Жарнама
Қоғам

«ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫ, АЛАШ ЗИЯЛЫЛАРЫ ЖӘНЕ ЖАСТАР»

— Алаш арыстары ұйымдастырған ұлт қозғалысының мемлекеттікті орнатудағы қарекеттері үлгі боларлықтай еді. Алаш идеясы ұлттың тұтас жері бар, өз құндылығын сақтаған, дербес дамыған ел ретінде өмір сүруді көздеген болатын. Сол бағытта Алаш зиялылары қазақ елі тарихында тұңғыш саяси ұйым, ұлттық демократиялық бағыттағы Алаш партиясын құрды. Ресей империясы құрамында Алаш автономиясын құру туралы ұсыныстарын және Алаш автономиясының ұлттық кеңесі Алашорда үкіметін жариялады. Бұл Алашорда үкіметінің басында Әлихан Бөкейханов бастаған қазақ зиялылары тұрды. Алаштықтар өз мақсат-мүдделерін білдірген саяси бағдарламаларын жүзеге асыруға ұмтылды. Онда қазақ елін отарлықтан азат ету, басқа да жоспарлы мақсаттарды жүзеге асыру арқылы жаңа Қазақ мемлекетін орнатып, реформа жолымен қазақ қауымын өркениетті елдер қатарына жеткізуді басты міндет етіп қойған болатын. Елбасы биылғы Жолдауында мәңгілік өз мемлекетін құру туралы Алаш идеясымен үндес ой тастаған еді, — деген Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының докторы Ұлжан Ахметова қазақ қоғамын қарышты қадаммен өзгертіп, заманға сай келтіруді мақсат еткен «Алаштың» асыл мұраттары біздің қазіргі әлеуметтік жаңғырту бағытымен үндес келетінін жеткізді. 
Өзімен бірге аштықты, репрессияны, ұлттық сананың дағдарысын ала келген советтік билікке кешенді зерттеудің болмауы — әлі күнге шешілмей келе жатқан мәселе. Қазір зерттеулердің бәрі үзік-үзік. Өткенді бағаламай, болашақты болжай алмаймыз. Сондықтан, Кеңес өкіметінің ұлтқа жасаған қасақана қиянатына толықтай саяси баға берілуі қажеттігін тарих ғылымдарының докторы Аққали Ахмет баса айтты. «Өзін-өзі билеу идеясын іске асырып, халықтың арманын ақиқатқа айналдырған Алашорда үкіметі мен Алаш партиясында әртүрлі мамандық өкілдері болды. Оларды тек идея ғана тоғыстырды. Олардың ішінде жергілікті жердегі қызметкерлерінің аты аталмай жүр. Ол зерттеудің төмендігін көрсетеді. Біз тек бетін қалқып келеміз. Тіпті өңірдегі мұрағаттардағы деректер қоры да мәз емес» деп қынжылды тарихшы ғалым.
Еліміз тәуелсіздік алған тұста Елбасымыз Н.Назарбаев «Біз өз тарихымызды өзгелер тұрмақ, өзімізге де толық таныта алмай келе жатқан халықпыз. Зерттемесек, жазбасақ, жарияламасақ кім не деп таниды» — деген болатын. Бүгінгі таңда әкімшілдік-әміршілдік кеңес жүйесінің көбесі сөгілді. Кезінде тарихшыларымыз бір ауыз сөз айтуға бармайтын бүкіл кезең, дәуір тарихы қайта қаралып, тарихтағы ақтаңдақтардың орны толтырылуда. Дегенмен де, әлі де болса тарихи бағасы беріліп, тың деректердің негізінде қайта объективті зерттеуді талап ететін бүгінгі күннің өзекті де, күрделі мәселесі — Алашорда үкіметі мен Алаш партиясының қоғамдық-саяси қызметі. Сол тұстағы қазақ қоғам қайраткерлерінің қызметі мен қайғылы тағдырлары демекпіз. Мұрағаттар ашылып, құпия қорлардағы құжаттарды қайта ой елегінен өткізіп, саралау жұмыстарын жүргізу — кемшін тұстарымыздың бірі. Оның дәлелі Алашорда қайраткерлері туралы тың деректер құпия қорларда сақталуда.
Батыс Алашорданың мемлекеттік, азаматтық тарихы жөнінде зерттеу еңбектер, ғылыми мақалалар тәуелсіздік жылдары ғана жазылып, көпшілік қауымға беймәлім тарихи оқиғалар мен Алашорда көсемдері мен мүшелерінің өмір деректері туралы айтыла бастады. Батыс Алашорда мүшелерінің саяси-қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық бағыттағы қызметтерінің тарихы әлі толық зерттеліп болмағаны тарихшылар үшін алдағы уақытта тың деректер мен шаң басқан мұрағат қорларын ақтару сияқты орасан зор игі істер атқаруына тура келетіндігі — бүгінгі күннің бұлтартпас міндеті.
Астрахан, Орынбор, Мәскеу, Петербор, Омбы қалаларының мұрағаттарының қатарында облыстық мұрағаттардағы қорларға да мұқият зерттеу жұмыстары қолға алынуы тиіс.
1917 жылғы Ақпан төңкерісі кезінде «Бостандық», «Азаттық», «Теңдік» сөздері асқақтай самғап, қазақ даласына да жеткені мәлім. Ақпан төңкерісінен кейін халқымыздың біртуар ұлдары бас болып, ұлтының басқа жұртпен терезесі тең, тәуелсіз мемлекет болуын алдарына мақсат-мүдде етіп қойып, оған өмірлерін тікті.
Алаш зиялыларының ұлттық мүддені алдыңғы орынға шығаруы кейін өздерінің жеке бастарына қайғы мен қасірет болып жабысты. Олар еліміздің тәуелсіздігін ту етіп, ХХ ғасырда Қазақ елін өз алдына дербес те, егемен мемлекет ретінде көргісі келген ізгі де, жасампаз ниеттері тек ХХ ғасырдың соңында ғана жүзеге асты.
Қазіргі таңда әлемнің көптеген елдеріндегі мемлекеттік басқару жүйесі айтарлықтай өзгеріске ұшырап отырғаны белгілі. Сондықтан да, бүкіл мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттырудың қазіргі заманғы өзекті міндеттері мен жолдарын белгілей отырып, Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған 2008 жылғы 6 ақпандағы «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру — мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты Жолдауында: «Үкімет әкімшілік реформада көзделген Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесін үздік халықаралық тәжірибені ескере отырып, нәтижелілік, ашықтық және қоғам алдындағы есептілік негізінде дамыту жөніндегі шараларды жедел қарқынмен іске асыруға тиіс. Әкімшілік реформаның басты мақсаты басқарушы аппарат жұмысының тиімділігі мен нәтижелілігін арттыру болуға тиіс. Яғни, халыққа қызмет ету шарт» деп атап өтті. Өткен ХХ ғасырдың елең-алаңында осы идеяны Алаш арыстары көтерген болатын. Бүгінгі мемлекетіміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық реформаларының бастаулары Алаш идеясының қайнар көзінен алатыны сөзсіз, — деп ағынан жарылды Аққали Қабижанұлы.
Айтары мол мағыналы шарада жастар оралымды ойларын ортаға тастап, көкейдегі сауалдарына нақты жауаптар алды.
Конференция соңында сәуір айынан бастауын алған «Қазақ мемлекеті – мәңгілік ел» атты байқау қорытындыланды. Жеңімпаздар анықталып, марапатталды.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button