Елдестірмек – елшіден
Сонымен қатар, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік Басқару академиясының Дипломатия институтында дәріс берген, доцент лауазымы бар. Қазақстандағы шетелдік елшілер туралы жазылған мақалалардың авторы. Бірінші дәрежедегі кеңесші дипломатиялық дәрежесі бар.
2011 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі.
Отбасылы, екі баласы бар, қазір жанұясымен Астана қаласында тұрады.
— Жалғас Жұмаұлы, өзіңіздің кіндік қаныңыз тамған киелі топыраққа, Атырау өңіріне қош келдіңіз. Сізді белгілі дипломат ретінде бұрын да сыртыңыздан білетін едік, зәуімен сұхбаттасудың сәті бүгін түсіп отыр. Дегенмен де, бұл жолғы туған аулыңызға ат басын тіреуіңіздің мәні бөлекше ыстық көрінеді…
— Әңгіменің ашығын айту керек, дипломатиялық қызметтің ерекшелігі сол — өзіңнің туып-өскен аулыңа жиі жол түсуінің мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан да, ата-анамызбен, туған-туысқандарымызбен қауышуды ұдайы аңсап жүреміз. Ал, бұл жолғы сапарымның бөлекше ыстық екенін өзіңіз тап басып танып отырсыз.
Мен Индер ауданының Жарсуат аулында туып-өсіп, сол шағын елді мекендегі Махамбет атындағы орта мектепті бітірген едім. Міне, осы алтын ұя – мектебіміздің жарты ғасырлық мерейтойына арнайы естеліктер жинағы шығарылған болатын. Сол кітаптың тұсаукесер рәсіміне қатысу үшін келдім.
Бұл Махамбет атындағы орта мектептің тарихы өте бай. Мектеп түлектері еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет етіп, еліміздің өркендеуіне өзіндік лайықты үлестерін қосуда. Ауылдағы қарапайым мектеп болса да, білім беру сапасы жағынан ешкімнен қалыспайды. Олай дейтін себебім, өзімнің курстастарымның арасында 25 адамның 14-і Алматы қаласының ең таңдаулы мектептерін алтын медальмен бітіргендер болса да, олармен бірге оқу маған аса қиын болған жоқ. Университет бітірген кезімізде группамыздан төрт адам ғана үздік диплом алдық, солардың ішінен аспирантураға тек мен ғана қалдырылдым. Бұл жерде ерекше атап айтқым келгені — біз университетте орыс тілінде білім алдық, мені орыс және ағылшын тілінде оқытқан мектептегі мұғалімдерімнің еңбегінің жемісін осы жоғарыда келтірген деректерімнен көруге болады деп ойлаймын.
Әрине, қаншама жылдар бойы көрмеген сыныптастармен, бүгінде жастары ұлғайып, шаштарын ақ қырау басқан ұстаздарымызбен көрісу сәтінің соншалық ыстық екендігі айтпаса да түсінікті. Оның үстіне бұл мендей ұзақ жылдар елден жырақта жүрген адам үшін орны бөлек жүздесу болғалы тұр.
– Өзінен түлеп ұшқан шәкірттерінің қайта бір бастары қосылып, мектебіңіздің де мәртебесі көтеріліп қалатын болды ғой. Ендеше, Жарсуаттай шағын ауылдан шыққан өзіңіздей белгілі тұлғаның тағдыр жолы қалай қалыптасқанын да біле отырсақ…
— Исеке, мені тым әсірелеп жіберген жоқсыз ба өзі? Өзімді қазақы қараша ауылдың қарапайым ғана баласымын деп санаймын. Жұрт қатарлы мектеп бітіріп, әскери борышымды өтегеннен кейін Гурьев педагогикалық институтының тарих факультетіне емтихан тапсырып, конкурстан өте алмадым. Сосын ауылда бір жыл от жағушы болып жұмыс жасадым. 1983-85 жылдар аралығында Иркутск облысының Ангарск қаласында Совет Армиясының қатарында әскери борышымды өтедім. Әскерден оралысымен Қазақ Мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға түсіп, оны 1990 жылы үздік дипломмен бітіріп шықтым.
Менің өмірлік жолымның айқындалуы да осы университеттегі жылдар ішінде болғанын атап айтар едім. Студенттік ғылыми жұмыстар конкурстарына ұдайы қатысып жүрдім. Соның нәтижесінде университетте Ш.Уәлиханов атындағы арнаулы стипендияның иегері болып, ғылыми-ізденіс жұмыстары үшін Қазақ КСР Ғылым Академиясының алтын медалімен, МГУ, КазМУ және ҚКСР Білім министрлігінің ең үздік студенттік ғылыми-зерттеу еңбектері мен С.М.Кировтың туғанына 100 жыл толуына орай өткізілген және басқа да халықаралық ғылыми конференцияларының арнаулы дипломдарымен марапатталғанымды айтсам да жеткілікті шығар.
1990 жылы Қазақ университетінің ғылыми кеңесінің шешімімен аспирантурада қалдырылып, оқытушы болып қызмет атқардым. Сонымен бірге осы жылдары Алматы қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы арнаулы әскери мектеп-интернатында да сабақ беріп, ғылыми жұмыспен айналыстым…
– Естуімізше, Алаш зиялыларының саяси көзқарастары мен құрылымы, ұстанған негізгі бағыттары хақында тыңғылықты зерттеулер жүргізіпсіз. Тарқатыңқырап айтсаңыз, бұл нақты қандай еңбектер?
— 1993 жылы КазМУ-дың аспирантурасын бітіріп, ғылымға дендеп бас қойдым. «Алаш Орданың Батыс бөлімінің тарихы» атты диссертациялық тақырыпты зерттеп, Орынбор қаласының мемлекеттік мұрағатында жылдап отырдым. Содан А.Бочаговтың «Алашорданың қысқа тарихы» атты кітабын тауып, оны Қазақстанға әкеліп, алғысөз жазып, баспадан жарық көруіне жұмыстандым. Кейіннен осы құнды кітапты қазақ тіліне аударып, «Ақиқат» журналында жарияладым. Сонымен қатар, Алаш зиялыларының ішіндегі көрнекті тұлғалардың бірі, әмбебап ғалым, жерлесіміз Халел Досмұхамедов туралы «Жұлдызың жарық туса…», «Алаш Орданың батыс бөлімі туралы не білеміз?», «Алаш Орда: саяси құрамы және қысқаша тарихы» атты ғылыми-зерттеулерім жарық көрді.
— Жалғас Жұмалы, әңгімеңізге қарағанда ғылымда өзіндік орныңыз бар екені көрініп тұр. Ал, дипломатия саласына қалай бардыңыз?
— Жалпы, ғылыми жұмыстың өзі адамның көзқарастық ұстанымында белгілі бір із қалдыратыны белгілі. Алаш зиялыларының саяси бағыты мен күрескерлік рухы менің де бойымдағы патриоттық сезімімді одан әрі тереңдетті ғой деймін. Тағдырдың жазуы болар, 1997 жылдан бастап Сыртқы істер министрлігінде қызмет етудемін.
Министрліктегі ілкі қызметім еліміз астанасының Алматыдан Ақмола қаласына көшу кезеңіне тұспа-тұс келді. Мен басқарған Мемлекеттік Протокол қызметі елімізге ресми сапармен келген шетелдік Президенттер мен Корольдер, Принц және Крон-принцтерінің өткізген мемлекеттік, ресми және жұмыс сапарларын дайындап, оны өткізумен айналысты. Бұл — өте қиын да, күрделі және жауапты жұмыс. Бұл – тек бір министрліктің аумағында ғана емес, Президент Әкімшілігі, Премьер-министрдің кеңсесі мен бірнеше министрліктер, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық Гвардия мен Президентті қорғау қызметтерімен біріге істелетін жұмыстар.
Мен осы бағытта жеті жылдан астам уақыт қызмет атқарып, елімізге келген көптеген Елбасыларын, Орталық Азияға бірінші рет ресми түрде келген Рим Папасы мен БҰҰ-ның басшысы К.Аннаның сапарларын өткізгенімізді ерекше атап айта аламын. Бұл, әрине, тек қана менің ғана еңбегім емес, көп бірлесе атқарылған жұмыс. Осы уақыт кезеңінде еліміздің Елбасының, Үкімет жетекшісі және Сыртқы Істер министрлерінің шетелге барған ресми сапарларын дайындауға қатысқанымызды да айта кету керек деп ойлаймын.
2004-2010 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Балтық елдері мен Финляндия республикасындағы Елшілігінде саяси кеңесші қызметінде болып, 2008-2009 жылдары Қазақстанның Австрия Республикасындағы елшілігінде Кеңесші-уәкіл лауазымында қызмет атқардым. Одан кейін екі жылдай Қазақстанның Иран Ислам Республикасының Горган қаласында Бас консул болдым. Ал, 2011 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі болып қызмет атқарамын.
— Дипломат болу үшін жастардың бойында қандай қасиеттер болуы керек және олар алдымен нені мұрат тұтуы қажет деп ойлайсыз?
— Меніңше, бүгінгі жас дипломат жан-жақты білімді, өзінің ана тілі мен шетел тілдерін меңгерген, өзінің ойын айқын жеткізіп, қағаз бетіне сауатты түсіре алатын, өз халқының тағдыры мен мәдениетін жетік білетін, әлем жаңалықтарына қанық, саяси сауатты болуы тиіс. Дипломат еліміздің шет елдердегі сенімді тұлғасы болғандықтан, өз елін, халқын шексіз сүйетін, адал қызмет ететін, басқа ұлттар мен ұлыстарға кеңпейілділікпен, құрметпен қарайтын, өзінің Отанына берілген, оның мүдделеріне қызмет ететін адам болуы қажет дегім келеді.
Осы жерде жастарға біздің Атырау өңірінен де талай-талай талантты дипломаттар шыққанын үлгі ете айтуға болар еді. Олардың қатарында Қазақстанның Әзірбайжан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі И.Аманғалиев, Қазақстанның БҰҰ-ның жанындағы тұрақты өкілі болған М.Жарбосынова, Қазақстанның Украинадағы Елшісі болған Р.Шырдабаев және басқа да белгілі тұлғалар бар.
— Халқымыздың «Елдестірмек — елшіден» деген ойлы тәмсілін қайталай отырып, төл мерекеңізбен құттықтай отырып, қиын да, қызықты қызметіңізде тың жетістіктер тілейміз!
Исатай ҚҰНДЫЗБАЙҰЛЫ.