
Елдің ынтымағын арттыратын алаң
Біз интернационалдық отбасымыз, отағасы Денис — болгар, өзім орыс ұлтынанмын. Бүгінгі Астанада өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы – ниеттерді тоғыстыратын, бейбітшілік пен келісімнің биік мінберіне айналған маңызды оқиға болды.
Сессияда айтылған әрбір ой, әрбір бастама – еліміздің татулығы мен бірлігін арттыруға бағытталған. Әсіресе, этномәдени бірлестіктерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау, қазақ тілін меңгеруге жасалып жатқан жағдайлар, жас буынның санасына елге деген сүйіспеншілікті сіңіру туралы бастамалар жүрегіме жылы тиді.
Қазақстан – көп ұлттың ортақ шаңырағы, ал біз – сол шаңырақ астындағы бауырлармыз. Бұл жерде әр этностың үні естіледі, мәдениеті мен салтына құрмет көрсетіледі. Мен өзімді осы ұлы даланың төл перзентіндей сезінемін. Ел ішінде жарастық пен түсіністік үстемдік құрған кезде ғана болашағымыз баянды болмақ.
Ассамблеяның сессиясы – тек есеп беру немесе баяндамалар мінбері емес, ол – халықтың үнін, көпшіліктің тілегін жеткізетін, елдің ынтымағын арттыратын рухани алаң. Сондықтан мұндай жиындардың маңызы орасан. Бірлігі бекем елдің шаңырағы әрдайым биік болатынына сенемін.
Анна ПЕЙЧЕВА
Индер ауданы