“Ең бастысы, қазақ тілін білу сәнге айналды”
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» деген тақырыбында республикалық «Ана тілі» басылымында сұхбаты жарияланды. Сұхбаттың өзінің тақырыбы айтып тұрғандай, Президент еліміздің ішкі және сыртқы саясатындағы ұстанымы, экономиканы дамыту, тәуелсіздігімізді нығайту, халқымыздың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсарту, қалалардың абаттандырылуы, бірыңғай уақыт белдеуі туралы да өзінің ойын, тұжырымын түсіндірген.
Президент өз сұхбатында еліміздегі салалардың жұмысына, алға қойған мақсаттарына жан жақты талдау жасап, көпшілікті толғандырып жүрген ең өзекті мәселелерді қамтыған. Сұхбатты оқып шығып ерекше әсер алдым. Әсіресе қазақ тілінің қолдану аясының кеңдігін, мемлекеттік тілде сөйлейтін азаматтардың санының көбейгендігін, қазақ тіліне деген сұраныстың арта түскенін әңгімелеген. Соңғы уақыттары қазақ тілін үйренуге деген шетелдіктердің қызығушылығы көбейді. «Ең бастысы қазақ тілін білу сәнге айналды» — деді Президент. Кейінгі кездері еліміздің бизнес өкілдері өздерінің маркетинг саласындағы жұмыстарын қазақ тілінде сөйлейтін тұтынушылардың талап- тілегіне сай ұйымдастырып, өткізуі қуанарлық жағдай.
Дүние жүзінде жеті мыңнан аса тіл болса, соның үш мыңнан астам тіліне жойлып кету қаупі төніп тұрғанын Президент атап өтті. Бір қуанарлығы қазақ тілінің бұл топқа кірмеуі үлкен мақтаныш. Ана тіліміз 2024 жылы әлемде ең кең таралған тілдердің арасында 79-орынға тұрақтаған. Осы жерде Президентіміз ана тілімізді әлемдік лингвистика картасынан жойылып кетуден сақтаған зиялы қауым өкілдеріне, ақын- жазушыларға, журналистерге, ғалымдарға, мәдениет майталмандарына, ауыл еңбеккерлеріне, барша Отаншыл азаматтарға алғыс айтты. Ауылда дүние есігін ашып, қазақ орта мектебін бітіріп, жоғарғы оқу орнында қазақ тілінде білім алып, қазақ тілінде хабар тарататын басылымда ұзақ жылдар жемісті еңбек еткен мен үшін бұл ең үлкен мәртебе екені даусыз. Кейінгі кезде Үкіметте өткізілген мәжілістердің қазақ тілінде жүруі ел арасында тілге деген ерекше құрмет пен мақтаныш сезімін туғызды. 2023 жылы «Қазақ тілі» қоғамының бастамасымен құрылған қорға барша қазақстандықтардың қолдау көрсеткені дұрыс деп ойлаймын. Осы жерде Президентіміз «тіліміздің тағдырын нығайтамыз деп оны басқа тілдерге, соның ішінде орыс тіліне қарсы қоймауымыз кеерек» деп ерекше атап өтті.
Президент өзінің сұхбатында газет-журнал оқу өзінің жас кезінен қалыптасқан дағдысы екенін айтты. Шын мәнінде мерзімді баспасөз мемлекеттік саясаттан хабар беретін маңызды ақпарат көзі болып саналады және қандай кезең туса да өз мәнін жоймайды. Президент өзінің сөйлейтін сөзінің мәтініне ерекше мән беретінін, мұқият қарайтынын баса айтып . «Мен редакциялағаннан кейін мәтіндер мүлде басқаша болып шығатынына аппарат қызметкерлері әбден үйренген» деп ой айтуынан Президенттің тілге деген құрметін ашық көруге болады. Бұл кейінгі жас буынға үлгі болуға тиіс. Сонымен қатар, Президент кейбір басшылардың журналистермен сұхбат жүргізуге өздері бастамашы болып, жаңалықтардан өздерін көргендеріне мәз болып отыратындарын да жасырмады. Бұл жерде Президент сұхбат беруді қойылымға айналдырмауды, ана тіліміздің беделіне нұқсан кеелтірмеуді айтып отыр.
Президент өз сұхбатында желтоқсан айының соңғы күндері Ақтау қаласы маңында Азербайжан әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшыраған кезінде жанқиярлықпен көмек көрсеткен отандастарымызға ерекше алғыс білдірді. 38 адам қаза тапты, ішінде еліміздің алты азаматы бар. Ауыр жарақат алғандар да көп. Міне осындай апаттарды еңсеруде көптеген ел, оның ішінде дамыған мемлекеттердің өздері де дайын болмай жатады. «Біз бұған 2024 жылы көз жеткіздік. Әрине, әлі көп жұмыс істеу қажет екені сөзсіз, — деді Президент. Әзербайжан халқы қазақ еліне алғыстарын жаудырды. Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев өз елінің басты телеарнасына сұхбат берген кезінде де «егер ұшақтың құйрық жағы кенеттен жарылып кеткенде не болар еді. Олар өз өмірлерін қатерге тікті», – деген еді. Бұл да біздің отандастарымыздың бірлігі, егемен еліміздің бейбітшілігінің арқасы деп білемін. Сұхбаттан көкейімде жүрген ойларға жауап алып, еліміздің келешегі туралы толық мағлұмат білдім.
Мағрупа ҚАЗИХАН, ардагер журналист
Сурет: anatili.kazgazeta.kz