Жарнама
Қоғам

ЕРЕУІЛ АТҚА ЕР САЛҒАН, ЕГЕУЛІ НАЙЗА ҚОЛҒА АЛҒАН…

Міне, көптен күткен қуаныш та жетті. Қарашаның 20-сы күні батыр кесенесінің салтанатты ашылу рәсімі болды.

Шараға жергілікті тұрғындар, Ақтөбеден азаматтар, қобдалықтар жиналыпты. Ал, Атырау облысы делегациясы құрамында  құрметті азаматтар, батырдың ұрпақтары, депутаттар, кәсіпкерлер, қаладан және ауданнан шығармашылық бірлестіктер өкілдері болды.

Кесененің ашылуында алғашқы сөз алған Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев облыс әкімінің құттықтауын жеткізді.

— Атырау мен Ақтөбе елі тарихи тамырластықтың ұлы арнасын орнатқан бүгінгі тойға Бақтықожа Салахатдинұлы арнайы сәлем жолдап, Қобда елінің бірлігінің берекелі, тірлігінің мерекелі болуын тілейді, — деді ол.

Сөз кезегі Исатай ауданының әкімі Тұрарбек Сұлтанбековке тиді:

— Махамбетше айтқанда, «Таудан мұнартып ұшқан тарлан, керіскідей шандоз, құландай ащы дауысты, құлжадай айбар мүйізді, қырмызыдай ажарлы, Хиуадай базарлы, теңіздей терең ақылды, тебіренбес ауыр мінезді» Исатай батыр ақырып теңдік сұраған, халқының кегін қуған, әділдік үшін алысқан тұлға еді. Біз бүгін үлкен оқиғаның куәсіміз. Олай дейтінім – киелі Қобда жерінен мәңгілік мекен тапқан халық батыры Исатай Тайманұлының басы қарайтылды. Бұл – елдігіміздің белгісі, екі өңірдің бірлескен ісінің нәтижесі.

Ол бұл жетістіктің Н.Ожаевтың Исатай ауданын басқарып тұрған кезінде батыл бастамасынан туындағанын  салтанатты рәсімге жиналғандардың қаперіне берді.

Исатайтанушы, Ақтөбе облысының мәдениет қайраткері Еркін Құрманбеков, Атырау облыстық мәдениет басқармасының өкілі, Исатай ауданының құрметті азаматы Зұлбұхар Сүйнешов те жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Атырау қаласының тұрғыны Шамақов Ғазиз ақсақал сөз алды:

-Мен Исатай Тайманұлының бесінші ұрпағымын. Жасым 80-ге таяды. Атамыздың басының қарайтылмай жатқаны біздің қабырғамызға да аяздай батып жүретін, қуаныштан не дерімді білмей тұрмын. Ұрпақтары атынан осы іске атсалысқан ел азаматтарына алғыс айтамын,- деді ол.

Кесененің лентасын қобдалық еңбек ардагері, антрополог Ноэль Шаяхметов батырдың сүйегін іздеп Ақбұлақтың бойында қазу жұмыстарын жүргізген кезде қасында бірге болған Жауғашты Жұмағалиев пен Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев қиды. Батыр рухына дұға бағышталып, мал шалынды.

Кесене сәулеттік өнердің үлгілерін бойына жинақтаған, 8 қырлы, ені – 6 метр, биіктігі – 11,5 метр (суретте). И.Тайманұлына 1991 жылы салынған ескерткіш белгінің негізгі элементтері – Исатай Тайманұлы мен оның ұлы Оспанға жер бетіне қойылған қара гранит тас және бетіне:

«Аруақты туған Исатай

Дегеніне жете алмай,

Арманда өтіп кетті деп,

Қиналсаңыз біздерге,

Мың рахмет Сіздерге».

Махамбет» деп ойып жазылған, адам бойы биіктігіндей мрамор тас кесененің ішінде  қалдырылған.

Демек, кесене салушы жақ жаңалық ашпаған,тек бұған дейін ақтөбеліктердің дәлелдемелері негізінде қойылған ескерткіш белгінің үстіне кесене тұрғызған.

Исатай ауданы әкімінің айтуынша, кесененің айналасын абаттандыру жұмыстары көктем шыға кәсіпорындар мен кәсіпкерлер көмегімен жалғасатын болады.

 Қобда елі мен Исатай елінің тарихи тамырластығының куәсіндей, тарих көшімізді ғасырдан ғасырға жалғайтын мәдени мұра Исатай Тайманұлының кесенесі Шейітсай төбелерінде мұнартып  қалып барады…

 

Мәди ӨТЕҒАЛИЕВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

  Атырау – Ақтөбе – Атырау.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button