ЕЛДІГІМІЗДІҢ АЛТЫН АРҚАУЫ

Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ даму бағдарларын демократиялық-құқықтық мемлекет құру деп белгілеп, содан бері құқық, заңнама саласын дамытуда түбегейлі өзгерістерді жүзеге асырды. Конституция – жүріс-тұрыс ережесін ғана емес, құқықтық идея мен қоғамның құқықтық санасын да айқындайтын нормативтік-құқықтық акт.

 

Осы тұрғыдан алғанда,біздің Конституция өміршең. Ата заңымыздың негізінде құқықтық-демократиялық зайырлы қоғам құру бағдарын ұстанған Қазақстан өз тәуелсіздігін орнықтырып қана қоймай, одан әрі нығайтып, әлем таныған мемлекетке айнала білді. Еліміздің жүзеге асырған экономикалық, әлеуметтік, саяси қайта құрулары мен қол жеткен жетістіктері түгелдей Конституциямызбен тығыз байланысты екені күмәнсіз. Жалпы, еліміздің басты заңында конститу­циялық құрылымның бағалы мұралары, институттары мен нормалары ресми түрде бекітілген, олардың негізінде мемлекеттің құрылымы мен нысаны, билік тәртібі орны­ққан.

Заң – мемлекеттің, қоғамның, әрбір жеке адамның өміріне, тағдырына тікелей әсер ететін құжат болғандықтан оның жасалуына, қабылдануына және орындалуына немқұрайлы қарауға болмайды. Кәмелетке толған азаматқа жеке куәлік берілетіндігі сияқты, өз тәуелсіздігін жариялаған мемлекеттің де ең басты төлқұжаты – Ата Заңы болуы қажет. Бірлігі мен татулығы жарасқан еліміз осыдан 20 жыл бұрын 30 тамызда жаңа Конституцияның қабылдануына бірауыздан дауыс беріп, тарихи таңдау жасаған болатын. Осы жылдар аралығында Қазақ елі демократиясы дамыған, зайырлы, құқықтық мемлекетке айналды, еліміздің экономикасы өрлеп, табысы тасып, халықаралық беделінің де арта түсуі – негізгі заңымыздың сарқылмас мазмұнының дәлелі. Адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары болып саналатын Ата Заңымыз еліміздің кез келген азаматының денсаулығы мықты, әлеуметтік жағдайы жоғары, білімі мен біліктілігі үнемі жетілдіріліп отыратын, пікірін еркін білдіре алатын, өз таңдауы өз еркінде болуын қамтамасыз етті. Кемелді Конституция – елімізді мекендеген ұлттар мен ұлыстардың ұдайы бірлікте болып, берекелі өмір сүруінің кепілі.

Ата Заңымыздың арқасында мемлекетіміз алауыздықтан, түрлі жанжалдан аман. Халықаралық құқықтың принциптерi мен нормаларын құрметтеп, мемлекеттер арасында ынтымақтастық пен тату көршiлiк қарым-қатынас жасау, олардың теңдiгi мен бiр-бiрiнiң iшкi iстерiне араласпауы, халықаралық дауларды бейбiт жолмен шешу саясатын жүргiзуді көздеген Конституциямыздың арқасында мемлекетіміз әлемде орын алып жатқан соғыс ошағына айналудан, саяси тұрақсыздықтан, шекаралық дау-дамайлардан алшақ тұрып келеді. Конституцияның негізінде көптеген жұмыс атқарылды. Соның ішінде Президент мемлекетіміздің Тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап, қысқа мерзімде еліміздің алғашқы сыртқы саясат стратегиясын бекітіп, әлемнің 150-ден астам мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Конституцияның 2-бабына сәйкес, мемлекеттің аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету мақсатында көрші елдермен шекарамызды шегендеп алдық.

Ата Заңда азаматтардың билігі тек қана еркін сайлау аясында өз өкілдерін билік орындарына ұсыну арқылы мемлекетті басқаруға қатысатыны да баяндалған, яғни, билік көзі халықта екені, көптің мүддесі жоғары екендігі жан-жақты сипатталған. Сол кезде Конституция аясында ұлттық идеологияның негізінде қандай құндылықтар болуы қажеттігі турасында түрлі пікір айтылды. Біздің пайымдауымызша, құқықтық мемлекеттің тұғыры заңның жоғарғы мәртебесінде, ұлттық идеологияның негізі және түпқазығы — Конституцияның мызғымас беріктігінде. Олай болса, ұлттық идеология – тәуелсіздік, дамыған мемлекет, саясат биігіндегі халық мүддесі, ұлт тарихы мен мемлекеттік тіл, еркін бәсекеге лайық экономиканың теориялық жиынтығы.

Конституцияның құдіретті күштілігі мынадан айқын көрінеді: біріншіден, оның нормалары өзге заңдардың тұжырымдарынан айрықша басымдылықта болады, екіншіден, жай заңдар және оған тәуелді нормативтік актілер осы Ата Заңда айқындалған органдар арқылы конституциялық рәсімге сай қабылданулары тиіс, үшіншіден, төменгі деңгейдегі нормативтік актілер Ата Заңымыздың нормаларына сәйкес болуы керек. Мемлекетіміздің тым қысқа мер­­зімде өз Конституциясын жасап, қабылдағаны тал­ай­лар­ды таңқалдырғаны рас. Олардың арасында аз­уын айға білеген алпауыт державалар да болды. Біз, құптай қара­ғандарға да, сынай үңілгендерге де мән бермес­тен өлшеулі уақыт, табанды талап, шығармашылық іс-әрекеттің арқасында алға қойған мақсатымызға жеттік.

Қазақстан Республикасының Конституциясы егемен мем­ле­кеттің конституциялық да­муының жаңа кезеңіне жол ашқан заң­намалық акт болды. Ата Заңның қабылдануы Конститу­ция­лық құрылыстың саяси-құқықтық негізін қала­ды, мемлекеттік тетік және қоғамдық, саяси жүйенің негіз­гі қағидаттарын ор­нық­тырды. Адам мен азаматтың Консти­ту­циялық мәртебесін белгіледі. Конституция Қазақстан Рес­публикасы дербес мемлекет ре­тінде ұлтына қарамастан, онда тұратын барлық адамдардың еркіне сәйкес жасалды. Конституцияның мәні оның қызмет ету сипаттамасынан айқын көрінеді. Ол үш негізгі қызметті: заң (құқықтың басты қайнар көзі ретінде), саяси (мемлекеттің құрылысын) және идеологиялық (қоғамның алтын қазынасын – адам және адамның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын) дәріптеуші қызметін атқарады. Қазақстан Республикасының Конституциясы барлық заң салаларының заңдық базасы болып табылады, ал оның нормалары басқалары үшін нормалық принцип болып есептеледі. Қазіргі кездегі Қазақстандағы құқық жүйесінің қалыптасуы еліміздегі құқықтық мемлекет құру бағытымен ұштастырылуда. Сондықтан, еліміздің Ата Заңының мәні мен оның алатын орны барған сайын жоғарылауда.

Ата Заңымыз меншік иелерін, бірінші кезекте, мемлекеттің өз­ін көп нәрсеге міндеттеуде. Не­гізгі заңды орындау арқылы мемлекет медициналық қызметті және білім беруді жақсарту, жаппай тұрғын үй құры­лысы, жалақы және әлеуметтік төлем­дер мөл­ше­рін көбейту, азамат­тарға және отандық кә­сіпкер­лерге салықты азайту сияқты әлеуметтік мәселелерді шешу­де. Конституцияны басшы­лыққа алған Қазақстан халқының біріге еңбек етуінің нәтижесінде қар­жылық экономикалық дағдарысқа да қажетті тосқауыл қойылуда. Мемлекет әлеуметтік бағдарламалар арқылы жағдайы ауыр азаматтарға өтемақылармен қол­дау көрсетуде. Мемлекеттің мұн­дай консти­ту­циялық рөлі бар­лық әлеуметтік-экономика­лық саясатты қайта қарауға мәжбүр еткен қаржылық-экономикалық дағдарыс кезеңінде өзінің тиім­ділігін байқатты. Бүгінде еліміздегі азамат­тардың әлеуметтік құқықтарын қорғауда Конституцияның ала­тын орны айрықша.

Қазіргі таңда Ата Заңымыздың қол жеткізген жетістіктері –азаматтардың сот төрелігіне еркін қол жеткізуін белгілеп, кез кел­ген адамның өз құқығы мен бостандығын сот арқылы қорға­уына кепілдік беретіндігі. Конституциямыздың 17-бабында «адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды» делінген. Ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға рұқсат жоқ. Конституция – біздің шынайы өміріміз бен әлем­дік деңгейдегі беделіміздің айқын көрінісі, жарқын бола­ша­ғы­мыздың кепілі.

Қоғамның бүгіні мен бола­шағы үшін, жалпы алғанда, өз Ата Заңымызды құрметтеп, қорғап және маңыздылығын жоғалтпай сақ­тауымыз біздің барлығымыздың, яғни, Қазақстан Республикасындағы әрбір аза­маттың міндеті мен парызы. Себебі, Конституция біздің бүгі­німіздің негізін қалай отырып, болаша­ғымыздың айқын болуына бастайтын шам­шырақ іспетті десек, артық айтқандық бола қой­мас. Конституцияда саяси-әлеуметтік және құқықтық міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған мақсаттар тәуелсіздіктің арқасында еңсесін тіктеген Қазақ елінде қай салада болсын жемісті жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда саясаты салмақты, экономикасы еңселі, әлеуметтік жағдайы әлді, халқы тату, қорғанысы бекем, болашағы жарқын еліміз Ата Заңның аясында өркениетті елдермен терезесі тең, кең тұғырлы, еркін өмір сүруде. «Күллі халықтың талқысынан өтіп, ел игілігіне айналған Ата Заңымыз біздің мемлекетіміздің басты төлқұжаты болып саналады. Конституция – арайлы азаттығымыздың айғағы, жарқын болашағымыздың бұлжымас бағдары. Ол елдігіміздің алтын арқауы, толағай табыстарымыздың бастау қайнары», – деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі әр қазақстандық үшін айнымас ақиқат. 

Біле білсек, Ата Заңымыздың тұрақтылығы – мемлекет пен қоғамның тұрақтылығы емес пе? Бүгінгі күні тату-тәтті өмір сүріп жатқан көп ұлтты халқы бар, экономикасы мен әлеуметтік жағдайы, өркениетті елдердің қатарындағыдай, нық адыммен қадам басып келе жатқан Қазақстан деген елге қызғаныштық білдірушілер аз емес екені айдай анық.

Бэлла ТӘЖІҒАРИНА, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті құқықтану кафедрасының оқытушысы, заң ғылымдарының магистрі.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз