ЕЛІН СҮЙГЕН ЕР ЕДІ
Онда: «Ерен ерлігі үшін» медалімен қатардағы жауынгер Садықов Бақтыгерей марапатталды. №2 бұйрық, 04/4. 12 қыркүйек, 1945 жылы деп жазылған. 1911 жылы туған ағамыз 1944 жылдың тамыз айында әскер қатарына шақырылып, соғыс мезгілінде қатардағы жауынгер болып азаматтық борышын өтеген. №141 жеке құрылыс-телеграф ротасының жүйелік бақылаушысы болып әскери қызмет атқарған. Сөйтіп, Дземуен-Суйхуа жерінде байланыс желісін қалпына келтіріп, үлкен төзімділік көрсеткен екен. Өзіне жүктелген тапсырманы мүлтіксіз орындапты.
Қаншама қиындықпен кездессе де үзіліссіз байланысты қамтамасыз еткені үшін айтулы орденмен марапатталған. Марапат бетшесіне Екінші Қиыр Шығыс майданы байланыс басқармасы І бөлімінің бастығы, полковник Малафеев қол қойған. Оған қоса, байланыс күштерінің генерал-майоры Новиницкийдің келісімі тіркеліп, хатталған.
Ағамыздың соғысқа қатынасқанын білсек те, жетпіс жылдан соң ғана анықталып отырған марапат біздің әулет үшін таңғажайып та тосын жаңалықтардың бірі болды. Сонымен қатар, соғыс жылдарындағы ерлігі үшін «Отан соғысы» орденімен, Жеңістің 20, 30, 35, 50 жылдық медальдарымен марапатталды.
Отан алдындағы парызын абыроймен атқарып, 1946 жылы елге аман-сау оралған Бақтыгерей Садықов бейбіт күнде де еңбекке араласып, жауапты қызметтер атқарады. Біраз жыл Махамбет ауданының сауда мекемелерінде еңбек етіп, 50-ші жылдардың ортасында сол кездегі Гурьев қаласына көшіп келеді. Он бес жыл қаладағы әмбебап «Универмаг» сауда орнының, артынша 1970 жылдардан зейнеткерлікке шыққанға дейін үлкен «Жиһаз» дүкенінің меңгерушісі болды. Қолында дүние-байлықтың бәрі бола тұра, ол өз қара басын ойлап ешқашан мал-мүлік жиған емес. Қарапайым халықпен тең тірлік кешті. «Қоғамның мүлкі ғой» деп көзінің қарашығындай сақтады. Сонысымен де өз ортасында абыройлы, шындықты бетке айтар, мінезі қаталдау адам болды.
Бірақ, балаларына келгенде, қамқоршы әке, ақылшы дана еді. Бауырларының да үрім-бұтағын бөліп-жармай, туғанындай көрді. Үлкеніміз де, кішіміз де ол кісіні «папа» деп атадық. Жұбайы Ақзия анамыз небары елу жасында дүниеден озса да, әкелері қызы Ғалия мен ұлы Бекболатқа аналарын жоқтатпады. Жоғары білім алып берді, азамат қатарына қосты. Тұңғыш немересі Асылбегінің қызығын көрді.
Абзал әкенің жүрегі 1988 жылы соғысын тоқтатты. Бірақ, оты өшкен жоқ, шырағы жағулы. Ұлы Жеңістің жетпіс жылдығы қарсаңында қарапайым жауынгердің рухы бір жасап қалады деп ойлаймыз.
Айсұлу САДЫҚОВА,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.