ЕРІКТІ ЕҢБЕК ЕШ КЕТПЕЙДІ
Арада өткен уақыт үдерісінде де игі қадам, ілгерілеу бар.
Айталық, соңғы үш жылда өңірдегі үкіметтік емес ұйымдардың 24 жобасында 3463 адам қамтылды. Бұған қалай қол жетті? Бұл ретте ауданда жұмыс істейтін он жеті ҮЕҰ-мен бірлесе отырып, іс-шаралар жүргізетін әкімдік қызметінің негізгі бағыттарына назар аударыңыз, олар – үкіметтік емес ұйымдарды ауданда өтетін қоғамдық, мәдени-көпшілік, тәрбиелік шараларға кеңінен қамту, демеушілерді тарту арқылы қоғамдық ұйымдардың қызметіне қолдау көрсету, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламаларын дайындауда қоғамдық ұйымдарды қатыстыру. Осы мақсатта ауданда азаматтық қоғамды дамытуға әр жылға арналған іс-шаралар жоспары жасақталды. Сол іс-шаралар аясында ҮЕҰ-ды материалдық-техникалық қолдау мақсатымен аудандық мүгедектер қоғамына, ардагерлер кеңесіне, аудандық жастар одағына және ауған соғысы ардагерлері ұйымдарына жергілікті бюджет балансындағы ғимараттардан арнайы орындар бөлініп, телефон байланысымен, басқа да оргтехникалық, кеңсе тауарлық бұйымдарымен қамтамасыз етілді. «Шарапатты шаңырақ», «Дарын» әдеби-шығармашылық бірлестіктерімен тығыз байланыс орнады.
Өңірде ізденісті қадам, нәтижелі жұмысымен көрініп жүрген үкіметтік емес ұйымдардың бірі – «Жылыой Демеу» қоғамдық қоры. Бұл ұйым науқас балалардың денсаулығын қалпына келтіріп, салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында бес жылдан бері емдік дене шынықтыру жұмыстарын жүргізіп келеді. Демеушілер арқылы қоғамдық қор ғимараты дене шынықтыру, сауықтыру құрал-жабдықтарымен қамтылды. Аталмыш кезеңде 68 бала жобаға тартылып, 33 бала арнайы топтан жалпы дәрігерлік топқа ауыстырылды.
Ерікті еңбек еш кеткен жоқ. «Жылыой Демеу» Астанада өткен республикалық «Ең үздік әлеуметтік жоба» конкурсына қатысып, жетекшісі Шынарбек Сәрсенбаев Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан «Әлеуметтік еңбек саласының үздігі» төсбелгісімен арнайы марапатталды. Немесе «Жүрек жылуы» қоғамдық бірлестігінің «Біз бәрін де жасай аламыз» атты мүгедек балаларды қолөнерге баулуға бағытталған жобасы «Азаматтық альянс» ҚБ тарапынан қаржыландырылып, күні бүгін жиырмадан астам мүгедек балаға қолөнер сабақтары жүргізілу үстінде.
Ауданда «Шарапатты шаңырақ» қоғамдық бірлестігімен «Үкіметтік емес ұйымдар үшін Ресурстық орталық» ашылса, «Құлсары жастары» қоғамдық бірлестігімен «Жастардың көшбасшылық клубы» құрылды. Төрт бірдей үкіметтік емес ұйым республикалық «Бота» қорының грантын жеңіп алып, бір млн. 156 мың теңгеге түрлі әлеуметтік топтарға зерделеу жұмыстарын жүргізген жобаларын іске асырды.
Сонымен қатар, өңірде үкіметтік емес ұйымдармен салауатты өмір салтын насихаттау, жасөспірімдер туризмін дамыту, халықтық қолөнерді жаңғырту, мұғалімдердің біліктілігін жетілдіру, жастардың көшбасшылық белсенділігін арттыру бағытында 19 әлеуметтік жоба іске асырылып, осы жобалардың түзілімінде шамамен 3932 адам түрлі шаралармен қамтылды.
«Теңізшевройл» ЖШС қаржыландырған «Әлеуметтік дамуға азаматтық қоғамның қатысуы» жобасын жүзеге асырушы (оператор) «Орталық Азияның Еуразия қоры» үш бағыт бойынша, бірінші – ауданда азаматтық қоғамның дамуына ықпал ету және жаңадан үкіметтік емес ұйымдардың құрылуына қолдау көрсету, екінші – денсаулық сақтау қызметінің сапасын арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау, үшінші – білім беру қызметінің сапасын жетілдіру және интерактивтік білім беру саласында мұғалімдердің білімін жетілдіру тұрғысында жұмыстар жүргізді.
Қазіргі уақытта «Нұрлы Жол» жобасы «Жүрек жылуы» қоғамдық бірлестігімен іске асырылып, оған аудан әкімдігінің ықпалымен Құлсары желілік өндірістік басқармасы, «Мако», «Жылыойтазалық» ЖШС көмекке тартылды. Бұл жоба арқылы Құлсары қаласындағы мүгедектер орталығына баратын тас жол салынып, демалатын орындықтар қойылды.
Соңғы үш жылда «Еуразия» қорымен аудандағы үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік жобаларына 17 млн. 289 мың 238 теңге қаржы бөлініп, ол мақсатты игерілді.
Бүгінде аудан әкімімен «Еуразия» қоры және үкіметтік емес ұйымдармен арада үшжақты өзара көмек жөніндегі меморандумға қол қойылып отыр.
Қаржау ОРАЗБАЕВ,
меншікті тілшіміз,
Жылыой ауданы.