Жарнама
Қоғам

Ел мақтанышына айналған мұнайшы

Мемлекет басшысы халыққа жолдауында «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман – ең сыйлы адам болуға тиіс. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек» деген болатын. Атырау өңірінде де құрыштай шыңдалып, қажыры мен қайратын сарқа жұмсап, ерен еңбектің иесі атанған аға буын өкілдері бар. солардың бірі – «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының энергетика бөлімінің бастығы Жұмабай Абдоловпен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Жұмабай Нұрбайұлы, еңбек жолыңыз қалай басталды? Əңгімені еңбектегі алғашқы қадамдарыңыз туралы естеліктен бастасақ…

– Иə, «Əр істің шала білгірі болғанша, бір істің дана білгірі бол» демекші, мен үшін салада білікті маман ретінде қызметімді абыроймен атқару маңызды. Тасын түртсең тарихына тіл бітіп, жібін тартсаң түгінен мұнайы көрінетін Доссорда бақытты балалығым өтті. Ауыл іргесіндегі А.Құнанбаев атындағы орта мектепті тəмамдадым. 2006 жылы Атырау мұнай жəне газ институтының «инженер-электрик» мамандығын игеріп шықтым. Əкем Нұрбай қандай іске де қолының ебі бар, ісіне тиянақтылығымен дараланды. Қанмен берілген осы қасиеттің арқасында еңбек жолымды 1984 жылы «Доссормұнайгаз» мекемесінде қатардағы электр жөндеушісі (электромонтер) болып бастадым. Ондаған жыл бір қызметте жасап, едəуір тəжірибе жинақтайтын уақыт болды. Содан 1999-2005 жылдары электр торабының бастығы, 2005-2012 жылдар аралығында инженер-энергетик болып абыройлы қызмет атқардым. Қажырлылық таныта білсең қай істің де қайыры болатыны бар емес пе, қара алтынды өңірдің тіршілік қанын айналдырып жатқан мұнай саласындағы қызметім 2012-2017 жылдары механикаэнергетика бөлімінің басшысы лауазымына жоғарылады.

– Былтыр республикалық «Еңбек жолы» байқауында үздіктердің қатарында болдыңыз. Байқау қандай деңгейде өтті, байқаудан алған əсеріңіз?

– Елордадағы шара жоғары деңгейде өтті. Байқау қоғамда еңбек адамы туралы жақсы пікір қалыптастыру, жастардың еңбекке құрметпен қарауын, еңбек дəстүрлерін насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Бұл байқауға екі жыл қатарынан қатыстым. Бірақ жүлденің ауылы алыста болып, соңғысында дайындығымды бұрынғыдан да жетілдіріп, сақадай сай болып бағымды сынадым. Үмітім алдаған жоқ, «Жұмысшы жастардың үздік тəлімгері» аталымы бойынша III орынның жүлдесі маған бұйырды. Бұл номинацияға 179 адамның «таласқанын» ескерсек, аталған жеңіс мен үшін үлкен мəртебе.

– Демек, майталман маманның жетістікке жету формуласы…

– Əрине, əр адамның жетістікке жеткізетін өзіндік формуласы бар. Бірінші – еңбекқорлық. Еңбекқор адам түбінде бір нəтижеге жететіні сөзсіз. Оған белсенділікті жəне жауапкершілікті қоссақ болады. Сондай-ақ, «Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет ет» деп даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы айтпақшы, халық пен қоғамға пайдам тисін деген адал ниет болу керек. Осы төрт қасиеттен тұратын формула мен үшін өзекті. Бұл 40 жылдық еңбек өтілімде өмірлік қағидама айналғандықтан, өзім де бүгінгі жетістіктерімнің куəсі болып жүрмін. Мақсатым – жігерлі жас мамандар даярлап, ғасырлық тарих көшін алға жетелеп, компанияның даму стратегиясын жүзеге асыруда өзіндік қолтаңбамды қалдыру. Сондықтан, жастарға білгенімді үйретіп, тəлімгерлікке басымдық танытамын.

– Тəлімгер ретінде жастарға қандай кеңес бересіз?

– Алдымен жоғарыда айтып өткен формуланы айтар едім. Мұның басында жауапкершілік қасиеті оқ бойы озық тұрады. Қазір дамыған заманның талабы да өте жоғары. Желдің жылдамдығынан да тез дамып келе жатқан ғылым мен технологияның соңынан ілесіп отырмаса, көш соңында қалатының тағы бар. Иə, «Еңбек деген байлық бар ерінбеген жететін, жоқшылық деген жебірді жермен жексен ететін» дегендей, ізімізден ерген буынға аға ұрпақтың өмір жолы өнеге. Сондықтан, ертеңгі күнінің көгін жарқыратамын деген жастарға кəсібилігін арттыру үшін қайнаудан шыныққан болаттай етіп шығаратын кəсіби білікті ұстаздар керек-ақ. Сапалы білім мен шыңдалған тəжірибе жетістікке жетелейді. Өз ісіңнің нағыз маманы болу үшін үнемі ізденіп, біліміңді толықтырып отыруың керек. Үйренбей, ізденбей табысқа жету – қазіргі заманда мүмкін емес. Сол үшін өзім де Қазақстан, тіпті Ресей аумағында өтетін курстар, семинарларға қатысамын. Шəкірттерім де мұнай жəне газ өндіру басқармасының жыл сайын өтетін кəсіптік шеберліктің «Үздік маман» байқауларына қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Осы жылдар ішінде өзімнің тəжірибемді жас мамандармен бөлісіп, мұнайшылардың жаңа буынын тəрбиелеуде жұмыстанып келемін. Төккен тер өтеусіз емес, «Ембімұнайгаз» АҚ-да жыл сайын өткізілетін дəстүрлі шарада «Жыл тəлімгері» атанып, Түркияның Стамбул қаласына жолдама табыстады.

– Енді отбасыңыз туралы айтсаңыз. Бала тəрбиелеуде ұстанатын қағидаңыз бар ма?

– Халқымыз «Балаңды тəрбиелеймін десең, алдымен өзіңді тəрбиеле» деген ғой. Осыған орай оларға өзім үлгі болуға, қамқорлық жасаудан шаршамайтын əке болуға тырысамын. Əрине, бірінші кезекте ата-анамның тəрбиесінен бағыт алып, ұрпағыма да сондай тəрбие сіңіруге талаптанамыз. Əкем Нұрбай мұнай саласында еңбек етіп, ел экономикасын дамытуға үлес қосқан елге сыйлы, ағайын арасында абыройлы жан болған еді. Ал, анам Тəрбие қазір немере-шөберелерінің қызығына бөленіп отырған мəуелі бəйтерек, əлі де балалары мен немерелеріне ақылын айтып отыратын дария бұлақтай. Адамгершілік, біреудің ала жібін аттамау, өтірік айтпау, білімге құштар болу, үлкендерге құрмет көрсету сияқты қазақи тəрбие – біздің отбасымыздың қағидасы. Бүгінде бұл қағида ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, өзім де немере-жиендерімнің санасына сіңіріп келемін.

Зайыбым Гүлсім Жəрдемғалиқызы көп жылдар бойы Доссордағы А.Құнанбаев атындағы орта мектепте ұстаздық етеді. Екеуміз екі қыз, бір ұл тəрбиелеп, немере-жиен сүйіп отырмыз. Қызым Айнұр мен келінім Жəния ана жолын қуып мұғалім мамандығын бітірсе, Айжаным мұнай саласында білім алып, «ҚазТрансГазАймақ» компаниясында жұмыс жасайды. Ал, Наурыз есімді ұлым «əке жолын жалғастырам» деген ұмтылысымен энергетик мамандығы бойынша еңбек етіп жүр. Күйеу балам Жеткіншек те өз саласында білікті маман. Немерем Заңғар мен жиендердің қуанғанына мəз боламыз.

Əжесінің, ата-анасының тəрбиесін теңдей алып жүрген ұл-қыздарым елімізге адал қызмет атқарып, азамат атына сай болып өседі деген сенімдемін.

– Сырлы сұхбатыңызға рақмет!

Əңгімелескен Майра ОРАЗҒАЛИЕВА


Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button