Елге керегі – газет дерегі
ОСЫ АПТАНЫҢ БАСЫНДА АТЫРАУ ОБЛЫСЫНА ҒИБРАТҚА ТОЛЫ ҒҰМЫРЫН ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТКЕ АРНАҒАН БЕЛГІЛІ ЖУРНАЛИСТ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «QAZAQSTAN DAUIRI» ГАЗЕТІНІҢ, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «МӨЛДІР БҰЛАҚ» БАЛАЛАР ЖУРНАЛЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ, «ЕЛ – АНА» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ СӘУЛЕ МЕШІТБАЙҚЫЗЫ АРНАЙЫ ІССАПАРМЕН КЕЛДІ. ОЛ ОБЛЫС ӘКІМІ СЕРІК ШӘПКЕНОВТЫҢ ҚАБЫЛДАУЫНДА БОЛЫП, БҮГІНГІ ЖАСТАР ТӘРБИЕСІ, КІТАП ПЕН ГАЗЕТ-ЖУРНАЛ ОҚУ ҮРДІСІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ, РУХАНИЯТТЫҢ ЖАЙ-КҮЙІ ХАҚЫНДА ЕМЕН-ЖАРҚЫН ПІКІР АЛЫСТЫ, ҚҰНДЫ ОЙ-ҰСЫНЫСТАРЫН ОРТАҒА САЛДЫ.
Индер ауданында болған Сәуле Мешітбайқызы оқырман жұртшылықпен кездесу өткізді. Бөлім басшылары, мұғалімдер мен мектеп оқушылары, БАҚ өкілдері қатысқан шараны алдымен аудан әкімінің орынбасары Артур Мурзин сөз сөйлеп ашып, кездесуді еркін форматта өткізуді ұсынды.
– «Көк темірге» құл болған қазіргі кезде қазақ газеттеріне жазылу бәсеңдеп келе жатқаны белгілі. Сондықтан, жас ұрпағымыз көбірек газет — журнал, кітап оқып , тіл байлығын дамытса, есте сақтау қабілетін арттырса деген ниетім бар. Сондай-ақ, біз «Ел аманаты» деген атаумен бекерден-бекер жүргеніміз жоқ. Өйткені, біз аграрлы мемлекетпіз, елдегі шаруашылық пен білім мәселесін жинақтай келе, елдің, жердің аманатын сол өңірде қалдырмай, жоғары жаққа жеткізіп, теңізге тамшы құйғандай болса да көмегімізді бергімізкеледі,- деген Сәуле Мешітбайқызы жүздесуге қатысып отырған мектеп шәкірттеріне алдағы уақытта өздерінің төл шығармаларын газетке беріп, жас тілші болуға мүмкіндіктері бар екендігін де атап айтты.
Ашық пікірлесу сипатында өткен кездесуде ардагерлер Кеңес Сахи, Серікқали Жұқиев ауданға келген қонаққа алғысын білдіре келе, аудан тарихына тоқталып, көтеріліп отырған мәселенің тек бір ғана отбасы, не бір ғана газеттің емес, тұтас ұлттың мәселесіне айналып отырғанын айтса, аудандық «Дендер» қоғамдықсаяси газетінің бас редакторы Жанай Амантурлин қай кезеңде де газет өміршеңдігін жоймайтынына нақты мысалдар келтірді. Ал, аудандық білім бөлімінің басшысы Орынша Ділмұқашова өз сөзінде «ұлттың болашағы үшін әлеуметтік желіні реттейтін заң қабылдау керек» деген ұсыныс тастады.
– Бір кездері біздер орысқа табынып өткен дәурен болған. Қазір, міне, ел азаматтарының мықты саясаттарының арқасында әлемдік бәсекеде ұтылмай, алпауыт елдердің тамағына жұтылмай аман-есен ел болып қалғанымыз, тәуелсіз мемлекет болғанымыз – біздің ұлтжанды азаматтарымыздың арқасы. Сіздің бүгінгі сапарыңыз да соның жалғасы деп білемін. Шыны керек, газет әрқашан құнды. Кейде жазылым науқаны басталар шақта «газетке жазылып не керек, бәрі әлеуметтік желіде бар емес пе?» деген пікірлерді естіп жатамыз. Бұл – қате пікір. Жыл сайын бірнеше миллионға мектеп кітапханасына кітаптар алдыртамыз. Соның барлығы – мемлекеттің балаларға жасаған көмегі. Шын білімді кітаптан , газеттен ала аласыздар, — деді ол.
Одан соң Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Г . Қайырова ұрпақ тәрбиесіне қатысты өз ойларын ортаға салса, оқушылар Альфия
Серікова мен Ринат Базарбай сұрақтарын қойды. Сәуле Мешітбайқызы оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап қайтара отырып, оларды кітап пен газет — журнал оқуға шақырды. Кездесуді аудан әкімінің орынбасары А.Мурзин қорытындылап, Сәуле Мешітбайқызына мазмұнды кездесу үшін алғыс білдіріп, кездесу соңында жиналғандар естелік суретке түсті.
Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ