Еңбеккердің құқығы қалай қорғалып жүр?

whatsapp image 2021 09 22 at 09.59.34 Қоғам

Бүгінгі таңда елімізде еңбек адамының құқықтары тиісті заң талаптарына сай қорғалып жүр ме? Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бұл мәселеге айқын басымдық берілген. Осы бағытта облы- ста қандай жұмыстар атқарылуда? Бұл саладағы құқықтық-нормативтік актілердің орындалуына құзыретті құрылымдар қаншалықты қауқарлы? 

Атырау облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік Əубəкіровтың айтуынша, өңірде азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау мақсатында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар аз емес. Жыл басынан бері басқармаға тұрғындардан еңбек заңнамасының бұзылуына байланысты 950-ге жуық арыз-шағым түскен. Оның басым бөлігін еңбекақы берешегі, жұмыстан заңсыз шығару немесе қысқарту, еңбек демалысын уақытында бермеу мəселелері құрайды. 

Жалақы берешегі өтелуімен құнды 

Соның ішінде, еңбекақы берешегі бойынша өткен сегіз айда мемлекеттік еңбек инспекторларының тексеруімен 1 146 жұмысшының 363 млн. теңге еңбекақысы өндірілген. Одан өзге, жүргізілген мониторинг жұмыстарының нəтижесінде 540-қа тарта жұмысшының 116 млн. теңге, жекелеген азаматтардың өтініштері негізінде жүргізілген тексерулердің қорытындысымен 608 жұмысшының 248 млн. теңге сомасындағы жалақысы төленіпті. 

Жазатайым оқиға – өкінішті жағдай 

Облыста өндірісте орын алған жазатайым оқиғаның саны 28-ге жетіп отыр. 30 адам түрлі дəрежеде дене жарақатын алып, соның салдарынан төрт адам қаза тапқан. 

Жүргізілген тексеру-тергеу амалдары тіркелген 18 жазатайым оқиғаның 100% жұмыс берушінің, бесеуінің немесе 70%–ның жұмысшының, қалған 5 оқиғаның қос тараптың теңдей кінəсінен болғанын көрсеткен. Осы жағдайларға байланысты жүргізілген барлық өндірістік тергеп-тексеру құжаттары əрі қарай процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданды. 

Жасөспірімді жасырын жұмысқа алып… 

Басқарма мамандары жасөспірімдерді жасырын түрде жұмысқа алып, олардың еңбегін заңсыз пайдаланатын жұмыс берушілер бар екенін жасырмайды. Осындай келеңсіздіктердің жолын кесу мақсатында полиция қызметкерлерінің қатысуымен рейдтік шаралар жүйелі жүргізіледі. «Түнгі қаладағы балалар» атты профилактикалық іс-шара ұйымдастырылады. 

Оның нəтижесінде заңнама талаптарына қайшы келетін көптеген фактілер мен кемшіліктер əшкереленіп отыр. Мəселен, рейд кезінде Атырау қаласындағы «ЛЕТО» кофеханасында, «BARBARIS catering» ЖШС-де кəмелетке толмағандардың ешқандай еңбек шартынсыз жұмысқа тартылғаны 

анықталды. Аталған кəсіпкерлік субъектілерінің иелеріне əкімшілік заңнама шеңберінде шара қолданылып, айыппұл салынды. 

Еңбек даулары азаймай тұр 

Басқармаға жүктелген міндеттің бірі – кəсіпорын, мекеме, ұйымдардағы еңбек дауларын шешу болып табылады. Жыл басынан бері облыста осындай 40-тан астам жағдай орын алған екен. Оның үстіне «Фиркрофт» жəне «НГСК Казстройсервис» компанияларында туындаған еңбек даулары ұжымның наразылық акцияларына ұласқан. Тіркелген фактілер бойынша еңбек инспекторлары жүргізген тексерулердің нəтижесінде, олардың шығу себептері анықталып, тиісті шаралар қабылданған. Нақтылай кетсек, еңбек дауына байланысты жолданған арыз-шағымның басым бөлігі жұмысшы-қызметкерлердің пайдасына шешіліпті. Қалғандарына қатысты да тиісті шаралар қабылданатынын білдік. 

Еңбек дауларының алдын алу жəне оларды мүмкіндігінше сотқа дейінгі өзара мəмілеге келу немесе татуласу тəсілімен шешу жолдары да қарастырылған. Осы мақсатта 2019 жылдың қараша айында «Атырау облысы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесі мен «Атырау облысы бойынша медиацияны дамыту орталығы» қоғамдық бірлестігі арасында бұл мəселені оңтайлы шешудің баламалы əдісін қолдану туралы меморандум бекітілген. 

Айыппұл салумен мəселе шешілмейді 

Еңбеккер құқығының қорғалуы төңірегінде əңгіме қозғалғанда, елімізде, соның ішінде өңірімізде шетелдік жұмыс күшінің қалай пайдаланылуына қатысты мəселенің де назардан тыс қалмайтыны белгілі. Мəселен, жыл басынан бері облыста шетелдік жұмыс күші тартылған 26 компанияға тексеру шаралары жүргізілген. Оның қорытындысында анықталған кемшіліктерге жол берген жауапты лауазым иелеріне жалпы сомасы 920 млн. теңгеге жуық ақшалай айыппұл салыныпты. Алдыңғы жылы 103 кəсіпорынның жұмысы тексеріліп, салынған айыппұл көлемі 90 млн. теңгенің шамасын құрады. Былтыр осы кезеңде шетелдік жұмыс күші тартылған 23 кəсіпорын тексеріліп, заң талабын бұзғандарға жалпы сомасы 11,1 млн. теңге айыппұл салыныпты. 

Алайда, біздің қолымызға тиген ресми ақпараттарда шетелдік жұмыс күшін пайдалану нормаларының қандай жағдайда, неліктен бұзылғаны, яғни себеп-салдары жайлы бірде-бір дерек келтірілмеген. Ал, қандай мəселенің де айыппұл салумен түпкілікті шешімін таппайтыны белгілі болса керек. 

Дəулетқали АРУЕВ 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз