ЕЛГЕ СЫЙЛЫ СӘЛИ ЕДІ… (Эссе)
Дана халқымыздың «көп жасаған біле ме, көп көрген біле ме?» деген сөзінде үлкен мағына жатыр. Жасаған иеміздің өзі өліара шақта өмірге келтіріп, екі ғасырдың куәсі болуды нәсіп еткендіктен, ішкен-жегенімізге мәз болмай, бастан кешкенді таразыға тартып, өткеннен өнеге, тарихтан тәлім беруді ақсақалдық парыз санаймын. Осы орайда өз басым өткен ғасырда артына ұлағатты ұрпақ, өнегелі іс қалдырған ауыл шаруашылығы қызметінің майталман ұйымдастырушысы, іскер басшысы, Социалистік Еңбек Ері, Жылыой ауданының Құрметті азаматы Сәли Шәкірова жөнінде сыр шертпекпін.
Әр елде, әр жерде жалпақ жұрт, қалың қауымның ардақ тұтып, құрмет көрсететін өнегелі әулеті болады. Ондай әулет кісіні байлық-дәулетімен немесе даңғаза даңқымен қызықтырмайды, халықты қарапайым қалпымен, қадірлі ісімен қаратады. Сүйкімді мінез-құлқымен мойындатады. Соның бірінің арғы бастарында ар-иман, ақыл-сана, игілік пен инабаттылық, тектілік пен адалдық тұрады. Мен Сәли Бердіқұлқызы Шәкірованың бойына осындай асыл қасиеттер атасы Имаштан, әжесі Жазықтан, әкесі Бердіқұлдан, анасы Болшаннан дарыған деп білемін. Дуадақ ұшқан боз төбеде туып, «ұяда көргенін ұшқанда ілген» қарапайым қазақ қызының шыққан биігі, алған асуы бұл сөзімізге айқын дәлел болғандай.
«Биікке қалықтап қыран да шығады, жорғалап жылан да шығады» деген нақыл сөз бар. Сәли апайдың өз еңбегімен өрге шығуы, өрлеуі, еліне елеулі, халқына қалаулы болуы — кейінгі буынға тағылымды өнеге. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам» тақырыбындағы тұжырымдамалық мақаласында атап айтылғанындай, адал еңбек қана мұратқа жеткізетінін іс жүзінде айшықтап өткен жанның бірі де, бірегейі – осы Сәли еді.
1919 жылы Жылыой ауданының Ембі ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген ол еңбек жолын он бес жасында жұмысшы болып бастайды. Жігерлі жас ерен еңбегімен айрықша көзге түсіп, 1938 жылы 19 жасында ұжымшарда қой фермасының меңгерушісі болып тағайындалады. Жастығына қарамай, өзінің ерекше салиқалылығымен, үлкенмен де, кішімен де тез тіл табыса алатын қағылездігімен ерекшеленді. Ферма меңгерушісі бола жүріп те қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылды.
…Бір күні Имаш ақсақалдың ауылына «құдайы қонақпыз» деп екі жігіт келе қалды. «Әуелден ауылымыз аралас, малымыз қоралас елміз ғой. Оның үстіне бұрыннан да құдандалы, тел өскен жұртпыз» деп бастап кетті сөзін келген қонақ. Әңгімесінің түйіні де белгілі бола бастады. Қалағаны — Имаш атаның Сәлидей сұлу қызы. Бойжеткенге көңілі ауып, көзі түскен жігіт — Шәкір ақсақалдың Үрім деген үріп ауызға салғандай ұлы.
Үрім — оқыған-тоқыған, қазақша, орысша сауатты, білікті жігіт. Ұжымшарда есепші (кейіннен ауылдық кеңестің хатшысы) қызметін атқарған. Уәделескен күн де келді, той болды, ақ отау тігілді. «Тек қана тірлігіміз тәтті, болашағымыз бақытты болса…» деген ақ тілек…
Сөйтіп, ананың ақ сүтін емген Сәли қыз Шәкір ақсақалдың шалқар шаңырағын оң аяғымен аттаған келісті келін болды. Атаның алдынан өтпеді. Ененің сөзін жерге тастамады. Қарға тамырлы қазақтың талай алтын сүйек ағаларына өз қолымен ақ дәмін ұсынды. Көргенді мінез-құлқымен, кісілікті иманды тәлім-тәрбиесімен халқынан ағыл-тегіл алғыс естіді, бата алды. Сәли енесі Мияшқа да бірден ұнады, көңілінен шықты. Ене мен келін бірлесіп, үйдің қорғаны мен тірегі, елдің азаматы атанған Үрімді екеулеп үкіледі, тілегін тіледі…
— Сәлияш, сен маған ырыс болып келдің, — деді бір күні ері Үрім қуанып. — Ел сенің жақсылығыңды, адамдығыңды, қайырымдылығыңды, мейірімділігіңді айтып мақтайды. Тәңіріміз тілегімізді қабыл қылып, ұзақ та, ұлағатты ғұмыр кешсек деймін.
Осылайша, жас отау иелерінің ынтымағы жарасып, өмірлері шаттықты өтіп жатты. Сәли Амангелді атындағы ұжымшардың ірілендірілген- біріктірілген қой-жылқы фермасының меңгерушісі болып жоғарылатылса, Үрім ауылдық кеңестің хатшысы болып сайланды.
«Ыстықсың-ау, ыстықсың өскен ауыл,
Сен десе елжірейді өкпе-бауыр» деп ақын жырлағандай, туған жер, өскен ауылын сүйіп, қадірлемейтін азамат кемде-кем. Арғы-бергі тегімізге, тарихымызға зер салсақ, ата-бабаларымыз кеңдіктен кем болмапты. Қырық құбылған дүниенің толқыған көлін де, құйын үйірген желін де көріпті. Бірақ, қырмызы қызығы, жияр дәулеті азаймапты. «Дүние — үлкен көл, замана соққан жел, алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер…» деп Абай айтқанындай, осы мақалаға арқау етіп алып отырғанымыз, бір әулеттің — жас отау иелері — Сәли мен Үрімнің ел алдындағы ерен еңбектері мен кешкен мағыналы ғұмыры туралы. Дүние есігін ашқан әр адамның өмір жолы ешкімге ұқсамайды. Тағдырдың басқа салған қиындығын бір өзі көтеріп қана қоймай, сол ауыртпалықты қажыр-қайратымен жеңіп шығатын қарапайым жандардың ерлікке пара-пар ғұмыры жайлы толғанғым келеді менің.
Міне, Сәли апайдың еңбек жолы да қарт Каспийдің жағаға соққан толқыны іспеттес, бірін-бірі алмастырып жатты. Ол алғашқы еңбек жолын жай қой фермасының меңгерушілігінен бастап, енді ірілендірілген қой, жылқы, түйе, сиыр фермасының меңгерушісіне жоғарылатылды. Осындай үлкендердің үлгісін, саңлақтардың сабағын алған Сәли кейінгі өсу жолдарында, биіктеу баспалдақтарында адам бағасын, кадр қадірін, өмір мәнін, заман бедерін саралайтын, үкімет үмітін ақтайтын, жақсылық пен жаңалықты жақтайтын, жұрт мақтайтын тура, тұрлаулы, көпшіл, қамқор басшы болды. Жүрегінен жылу есіп жүретін, ашық айтып, адал күлетін, ер көңілді, мәрт мінезді Сәли апай енді, міне, туған елінің ту ұстайтын тұлғаларының біріне айналды.
1942 жыл. Қаңтар айы, қақаған қыс, сақырлаған сары аяз. Ұлы Отан соғысының қиян-кескі сәттері. Сталинград майданындағы кескілескен ұрыс. Шәкір ақсақалдың қос ұлы – Үрім мен Түрікпенбайға да шақыру қағазы келді. Ана аңырап, бауырлар бебеуледі, сүйген жар Сәли зар жылады…
«Уа, Жаратқан ием, о, Құдайым-ай…». Дәл осы сәтте Сәлидің бойын толғақ қыса бастады. Мияш енесі келінінің белін ұстауы мұң екен, сәби шыр етіп түсе қалды.
— Уа, сүйінші! Үрім, ұлды болдық, атын өзің қойып кет,- деп шуласты жеңгелері.
— Ұлымның аты Играшин болсын, — деді Үрім.
— Жылама, анашым. Әлі-ақ аман-есен келерміз. Бір-біріңе ес болғайсыңдар. Келінің Сәли, Играшинім саған аманат, анашым, — деді Үрім. Қос ұл майданға аттанып кетті…
Жылдар жылжып өтіп жатты. Күн сайын ауыл-ауылға, үй-үйге қаралы қағаз келіп жатты. Ал, майдангер Үрімнен хат сап тыйылды. Содан араға екі жыл салып, «1944 жылдың 14 қазанында Үрім Шәкіров майданда ерлікпен қаза тапты» деген қаралы хабар келді. Әрине, ол хабарды естірту де, есту де оңай болмады. Аса қайғылы хаттың тоқпағы ана мен Сәлиге қатты тиді.
«Енем рухы мықты, текті ауылдан шыққан есті кісі еді. «Жұмысқа шық, баланы өзім бағам» деді. Сол кісінің арқасында қиындыққа бой алдырмай жұмысқа шығып кеттім, қиындықтарды жеңіп, қайғы-қасіреттерге бой алдырмай, жауға деген ызама ыза қосып, Жеңіс үшін еңбегімді еселей түстім»,- деуші еді Сәли апай.
Айтса айтқандай-ақ, ферма малшылары соғыс қиыншылығын жеңе отырып, аянбай еңбек етті. Ең бастысы, басшы адамдардың еңбегін жақсы ұйымдастыра біліп, өзі де аянбауы керек. Сөйтсе ғана жар қайғысы жеңілдейтіндей де көрінді. Фермада мал басын көбейтіп, қой санын арттырып, 1200 саулықтан 1441 қозы алды, сөйтіп фермадағы 4428 қой санын 5240 басқа жеткізіп, міндеттеме 20 пайызға асыра орындалды. «Әр жүз саулықтан 120 қозы орнына 126 қозы алдық» деп шаттанушы еді сондай сәттерде Сәли апай. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1948 жылғы 23 шілдедегі Жарлығы бойынша Сәли Шәкіроваға Социалистік Еңбек Ері деген жоғары атақ берілді.
Бұл Сәли апа ұйымдастырған, Сәли апа ашқан ұжымдардағы «Әйелдердің еңбек мектебі» деп айтарлық ұлағатты бастаманың жемісі еді. Шынында да, ол басқарған фермада жұмыс қайнап жататын. Күндізгі жанкешті ауыр жұмысқа қоса, түнде тағы да көз ілместен майдандағы жауынгерлерге арнап азық-түлік, сары май дайындау, жылы шұлық, қолғап, кеудеше тоқу, шалбар, тон тігу…
Көзім көрді ғой. «Арық қазамыз, жап ашамыз, шөп шабамыз, қырман басамыз, егін саламыз» дейді Сәли апай. Сонда оның қарауындағы әйелдер тәулігіне 24 сағат жұмыс жасайтындай болып көрінді маған. Сонда талапшыл, қамқор жетекші Сәли апайдың ерен еңбегін барлық әріптестері де жете түсініп, орынды бағалап, «төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп еңбек еткендері сүйсінерліктей болатын.
«Еңбек деген байлық бар, ерінбеген жететін, жоқшылық деген кесірді, жермен-жексен ететін…» деп халқымыз қалай тауып айтқан?! Еңбек пен бақыт бір-бірімен қатарлас жүретінін, оның қадірі мен қасиетін түсінгеннің мәртебесі өсетінін осы бір қарапайым қазақ әйелінің — Ананың өмірінен анық көреміз. Ақкөңіл, мейірімді жанның басындағы құрмет те, атақ та, бақ та кез келгенге бұйырмасы анық. Әрине, оған жету үшін қаншама ұйқысыз түн мен қарбалас күндер өтті десеңізші. Ол бақытын еңбектен ғана емес, текті басынан да тапты. Енесімен сыйластығының арқасында Құдай берген жалғыз ұлы Играшинді әкесіз бақты, өсірді, оқытты, азамат қылып жеткізді. Сол Играшинінен жеті немере, тоғыз шөбере сүйіп өтті өмірден, бұл да — Бақыт! Бәрін де оқытты, бәрі де — бүгінде жоғары білімді мамандар, ел экономикасын дамытуда сан салада еңбек етуде…
Түйіндеп айтар болсақ: «Та-рих толқынындағы халық» дегендей, Сәли Шәкірованың есімі ескерусіз қалмаса екен, бұл атақты тірісінде керек етпеген оның өзі үшін емес, оның артында қалған елі үшін, болашақ ұрпақ тәрбиесі үшін өте қажет. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының күні кеше өткен XV съезінде адал еңбек, маңдай тердің қадір-қасиеті, ол шығарар биік, ол әкелер мәртебе жайында келелі ой толғағаны да осыдан. Яғни, біз Сәли апайдай Еңбек Ерлерін кейінгі буынға өнеге етудің барлық мүмкіндіктерін қапы жібермегеніміз жөн. «Ерлік — елге мұра, ұрпаққа ұран» дегеніміздің мәнісі де осы.
Нұр-Мұхаммед ЕСЕНӘЛІҰЛЫ,
КСРО, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Нұр Отан» партиясының мүшесі, Жылыой ауданының Құрметті азаматы.