Елордадағы ең ұзын ғимарат
Сіз Елордадағы ең ұзын ғимаратты білесіз бе? Ендеше, Сарыарқа төсіндегі ару Астана айшықтарына бізбен бірге сапар шегіңіз.
Бас қаланың символына баланған, әсемдігімен көз тартар көрікті нысандар туралы толық мағлұмат беретін арнайы айдардың бүгінгі межесі – Министрліктер үйі.
Ұзындығы 1,5 шақырымды алып жатқан, жалпы аумағы 228 мың шаршы метрлік бұл ғимарат – Астананың айтулы нысандарының бірі. Осыдан 12 жыл бұрын пайдалануға берілген нысан туралы ел ішінде пікірлер көп. Мәселен, кейбір адамдар оны қанатын жайған бүркітке ұқсайды десе, енді бірі белбеуге, тағы бір топ қорғайтын қалқанға ұқсататындарын айтады. Бір ғажабы сол, әу баста бұл жеке тұрғын үй ретінде жоспарланған.
Жоба авторы Шоқан Матайбековтің айтуынша, ауқымды нысан Үкімет, Сенат, Мәжіліс, Ақорда және алаң айналасындағы өзге де ғимараттармен бір кешенде ойластырылған. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Бас жоспарға әкімшілік-тұрғын үй кешені ретінде енгізілгендіктен, құрамында тұрғын үйлер де болуы тиіс-ті. Алайда, жобалау кезінде берілген аумақтың биіктен қарағанда расында да қанатын кең жайған бүркітке ұқсайтынын байқаған авторлар оған символдық түрде басымдық беріп, қайта жобалау жұмыстарын жүргізу туралы шешім шығарған.
Алғашқы сызбаға сай, Бәйтеректің екі жағындағы қанатты тұрғын үй блоктары 18 қабаттан 7 қабатқа дейін сатылай төмендетіп жобаланғанымен, кейін Министрліктер үйіне айналдыру туралы шешім шығарылады. Бұл сәтте құрылыс жұмыстары да қарқын алып, 3-5 қабаттары да салынып қойған екен. Кейін кейбір бөліктер алынып тасталып, жаңа элементтер қосылған.
Ауқымды нысан туралы тағы бір қызық. О бастан-ақ, Астанадағы ең ұзын ғимарат болады деп жоспарланбаған. Яғни, жоба авторлары берілген кеңістікте қала құрылысын ұйымдастыру мақсатын ғана көздеген. Осылайша, Сарайшық көшесінен Сығанақ көшесіне дейінгі аралыққа созылған ең ұзын ғимарат пайда болды.
Бас-аяғы үш-төрт жылда салынған Министрліктер үйінің ортасында алтын түстес екі нысан бар. Қос мұнараның пішіні Алтын адамның бас киіміне ұқсайды. Түрлі геометриялық элементтермен қоса, алтын түс таңдалған. Жоба авторларының жоспарлары бойынша алтын мұнаралар әлдеқайда биік және жіңішке болуы тиіс екен. Алайда, оларды 27 қабаттан 21 қабатқа дейін төмендетуге тура келген. Себебі, алғашқы жоспарланған сызба бойынша бой көтерер болса, үкіметтік ғимараттардан биік болып кетеді екен.
Осынау 20 бөліктен құралған ғимараттың астыңғы қабаттарында акт залдары, асханалар және өзге де әкімшілік-тұрмыстық орындар орналасқан.
Негізгі министрліктер бір кешенде шоғырланғандықтан, ең алдымен ғимараттың функционалдылығына мән беріліп, тігінен де, көлденеңінен де ыңғайлы байланыспен қамту – басты фактор санатында.
Дайындаған: Гүлжан Әмірова.