Жарнама
Қоғам

Ел мүддесі үшін еңбек ету — ортақ міндет

Қазіргі заман көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатыр, бір ғана жылдың ішінде үлкен өзгерістер мен жаңашылдықтар орын алуда. Ал Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік қызметіндегі алты жылда еліміз едәуір алға қадам басты.

Жаңа серпін алған бастамалардың бірі – төртінші рет өткен Қазақтардың құрылтайы. Бұл ауқымды жиында Мемлекет басшысы елдің болашағы үшін маңызды міндеттерді айқындады. Президенттің баяндамасын тыңдай отырып, оның елдегі барлық өзекті мәселелерден хабардар екеніне көз жеткізесің. Ол лудомания мен буллинг сияқты әлеуметтік түйткілдерден бастап, қоғамдағы өзекті проблемалардың барлығына назар аударып отыр.

Маңызды бастамалардың бірі – “Күшті өңірлер – ел экономикасының драйвері” жобасы. Бұл жоба аясында аудандарға ерекше көңіл бөліне бастады. Соның нәтижесінде шалғай елді мекендерде жайлы мектептер мен заманауи медициналық амбулаториялар бой көтерді. Бұған дейін талай рет көтерілген Қызылқоға ауданының Тайсойған ауылына баратын жол құрылысы да аяқталуға жақын. Сондай-ақ соңғы екі-үш жылда өңірлерде тұрғын үй мәселесін шешу қарқынды жүріп жатқаны байқалады.

Көп жылдар бойы халық Ұлттық қордан балаларға қаражат бөлу бастамасын көтеріп келген болатын. Яғни, балалардың атына арнайы есепшот ашылып, кәмелет жасына толғанда олар бұл қаражатты білім алуға немесе тұрғын үй сатып алуға жұмсай алуы тиіс. Бұл – ел асыға күткен маңызды шешім.

Әрине, “Жаңа Қазақстан” жолында бір күнде түбегейлі өзгерістер болуы мүмкін емес. Дегенмен, соңғы жылдары орын алған оң өзгерістерді атап өтуге болады. Бұл жолда мемлекетпен бірге әрбір азамат та өз үлесін қосуы тиіс.

Жәния ІЗБАСКАН,

мәдениет қайраткері,

мәдениет саласының ардагері,

Қызылқоға ауданының құрметті азаматы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button