ЕРКІНҚАЛАНЫҢ ЕГІНШІЛЕРІ ЕРЛЕП ТҰР…
Кезінде Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын (қазірде Жәңгір хан атындағы аграрлық-техникалық университет) мал дәрігері мамандығы бойынша бітірген Жәкең еңбек жолын «Алғабас» кеңшарында бастайды. Осындағы мүйізді ірі қара малын өсіріп, бордақылаумен айналысқан. Еттік бағыттағы түліктің санын көбейтіп, жылына бес мың бас малдың Атырау ет комбинатына өткізілуін қамтамасыз етуге үлесін қосқан. Мамандығы бойынша табысты еңбектеніп, тым тәуір тәжірибе жинақтап, марапаттың да біразын еншілеген Жақсылық ағамыз кейіннен Еркінқалаға қоныс аударып, осындағы Ленин атындағы ұжымшарға ауысады. Мұнда да негізінен балық аулаумен шұғылданатын шаруашылықтың шағын мал шаруашылығы цехында жұмысын жалғастырады. Әрине, ол кезде барлық жағдай мемлекет тарапынан қарастырылып, көмек көрсетілетін. Малға қажетті жазғы жайылым, қыстық азық, құрама жем мәселесі мезгілімен, жеткілікті деңгейде шешіліп отыратын.
Кейіннен ірі шаруашылық құрылымдарының бәрі таратылып, мемлекет меншігі жекешелендірілгенде бәрі де басқаша болып шыға келді. Ебін тапқандар екі асап, жекеге ауған қазына-мүліктің біразын тақымдарына басты. Жәкең сияқты қарапайым еңбектің адамдары бөлінген пайдан да жөнді үлесін ала алмай, абдырап қалды. Әйтсе де, заманның осылай болып тұра бермесіне, ертеңгі күннің жақсы боларына, жағдайдың оңалып, тұрмыстың түзелеріне сенді. Соның арқасында зейнет жасына жетіп, құрметті еңбек демалысына қалғанына қарамастан уақыт талабына үн қосып, көшке ілесуді ойлады.
Осылайша, егін егіп, өзіне де, еліне де пайда келтіруді ұйғарды, қолына диқанның кетпенін алып, күрегін ұстады. Ауылдан 1,5-2 шақырымдай қашықтықтан жер телімін иеленді. Бүгіндері 16 гектар аумаққа егін салып, онда көкөніс-бақша дақылдарын өсіруде. Қожалықта жиырма шақты адам еңбек етеді, олардың барлығы да – Жәкеңнің отбасы мүшелері, бірге қызметтес болған ауылдастары. Бағым-күтімі мен бабы келіскен егіндіктің ырыздығының мол, берекелі болары сөзсіз ғой. Бұлар да биыл ерте көктемнен қолға алып, жаз бойы баптаған көкөніс пен бақша дақылдарынан бітік өнім алуға қол жеткізді. Күнделікті жиған-тергендерін өздеріне ең жақын орналасқан «Көктем» базарынан бөлінген орындарда сатып, егінжай ырыздығын елдің ырысына айналдырып келеді.
Қожалықта науқандық жұмыстарды атқаруға қажетті техника түрлері, жанар-жағармай, тыңайтқыш жеткілікті. Басқа да керек-жарақтармен толықтай қамтылған. «Еңбегіне қарай өнбегі» демекші, жұмысшылардың жалақысы да әркімнің ортақ табысқа қосқан үлесіне байланысты есептеліп, мезгілімен беріледі. Оның үстіне осы Жақсылық ағамыздың жетекшілігіндегі шаруа қожалығы қазынадан ешқандай несие, қарыз алмастан жұмыс жасап келе жатқан бірден-бір шаруашылық құрылымы саналатындығын да айтып кеткеніміз артық емес.
Ең бастысы, мұнда ауызбірлік, ұйымшылдық, қандай жүкті де, қиындықты да, бірлесе көтеріп, межеден көрінуге деген мүдделілік бар. Тегінде, жеміс пен жеңіске жеткізетін жетекші фактор да осы.
Қайырбек ЕРМҰҚАНОВ.