Елдің бірлігіне ризамын…

fb img 1712855907674 Қоғам


Жем өзеніндегі су тасқынын естіген бойда Атырау облысына жан-жақтан жеткен мамандар, тиісті құрылым қызметкерлері және әріптесіммен бірге мен де келдім. Қиын жағдайда туған жердегі табиғаттың дүлей күшінен ел-жұрттың аман қалуына үлес қосуды ел алдындағы перзенттік парызым деп ойладым.


Құлсары қаласында үш күн бойы халықтың ахуалын зерделеп, қолдан келгенше өз тәжірибемді бөлістім. Жедел көмектің ұйымдастырылуына атсалыстым.
Қазір Құлсары қаласында ахуал тұрақталып, қала ішіндегі судың деңгейі төмендей бастады. Су сору жұмыстары үздіксіз жасалып жатыр. Жем өзенінің Каспий теңізіне қарай ағатын салалары түгелдей ашылды, қала ішіндегі су іркілген учаскелерде су сорғылары, мотопомпа, ассенизатор көліктердің қазір кідіріссіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет. Енді комиссия құрылып, Құлсары қаласы, жалпы аудан бойынша су тасқынынан зардап шеккен нысандар толық әрі жедел түрде зерделенуі тиіс. Ал, қалпына келтіру жұмыстарын шұғыл ұйымдастырған жөн. Өйткені, біршама нысан бүлінді. Тасқын кезінде қайтыс болған бірнеше адам да бар, олардың отбасы мен ағайын-туыстарының қайғысына ортақпын.


Жалпы облыс бойынша тасқын судан қорғану шараларының қарқыны жақсы. Дегенмен кемшіліктер де жоқ емес. Бульдозер, экскаватор, жүк тиегіш тәрізді арнаулы техникалар тапшылығы әсіресе Атырау қаласында да, аудандарда да айқын сезіліп тұр. Қазір күндіз-түні бөгет соғып жүрген тұрғындарға түнгі мезгілде жарық керек, ол үшін дизель-генератор, электр желісі тартылуы тиіс. Қала маңындағы жұмысты әлі де күшейту үшін ірі еңбек ұжымдары, әсіресе басшылар жауапкершілікті сезініп, халықты жұмылдырғаны жөн.


Махамбет ауданында да өте жақсы жұмыстар жасалғанына өзім куәмін. Жаға бекіту жұмыстарына күллі ел жұмылып, өз күштерімен, тіпті техниканы жалдап алып жатқандар да бар екен. Сол жерде біз ақсақалдардың ақыл-кеңесін де ескердік. Осыны көзбен көрген Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев республика Қорғаныс министрлігіне хабарласып, ауданға 300 жауынгер жіберуге ықпал етті. Индер ауданында да жұмыс қарқынды түрде жүріп жатыр.
5-10 сәуір аралығында Атырау халқымен қоян-қолтық бірге жүргенде мені қуантқаны – бірлік пен ұйымшылдық. Негізгі қауіп Жайық өзенінен болған соң ел-жұрттың бірігіп, жедел қимылдай бастағаны көрініп тұр. Бастапқыда су тасиды дегенде дүрлігіп, басқа өңірлерге кетпекші болғаны да, сенімсіздік білдіргені де болды. Бірақ халық етек-жеңін тез жинап алды.


Қазір «Ғарыш сапары» Ұлттық компаниясы арқылы геодезистер мен су мамандары бірігіп, гидрологиялық және картографиялық жұмыстар жасалды. Соның негізінде өзен бойындағы қауіпті учаскелер нақтылануда. Атырау облысы аумағына тасқын су келгенше Бақсай, Нарын каналдарын, Соколок, Зарослый, Бухарка, Перетаска өзектерін, басқа да су арналарын тазарту жұмыстарын шұғыл аяқтау жөнінде шешім қабылданды, ол үшін ел аумағынан кәсіби мекемелер, мамандар мен техника келе бастады. Алдағы уақытта Атырау облысы бойынша өзен арналарын тазарту жұмыстары қарқынды түрде жүруі керек.
Облыстағы бұл жұмыстарды Премьер-Министрдің орынбасары, республикалық штаб төрағасының орынбасары Қанат Бозымбаев жергілікті жерде үнемі қадағалап, өзі халықпен кездесіп, жағдайды жүйелі бағалап отыр.
Сондықтан, туған жеріме жаным ашығандықтан, Атырау қаласының тұрғындарын көп мазасызданып, үрейге берілмеуге шақырамын. Әрине, қиындықтар бар, тіпті Жайық өзенінің бойындағы кейбір учаскелердің осал екенін де жоққа шығаруға болмас. Дегенмен Жайыққа жоғарыдан келетін жыл сайынғы өр суы мұхиттан соққан жойқын дауыл – цунами емес қой. «Қаланың тең жартысын басып кетеді екен» деген алыпқашпа қауесетке халық сенбеуі тиіс.
1993-1994 жылдардағы тасқынды көзбен көрдік. Ол кезде Жайық өзені тасығанда Каспий теңізі бағытынан жел көтеріліп, суды біршама жоғарылатты. Қазір теңіздің деңгейі әлдеқайда төмен, шамамен 30 километрге дейін тартылып кеткен. Өрден келген су теңізге құяды. Сондықтан, өз басым «Атырау қаласын су басады, ол халыққа айтарлықтай зардабын тигізеді» деген күмәнді ойдан аулақпын.
Қай дәуірде де су – ел мен жердің ырысы, халықтың несібесі. Мұндай мол су бұрындары да келген, оны көрген адамдар болды. Тек соңғы жылдары өзен арналары құрғап, мол суға көзі үйренбеген соң байбалам салып жүргендердің әрекетін құптамаймын. Әлбетте, тиісті құрылымдар ертерек қамданғанда, мұндай дүрлігу болмас еді.
Келешекте мұндай жағдайларда жедел шаралар қабылдау үшін еліміздің нормативтік-құқықтық актілеріне өзгерістер мен түзетулер енгізу керектігі де осы күндерде айқын көрінді. Енді сол кемшіліктер мен осал тұстарымыздан сабақ алғанымыз жөн.
Дүйсенбай ТҰРҒАНОВ,
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты

Астана қаласы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз