
Еріктілер кеңесі: қайырымдылық пен қоғамға қызмет – мемлекеттік қызметшілердің басты ұстанымы
Мемлекеттік қызметшілердің қоғам алдындағы жауапкершілігі тек қызметтік міндеттермен шектелмейді. Олар өздерінің азаматтық ұстанымдарын көрсетіп, игі істерге белсене атсалысады. Осы мақсатта Атырау қалалық әкімдігінде мемлекеттік қызметшілердің ерікті бастамаларын қолдап, үйлестіруге бағытталған “Еріктілер кеңесі” құрылған. Кеңес қоғамның әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік жобалар мен қайырымдылық шараларын жүзеге асыруда.
Осы бастама аясында Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің қызметкерлері Атырау облыстық қан орталығына барып, өз еріктерімен қан тапсырды. Бұл – науқастардың өмірін сақтап қалуға ықпал ететін маңызды қадам. Донорлық – тек медициналық көмек емес, адамгершілік пен жанашырлықтың көрінісі.
Сондай-ақ, Атырау қалалық әкімдігінің мемлекеттік қызметшілері “Еріктілер кеңесі” аясында қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастырып, Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Мамандандырылған балалар үйіне» нәрестелерге қажетті құрғақ сүт қоспасын жеткізді. Мемлекеттік қызметшілер бүлдіршіндерге қамқорлық танытып, олардың денсаулығы мен дұрыс тамақтануына үлес қосты.
Осымен қатар Наурызнама 10 күндігі аясында Атырау облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты №3 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына Атырау қаласы әкімдігінің қызметкерлері Қайырымдылық күніне орай, қызмет алушыларды құттықтап, балаларға жазғы спортпен айналысу үшін киімдер сыйға тартты.
Бұдан бөлек, әлеуметтік осал топтағы тұрғындарға қолдау көрсету мақсатында әкімдік қызметкерлері мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, әлеуметтік жағдайы төмен және аз қамтылған отбасыларға қажетті азық-түлік өнімдерін табыстады. Бұл игі іс қоғамдағы әлсіз топтарға көмектесу арқылы мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік жауапкершілігінің жоғары екенін көрсетті.
Атырау қалалық әкімдігі қайырымдылық пен еріктілік қызметін дамыту бағытындағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастырады. Мемлекеттік қызметшілер халықтың әл-ауқатын арттыруға, мұқтаж жандарға көмек қолын созуға әрдайым дайын.
Айбек ҚАДЫРӘЛИЕВ,
Атырау қаласы әкімі аппаратының басшысы