
Елдік мұратқа қызмет етудің ұлы жолы
Елдегі іргелі өзгерістердің, қоғамдық санадағы серпілістердің бел ортасында елдік мүддені ту етіп жүрген қаламгерлердің еңбектері ерекше. Осы биік ұстанымды өмірлік мұраты еткен саңлақтардың бірі – белгілі журналист, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, қоғам қайраткері, Парламент Сенатының әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре ЖҮСІП жуырда «Атырау» газеті үшін арнайы сұхбат берді.
Қоғамның тамырын дөп басып, уақыттың үніне үн қосу – халқының мұңын терең сезіп, жүрегімен ұғатын жанашыр жандардың ғана қолынан келетін іс. Журналистиканы жай кәсіп емес, «елдік мұратқа қызмет етудің ұлы жолы» деп ұғынған Нұртөре Байтілесұлы – қалам мен мінбердің де жауапкершілігін қатар арқалаған қайраткер тұлға. Газет бетінде өткір ой айтса, бүгінде Парламент мінберінде елдің мүддесін қорғап жүр. Қаламы қарымды журналист жаңа заңнамалардан бастап ақпараттық қауіпсіздік, ұлттық құндылықтар, тіл мен тәрбие, медиа саласындағы реформалар сынды өзекті мәселелер жөнінде батыл да байыпты көзқарасын танытып келеді. Бүгінгі сұхбатта уақыттың үні, елдік мүдде, замана сыны мен сана биігі қатар өрілді.
Қоғам «қалғып» кетпеуі үшін…
– Нұртөре Байтілесұлы, Сіз үшін журналистика нәпақа табатын кәсіп пе, әлде ел алдындағы миссия ма?
– Жалпы, журналистикадағы жауапкершіліктің жүгі ауыр, міндеті зор. Оны қызмет десек те, миссия десек те болады. Қоғамның «қалғып» кетпеуіне ықпал ететін қуатты құрылым ретінде қарастырған дұрыс. Журналистика тарихына көз жүгіртсек, Алаш азаматтары – Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов, Бейімбет Майлин, кейін Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мүсірепов – барлығы да елге қызмет етудің жолын осы сала арқылы бастаған. Бұл – бекер емес. Себебі журналистика – ақиқаттың жолы, қоғамдық сананы түлететін ықпалды тетік.
Мен өз мамандығымды мақтан етемін. Егер өмірді қайта бастауға мүмкіндік туса, мен тағы да журналист болар едім. Өйткені ол – ақиқаттың, әділеттің жағында тұру, қоғамдағы әділетсіздікке шыдай алмайтын, елдің сөзін сөйлейтін, мұңын жеткізетін мамандық иесі. Ал қоғамдық санаға серпіліс жасау – бұл саланың шын мәніндегі миссиясы. Журналист болу – елдің рухын көтеру, елдік сананы ояту, тарихи сана мен ұлттық мұратты терең түсіну.
Сондықтан журналист болуды үлкен мәртебе санаймын. Бұл – анық ақпаратты жеткізіп қана қоймай, елдің тағдырына ықпал ететін қызмет. Осы жолда өз мамандығымды таңдағаныма өкінбеймін. Журналистиканы – елге қызмет етудің үлкен мектебі, азаматтықтың ордасы деп білемін.
Рух пен ұлттың үнін жеткізуші
– Осы тұста қазіргі қазақ журналистикасының басты кемшілігі мен артықшылығына тоқталсаңыз…
– Біріншіден, дәстүрлі медиа трансформацияланып, жаңа сипат алды. Технология мен жаңа медианың қарқынды дамуын қазақ журналистикасының бүгінгі артықшылығы деуге болады. Цифрлы кеңістіктің есігі айқара ашылып, журналистика бұрынғыдан да кең өріс алды. Соның нәтижесінде қоғамдағы өзекті мәселелерге үн қосудың мүмкіндігі артты. Халық та, билік те бүгінде журналистиканың ықпалын мойындап, одан үміт күтеді, сенім артады. Бұл – үлкен артықшылық.
Мысалы, соттан әділдік таппаған жұрттың ең соңғы үміт артатын инстанциясы – бұқаралық ақпарат құралдары, әсіресе газет пен журнал редакциясы. Бұрыннан қалыптасқан бұл сенім бүгін де өз маңызын жоғалтқан жоқ. Осы тұрғыдан алғанда, журналистиканың қоғамдағы орны әлі де ерекше.
Ал енді кемшілігіне келсек, ала-құла дүниелер аз емес. Бірақ меніңше, бүгінгі қазақ журналистикасындағы ең үлкен кемшіліктің бірі – тілдің жұтаңдануы. Жас журналистердің басым бөлігі сөздік қорын байытуға, тіл мәдениетін дамытуға аса мән бере бермейді. Көркем әдебиетті көп оқымайды, ізденбейді. Соның кесірінен орашолақ сөйлемдер, жұтаң құрылымдар жиі кездеседі. Кейбір фразеологизмдер мен мақал-мәтелдердің мағынасын бұрмалап қолдану – кәсіби әлсіздіктің белгісі. Мұның бәрі терең білім мен тілге деген құрметтің кемдігінен туындаса керек. Бұл – ойландыратын мәселе.
– Сіз басшылық еткен «Жас Алаш» пен бүгінгі онлайн медианың айырмашылығын қалай сипаттар едіңіз? Ақпарат тарату тәсілі ғана өзгерді ме, әлде мәні де өзгерді ме?
– Мен «Жас Алаш» газетінде бас редактор болған кезең – мүлде бөлек дәуір. Ол кезде онлайн медиа атымен жоқ. Сондықтан бір ғана «Жас Алаш» газеті бүкіл медиа кеңістіктің жүгін арқалап, халықтың рухани сұранысын өтеп тұрды. Әлеуметтік желі, интернет болмаған уақытта «Жас Алаш» қоғамдағы түрлі мәселелердің мінберіне айналды. Халық таңертең «Жас Алаш» не жазды екен?» деп елеңдеп, «кімді сынады екен?» деп көз тігетін. Ол басылымның сөзі салмақты, үні өткір еді. Бұл – сөзсіз шындық.
Бүгінгі жағдай басқаша. Онлайн медиа кең өріс алды, сан алуан сайттар пайда болды. Олар да өз орнын табуға ұмтылуда. Алайда осы ақпарат тасқынында елдік мүддені, мемлекетшілдік ұстанымды негіз етіп ұстанатын, салмақты ой айтып, салиқалы сараптама жасайтын материалдар сирек. Жаңа медиа көбіне жаңалыққа, қызық қуған контентке, түрлі подкастар мен пікірлерге сүйеніп, қоғамға ой тастап отырады. Бұл да қажет шығар.
Дегенмен сол жаңа медианың арасынан «озып шыққан», қоғамда ықпал етіп отырған, кәсіби және қаржылық жағынан табысқа жеткен қазақ тіліндегі сайттарды саусақпен санауға болады. Біз коммерциялық «Крыша», «Колеса» сияқты платформаларды білеміз, бірақ нақты табысқа қол жеткізген қазақтілді сайттарымыз жоқтың қасы деуге болады.
Қоғамдық-саяси мәселелермен ғана шектеліп қалмай, жаңа медиа өз әлеуетін толық ашып, ықпалды күшке айналуы керек. Қазақ тілді журналистер осы бағытта ойлануы қажет. Мәселе – тек танымал болу емес, өз ісің арқылы табыс табу, өз кәсібіңе адал болу, әрі қоғамда шынайы ықпал қалыптастыру.
– Қалай ойлайсыз, жас журналистер аға буынның ізін лайықты жалғастырып келе ме? Оларға қандай кеңес берер едіңіз?
– Жас журналистерге айтар ең алғашқы кеңесім – әркім өз-өзіне сұрақ қоя білуі керек. «Мен бұл мамандықты не үшін таңдадым?», «Шын мәнінде журналист болғым келе ме?», «Егер болсам, қандай журналист болғым келеді?» деген сұрақтарға шынайы жауап берсе деймін. Өйткені қазір журналистика факультеттерінде оқитын жастардың көпшілігі тележұлдыз болуды армандайды. Ал нақты газет-журналға барып жұмыс істеуге, радио мен баспаға араласуға ниет танытпайды. Бұл үрдіс ертең газет-журнал саласында кәсіби кадр тапшылығына әкелуі әбден мүмкін.
Бүгінде көп студент танымал болуды ғана көздейді. Журналистикаға тек экран арқылы танылу үшін ғана келгендер бар. Ал шын мәнінде бұл мамандық – терең білім мен жанкешті еңбекті талап ететін үлкен сала. Журналистика – бір-екі хабар оқып, диктор болумен шектелмейді. Бұл – ілім, бұл – рухани күш, бұл – қоғамға ықпал етер құрал.
Сондықтан жастар мамандық таңдаған кезде, ең алдымен өз мақсат-мүддесін анықтап алуы керек. Елге қызмет етемін деген ниеті бар ма? Қаламы ұшқыр ма, ойы жүйрік пе? Қоғамды ойландыратын, қозғайтын, сараптамалық дүниелер жазуға қабілеті жете ме? Осылардың бәрін таразылай келіп, ой тоғыстырғаннан соң ғана журналист болуға ұмтылғаны жөн.
Халыққа жақын қаламгер
– Журналистика билікке жақын болуға тиіс пе, әлде халыққа жақын болуы керек пе? Сіздің осы тұрғыдағы ойыңыз қандай?
– Орынды сауал. Меніңше, билік те, халық та – бір қазақтың еншісіндегі дүниелер. Сондықтан оларды бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Журналистика – ең алдымен қазаққа, яғни ұлтқа қызмет етудің жолы. Қазіргі таңда билік құрылымдарының 80-90 пайызынан астамы қазақ ұлтының өкілдерінен құралған. Мұндай ахуал бұрын-соңды болмаған. Бұл – ел егемендігінің нақты көрінісі. Бүгінгі таңда біздің өз билігіміз, өз саяси жолымыз, дербес даму бағытымыз бар. Ал сол биліктің өзі – халыққа қызмет ету үшін құрылған тетік.
Журналистиканың міндеті – биліктің сөзін сөйлеп, ұрандап немесе насихаттың құралы болу емес. Кеңестік кезеңдегідей аттан салып, біржақты көзқарасты тықпалаудың уақыты өтті. Қазіргі заман – сарабдал пікір мен салмақты сараптама кезеңі. Бүгінгі журналист билік пен халық арасындағы алтын көпір болуы тиіс. Ол – қоғамдағы мәселелерді, елдің мұң-мұқтажын билікке жеткізе білетін дәнекер. Журналистік миссияның түпкі мәні осы емес пе?! Сондықтан біреуді «билікке қызмет етті» деп күстәналауға немесе «халыққа жақпай жатыр» деп бір ерекше екпін түсіріп бөле-жарып қарауға болмайды.
– Осыдан бір жыл бұрын қабылданған бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңға қатысты пікіріңізді білсек. Бұл заң журналистердің еркіндігі мен жауапкершілігіне қалай ықпал етпек?
– Былтыр «Масс медиа» туралы жаңа заң қабылданды. Бұл құжат ең алдымен журналистердің еркін әрі тиімді жұмыс істеуіне жол ашуды көздейді. Заңда мемлекеттік органдарға сауал жолдау, ресми жауап алу мерзімдері бұрынғыдан әлдеқайда қысқартылды. Бұл – ашықтық пен жеделдікке жасалған қадам.
Сонымен қатар жаңа медианың дамуына байланысты бұған дейін заң жүзінде қамтылмаған, ескерілмей келген көптеген өзекті мәселелер осы құжатта көрініс тапты. Әрине, заң жаңа ғана жұмыс істей бастады. Сондықтан оның кемшін тұстары, оң нәтижелері мен әлеуетті олқылықтары – алдағы тәжірибе барысында белгілі болады. Біз, Парламент мүшелері, осы заңның қолданылу барысын бақылап, қажет жағдайда кейбір баптарды қайта қарауға дайынбыз.
– Сіз «ақпараттық тәуелсіздік» ұғымын жиі көтеріп жүрсіз. Осы ұғымды көпшілікке кеңірек түсіндіріп берсеңіз…
– Ақпарат белгілі бір саяси топтардың қолшоқпарына айналмауы керек. Ақпараттың тәуелсіз болуы – ең алдымен журналистің ар-ожданына, ұстанымына байланысты. Яғни қалам ұстаған жан түрлі құрылтайшылардың, қаржылық топтардың мүддесіне жығыла бермеуі қажет. Егер журналист біреудің айтағымен кетсе, шынайы ақпараттың жолы кесіледі.
Бүгінде әлеуметтік желіде анық-қанығы тексерілмеген, негізсіз ақпараттар тарап кетіп жатады. Кейін кешірім сұрауға мәжбүр болып, кейде істің сотқа дейін жететіні бар. Сондықтан журналистика – жауапкершілігі зор мамандық. Халықтың тағдырымен ойнауға болмайды. Ақпарат таратпас бұрын әрбір дерек мұқият еленіп-екшелуі керек. Жете зерттелуі қажет. Мен осындай ұстанымды ұстанамын.
Бұрындары көршілес елдердің ақпарат агенттіктеріне жиі жүгінетінбіз. Қазір Қазақстан – халықаралық қауымдастықтың толыққанды мүшесі. Сондықтан сыртқы ақпаратты шетелдік дереккөздерден тікелей алып, өз аудиториямызға ұсынып отырған журналистердің қатары көбейді. Иә, шет тілін меңгерген жас мамандардың саны артқаны қуантады. Бұл – үлкен жетістік. Сондықтан тәуелсіз елге – тәуелсіз ақпарат ауадай қажет.
Журналистика – жай ғана жазу емес
– Біздің пайымдауымызша сөз бостандығы мен ұлттық қауіпсіздік арасындағы шекараны белгілеу оңай емес. Қалай ойлайсыз, бұл екеуінің арасында тепе-теңдік сақталуы керек пе?
– Бұл мәселе заң шеңберінде ғана емес, ел тағдырымен, ұлттың тұтастығымен тікелей байланысты. Қазір біз қоғамның алаңдаушылығын туғызатын, ішкі тұрақтылыққа сызат түсіретін түрлі ақпараттардың таралып жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан ұлттық ақпараттық қауіпсіздік мәселесін аса маңызды, мемлекет болашағы үшін шешуші бағыт деп есептеймін.
Біз – халықаралық қауымдастықтың мүшесіміз. Ашық ақпарат кеңістігінде сырттан ағылып жатқан шексіз ақпарат тасқынының астында қалып қоймауымыз керек. Әлемдік трансұлттық корпорациялар мен алпауыт күштердің идеологиялық ықпалына еріп, өзіміздің ұлттық мүддемізді, елдік ерекшелігімізді, ақпараттық егемендігімізді жоғалтып алмау – бүгінгі ең өзекті міндеттердің бірі.
Сондықтан да «сөз бостандығы» деген ұстанымды алға тарта отырып, біз халықтың мұқтажын, мемлекеттің мүддесін, ұлтымыздың келешегін естен шығармауымыз керек. Бұл мәселеге ұлтты шын сүйетін жүрекпен, жанашырлықпен, ұлтжандылықпен қарауымыз қажет. Әсіресе, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары мұндай жағдайда сергек те салиқалы ұстанымда болуға тиіс. Ұлттық мүддеге келгенде ұстамдылық пен жауапкершілік басты қағидатқа айналуы керек деп есептеймін.
– Медианың тынысы кеңейіп, кез-келген адам ақпарат тарата алатын заманда кәсіби журналистиканың қоғамдағы рөлі қандай болуға тиіс?
– Бүгінгі таңда жаңа медиа дамып, ақпарат тарату мүмкіндігі баршаға қолжетімді болған заманда кәсіби журналистиканың бұрынғыдай қуатты ықпал күші сәл бәсеңсігендей көрінеді. Бұған блогерлердің журналистермен теңестірілуі де әсер етіп отыр. Нәтижесінде, кәсіби мамандардың беделі, салмағы төмендеп кеткендей көрініс байқалады.
Бұл – терең ойланатын мәселе. Журналистика – жай ғана жазу емес. Бұл – теориясы, тарихы, жанрлық құрылымы мен кәсіби әдістемесі қалыптасқан үлкен сала. Сол саланы оқу орнының қабырғасында игеріп, қолына диплом алған кәсіби журналист пен үйде отырып блог жүргізетін адамды бір қатарға қою – меніңше, әділетсіздік.
Блогер де қоғамға әсер ететін тұлға болуы мүмкін. Бірақ ақпаратты таратуда кәсібилік, этика, фактіні тексеру, жан-жақты саралау сынды жауапкершілік тек кәсіби журналистерге тән. Сондықтан бұл ара-жікті анықтау – қоғам үшін маңызды. Кәсіби журналистиканың рөлін қайта күшейтіп, беделін қалпына келтіру – уақыт талабы.
Қауіп пен жауапкершілік
– Ақпарат саласында жұмыс істеу – қауіп пен жауапкершілігі қатар жүретін сала. Заң аясында журналистің кәсіби қауіпсіздігіне байланысты қандай кепілдіктер күшейтілді?
– Иә, ақпарат саласы – қауіпті де, аса үлкен жауапкершілік жүктейтін сала. Мұны біз әсіресе ковид пандемиясы кезінде айқын сезіндік. Журналистер індет ошақтарынан тікелей репортаж жасап, алдыңғы шепте жұмыс істеді. Олар да дәрігерлер сияқты қауіпті жағдайда еңбек етті.
Сол кезеңде өз міндетін адал атқарған медицина қызметкерлеріне мемлекет тарапынан көмек көрсетілді – қайтыс болғандарға он миллион теңгеден, ауырғандарға екі миллион теңге мөлшерінде өтемақы төленді. Ал дәл сондай тәуекелмен жұмыс істеп, өмірден өткен журналистерге қандай қамқорлық жасалды? Көмек, қолдау көрсетілді ме өзі? Өкінішке қарай, бұл тұрғыда нақты қолдаудың болмағаны көңілге қаяу түсіреді.
Мен журналист мәртебесі туралы мәселені жиі көтеріп келемін. Бұл – тек әлеуметтік қолдауды арттыру туралы ғана емес, ең алдымен журналистің қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы мәселе. Олар ақпарат жинау, тарату барысында қандай да бір қатерге кезікпеуі тиіс. Бұл – мемлекет кепілдік беруі тиіс қағидаттардың бірі болуы қажет.
Статистикаға сүйенсек, әлемде шахтерлерден кейін өлім-жітімі жиі тіркелетін сала – журналистика. Қиын шақта, қауіпті аймақтарда, шиеленіскен оқиғалардың қақ ортасында жүріп, шынайы ақпарат тарату – олардың кәсіби міндеті ғана емес, ерлікке пара-пар еңбегі. Сондықтан журналистердің бас амандығы, кәсіби қауіпсіздігі – қоғам мен мемлекет назарында болуы тиіс ең өзекті мәселе.
– Сенаттағы қызметіңіз аясында медиа саласына қатысты қандай маңызды бастамалар көтеруді көздеп отырсыз?
– Сенаттағы әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің аясында біз мәдениет, ақпарат, медиа саласына қатысты заңнамалық әрі құқықтық тетіктерді жетілдіруге үнемі мән беріп келеміз. Бұл бағыттағы жұмыстар алда да жалғасын табады. Әсіресе, медиа саласына қатысты бірқатар өзекті мәселелерге ден қойып, нақты қадамдар жасалуы қажет деп санаймын.
Қазіргі таңда елімізде журналистердің кәсіби ұйымдары – Журналистер одағы, Журналистер академиясы және түрлі деңгейдегі басқа да құрылымдар жұмыс істеп жатыр. Осы ұйымдардың белсенділігі мен ықпалын арттырған жөн.
Басқа саланың өкілдері өздеріне қатысты заңнамалық мәселелерді жиі көтеріп, тиісті ұсыныстарын ашық білдіріп, Парламентке ұсынып, бастамашы болып жатады. Ал бізде, өкінішке қарай, «Масс-медиа» туралы заң талқыланған кезде жекелеген журналистерді айтпағанда, журналистік қауымдастықтар мен ұйымдар бұл процеске белсене араласып, нақты ұсыныстарын бере қойған жоқ. Осы себептен де заңның кейбір тұстарында біз өз мүддемізді толық қорғай алмадық.
Сондықтан алдағы уақытта журналистік қауымдастықтар өз саласына қатысты мәселелер бойынша нақты ұсыныстар әзірлеп, Мәжіліс пен Сенатқа тікелей шығып, үздіксіз мәселелерді көтеріп, жанашырлық пен алаңдаушылық таныта білсе, медиа саласының дамуына үлкен серпін берер еді. Бұл – өз кәсібіне деген құрметтің, қоғам алдындағы жауапкершіліктің бір көрінісі болмақ.
– Бүгінгі қазақ қоғамына, әсіресе жастарға бағытталған қандай идеялар қажет деп ойлайсыз? Ұлттық идея қандай болуға тиіс?
– Қазіргі таңда «идея жетіспейді» деп кесіп айтуға болмайды. Себебі, Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде де, халыққа арнаған Жолдауларында да ел болашағына қатысты маңызды идеяларды нақты әрі түсінікті түрде баяндап берді. Солардың бірі – «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидаты. Бұл тұжырымның жастар тәрбиесінде, ұлттық даму жолында маңызы зор.
Абайдың «Толық адам» ілімі де жастардың жан-жақты жетілуіне, рухани кемелденуіне негіз бола алады. Ел ертеңі үшін берік іргетас қалансын десек, осы идеяларды терең түсініп, жүзеге асыру тетіктерін нақтылағанымыз жөн.
Ұлттық идеяның тағы бір маңызды құрамдас бөлігі – қазақ халқының саны артуы. Демографиялық серпін алуы – мемлекеттің қуаты мен болашағының кепілі. Бірақ бұл жеткіліксіз, біз көбейген халықты аман сақтап қалудың жолдарын да қатар қарастыруымыз қажет.
Өкінішке қарай, қазіргі заманда жол-көлік апаттарының салдарынан қаншама жаннан айырылып жатырмыз. Түрлі сырқаттар мен дерттің кесірінен де өмірден ерте кетіп жатқандар аз емес. Сонымен бірге дүниеге келген сәбилердің арасында түрлі диагнозбен туылғандар қатары көбейіп барады. Осындай қиын жағдайлар ұлт тағдырының келешегіне алаңдатады.
Осы себепті меніңше, бүгінгі қазақ қоғамына қажет идея – халықтың санын арттырумен бірге, бар ұрпақты аман сақтап қалу, ұлт саулығы мен өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету идеясы болуы тиіс.
– Осы жерде мемлекеттік тілдің қазіргі медиадағы рөлі туралы айта кетсеңіз. Тіл саясаты мен ақпарат саясаты қатар жүруі үшін не істеуіміз керек?
– Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздігіміздің ең басты тіректерінің бірі. Біз ел рәміздерін – Елтаңбаны, Туды, Гимнді қалай құрметтесек, мемлекеттік тілді де дәл солай ардақтауымыз қажет.
Бүгінгі медиада қазақ тілінің қолданыс аясы жылдан жылға кеңейіп келеді. Қазақ тілінде білім алып жатқан жастардың саны артып отыр. Орта мектепті бітіретіндердің дені қазақ тілінде оқығандар. Жоғары оқу орындарында бұрын болмаған салалық мамандықтар – қаржы, экономика, медицина, салық және өзге де техникалық бағыттар бойынша мемлекеттік тілде оқытылатын бағдарламалар іске қосылды.
Бірақ мұнымен тоқмейілсуге болмайды. Қазақ тілі әр салада еркін қолданылатын деңгейге жету үшін, бізге салалық журналистердің жаңа буынын қалыптастыру маңызды. Мәселен, қаржы саласын бес саусағындай білетін, салық саясатында министрмен тең сөйлесе алатын, медицина саласындағы түйткілдерді терең түсінетін, әлеуметтік мәселелерді кәсіби тұрғыдан талдай алатын журналистер керек.
Осындай кәсіби маманданған журналистер тобы көбейген сайын, қазақ тілді медианың сапасы да артады. Бұл – мемлекеттік тілдің мәртебесін медиада көтерудің ең тиімді жолы. Тіл саясаты мен ақпарат саясаты қатар өрбуі үшін осы бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыруымыз қажет-ақ.
– Енді журналистиканың ұлттың рухани иммунитетін қалыптастырудағы рөліне тоқталсаңыз. Бұл салада Сіз қандай міндеттерді өзекті деп санайсыз?
– Егер журналист өз ісіне шын берілген, білікті де білімді маман болса, ең алдымен рухани кеңістіктің тынысын терең сезініп, сол салаға ерекше мән беруі қажет. Өйткені рух – материалдық өлшемге көнбейтін күш. Ол қаржымен бағаланбайды, оның қайтарымы да есепке көнбейді. Рухани күш дегеніміз – ұлттың ішкі қуаты. Ал сол қуат оянған сәтте, ол тауды қозғалтар тегеурінге айналады. Сол күштің арқасында үміт пен сенім қатар жүреді, ал бұл ұлттың даму жолында үлкен серпілістерге жол ашады. Қазіргі таңда бізге жетіспей тұрғаны – ұлттық рухты ұлы мұрат етіп, оны биікке көтере алмай тұрғанымыз. Ұлттық мемлекетті нығайту жолында осыны басты бағыт етуіміз керек деп есептеймін.
«Адал бол, адам бол!»
– Жарайды. Сіз ұлттық мүдде, елдік құндылық мәселелерін жиі көтеріп келесіз. Жалпы, ұлтқа қызмет қалай көрінуі тиіс – сөзбен бе, іспен бе? Ал журналистикада қазақы болмысты сақтаудың жолы қандай?
– Ұлтқа қызмет ету – бұл сөзбен немесе тек бір іспен шектелмейді. Ол екеуінің сабақтас көрінісі болуы керек. Ал енді журналистикада қазақы болмысты сақтаудың жолына келсек, қазақ ұлты барда – қазақы болмыс та бар. XXI ғасырда жаһандану үдерісінің ықпалымен кейбір ұлттардың жойылып кету қаупі туындап отырғаны жасырын емес. Сондықтан біз үшін қазақы болмыс, қазақы рух, қазақы қалып деген ұғым – бұл ұлттың генетикалық коды. Сол код жоғалмауы үшін, журналистика саласы жанын да, барын да салып қызмет етуі тиіс.
– Енді Сіздің еңбек жолыңызға қарай әңгімені бұрсақ. Журналистік жолыңызда өзіңіз үшін ерекше есте қалған мақалаңыз немесе репортажыңыз бар ма?
– Барлығын тізіп айтпай-ақ қояйын, өзімнің «Мың құмырсқа және біз» атты кітабым бар. Сол жинаққа енген публицистикалық мақалаларым, сондай-ақ «Біз кімнен кембіз?» деген алғашқы публицистикалық жазбалар топтамасы өзіме ерекше ыстық. Уақыты өткенімен, мәні мен мазмұнын жоймаған, бүгінгі күнмен үндесіп жатқан дүниелер деп есептеймін.
– Сізге қай газет жүрегіңізге жақын?
– Бұл сұраққа жауап ретінде нақты бір атауды айтсам, әр салада жүрген әріптестерім мен шәкірттерім бар – ертең олар өкпелеп қалуы мүмкін. Шыны керек, мен қазақ газеттерінің бәрін қадағалап оқып отырамын. Күн сайынғы жұмысым – газет парақтаудан басталады. Республикалық басылымдардан бастап, аймақтардағы өңірлік газеттердің де тыныс-тіршілігіне үнемі назар аударып жүремін. Сондықтан «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Ұлан» секілді басылымдардың әрқайсысы мен үшін ыстық. Әсіресе өзім он екі жыл еңбек еткен «Айқын» газетінің әр санын алып, бағыт-бағдарына, жетістіктеріне қуанып отырамын. Кейде «әттеген-ай» дейтін тұстары болса, редакция ұжымына хабарласып, ойымды бөлісетін кездерім де кездеседі.
– Шерхан Мұртаза мен Темірбек Қожакеев сынды ұлт зиялыларымен қызметтес болдыңыз. Олардан қандай тағылым алдыңыз?
– Темірбек Қожакеев – бізге теориялық журналистиканың негізін үйреткен ұстаз. Ал Шерхан Мұртаза – менің өмірлік ұстазым. Шерағаңмен бірге жұмыс істеу – тағдырдың берген үлкен сыйы. Ол кісінің талапшылдығы, әр редакциялық жиналыста көтеретін көкейтесті ойлары, қазақ журналистикасының ұлт мүддесімен етене қабысып жатуы керектігі туралы пікірлері – әлі күнге дейін санамда жаңғырып тұр.
Шерағаң қандай тапсырма берсе де, соны бірінші болып орындауға ұмтылатынбыз. Қайнар Олжай бастаған бірнеше талантты журналист сол кезеңде Шерағаңның мектебінен өткенімізді мақтан тұтып келеміз. Мен өзімді сол мектептің шәкірті санаймын және сол Шерағаң салған ізбенен жүріп келеміз деп ойлаймын. Ол кісінің қазақ журналистикасына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Айтқан әрбір сөзі, редакцияда айтқан тапсырмалары – біз үшін нағыз кәсіби мектеп, тағылымды жол болды.
– Өмірлік ұстанымыңызды бір-ақ сөйлеммен түйіндесеңіз…
– Адал бол, адам бол! Маман болсаң – жақсы маман бол!
– Сұхбатыңызға рақмет. Елдік мұрат жолындағы еңбегіңізге табыс тілейміз!
*Блиц-сауал
– Қалам мен мінбер – қайсысы жауаптырақ деп ойлайсыз?
– Екеуі де жауапты. Қаламның өз қуаты бар, ал мінбер – адамның білімі мен парасаты, білігі көрінетін алаң. Алған білімің, дүниеден жиған ілімің – бәрі мінберге шыққанда, сөйлеген сәтте айқындалады. Кімнің кім екені сол мінберде білінеді. Сондықтан қалам мен мінберді бөліп-жарып қарауға болмайды, екеуі де зор жауапкершілік жүктейді.
– Журналистік жолыңыздың бастауы болған алғашқы мақалаңыз қандай?
– Алғашқы мақаламды VII сыныпта жазып, ол аудандық газетте жарық көрді. Содан бері «Жас Алаш», «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Алматы ақшамы», «Астана ақшамы» сияқты республикалық басылымдарда еңбек еттім. Қай газетте болсам да, «не жазсам да жаман жазбауым керек» деген ішкі ұмтылыс мені үнемі алға жетелеп келеді. Бұл – менің шығармашылық кредом десем де болады.
– Журналистік жолда қандай қағидадан ешқашан айныған жоқсыз?
– Барынша тура жолмен, әділеттің ақ жолымен жүруге ұмтыламын. Әр адамда өмірлік ұстаным болады. Мен үшін бұл – шындықты тіке айту, мәселені бүкпесіз, халықтық, елдік, мемлекеттік деңгейде қоя білу. Қай кезде де осы ұстанымдардан алыстаған емеспін.
Сұхбаттасқан Майра ЕРҒАЛИ