкеміз де бірге қосылып, екі көзі  жасаурай отырып, сонау майдан даласында қалған жастық шағын, сол жақта мәңгілікке қалған боздақ достарын еске алатын. «Енді ондай алапат күндерді ешкімнің басына бермесін, әрқашан бейбіт өмір болғай» деуші еді, жарықтық. Ол адалдығымен, кең пейілімен құдай қосқан анамызға адал жар, ұл-қыздарға асқар таудай әке, туғандарға бауыр, құда-жекжатқа сыйлы құда бола  білді. Бүгінде әкеміз тірі болса, ортамызда 90 жасын тойлап отыратын батагөй ақсақал  болар еді-ау. Ол бір арман ғана болып қалды…

Ал, қызы Қарлығаш та әке рухына арнаған перзенттік жүрекжарды сөздерін жыр жолдарына түйіндепті:

…Азамат едіңіз шаңырағы биік, нар тұлға,

Өмірден өттің ақ жүрек адал қалпыңда,

Сөнбейді отың, өшпейді атың, өйткені,

Ізіңді жалғар ұрпағың қалды артыңда.

Біз де Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында бұл өмірде осындай соғыстың да, еңбектің де ардагері, дүйім Атыраудың Ахасы атанған Ахмет Қосымбайұлы Қарақұлов сынды абзал азаматтың болғанын бүгінгі ұрпаққа айтуды парыз санадық. 

Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button