
Ел тұтастығының темірқазығы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында сөйлеген сөзі ел бірлігінің негізі саналатын тіл саясатына және қоғамдық келісімге қатысты өте маңызды әрі уақытылы көтерілген мәселелерді қамтыды. Мемлекет басшысы айтқандай, тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, елдің тұтастығы мен ұлттың болашағын айқындайтын стратегиялық фактор. Бұл шын мәнінде баршамызға, әсіресе, қоғам қайраткерлері мен мемлекеттік қызметшілерге үлкен жауапкершілік жүктейді.
Қоғамда кез келген азаматтың тіліне, дініне, ұлтына қарай бөлінуіне жол бермеу – бұл біздің елдегі ішкі тұрақтылықтың іргетасы. Қазақ тілі – тек қазақ халқының ғана емес, барша қазақстандықтардың ортақ байлығы. Президенттің «қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналады» деген сенімі – мемлекеттік тілдің беделін көтеру үшін жұмылып жұмыс істеуге шақырған нақты бағдар.
Бүгінlt тіл саясаты ұранмен емес, жүйелі бағдарламалармен, нақты жобалармен жүзеге асуы тиіс. Мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам осы бағытта бірлесіп жұмыс істеуі қажет. Балабақшадан бастап жоғары оқу орындарына дейін қазақ тілін оқытудың әдістемесін жетілдіру, мемлекеттік қызметтегі тілдік талаптарды нақтылау, медиа мен технология саласында қазақ тілінің үлесін арттыру – осының бәрі Президент көтерген бастамаларды іске асыру жолындағы нақты қадамдар болмақ.
Тіл мәселесін саясиландырмай, керісінше, келісім мен құрмет негізінде шешу – біздің біртұтас ұлт ретіндегі ортақ міндетіміз.
Гауһар ТҰРАЛИЕВА,
Қарабау орта мектебі қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Қызықоға ауданы
Сурет: assembly.kz