ЕЛІ ҮШІН ТУҒАН ҰЛ
Жуырда Елбасы «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын халыққа жолдаған болатын. Мұндағы басты мақсат – Қазақ елін сыннан сүрінбей өткізу. Тек қана бір Жолдаудың өзінен Елбасының елім деп еміренген, ел үшін туған ер екенін анық көруге болады. Бұдан басқа да мысал ұшан-теңіз. Елбасы елді жақсылыққа, қуанышқа, іргелі ірі істерге бастаушы деп білеміз.
Қазақ халқы – өте ырымшыл халық. Оған дәлел, осы Мемлекет басшысының еңбегіне, батылдығы мен батырлығына разы болған халқымыз нәрестелерінің есімін де Нұрсұлтан деп қоюы жиі орын алуда. Мұның барлығы –да көрегендігімен әлемге үлгі болған Елбасыға деген құрмет.
Нұрсұлтан Әбішұлы кешегі үш жүзді біріктірген Абылайдың тұяғы десек жаңылмаймыз. Өйткені, 70 жыл Кеңес Үкіметінің қарамағында күн кешкен қазақтың басын біріктіріп, ауызбірлікке бір адамдай жұмылдырып, 1991 жылы еліміздің «Тәуелсіздік» атты тұғырын орнатты. Одан кейін елдігіміз сақталып, санадан кеткен салт-дәстүрлерімізді қайтадан жаңғыртты. Бұның бәрі – Елбасының еңбегі.
Егемендіктің алғашқы жылдары елдің тілі де қыл үстінде тұрғаны хақ. Сол кезде «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген өткір оймен тілдің тұғырын босатқан жоқ басшымыз. Бабалар аңсаған жас мемлекет аяғынан тік тұрып қана қоймай, аз ғана уақыт ішінде бәсекеге қабілетті 50 ел қатарына қосылып үлгерді. Тәуелсіздіктің тұғырын биіктетіп, Туын көктен желбіреткен Қазақ елінің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың аты тарихта алтын әріппен жазылары сөзсіз.
Диас АЙБАРОВ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенті.