ЕЛ БІЛЕТІН ОҢЕКЕҢ…
Оның азаматтық тұлғасын тану арқылы өзі өмір сүрген тарихи дәуірді, оның басшылығы тұсында еліміз жеткен дамуды танимыз, сол кездердегі қадасы қағылған, іргесі қаланған, қалыптасқан, жүзеге асқан игіліктер кейінгіге берік тұғыр болғанын түсінеміз, соған атсалысқан азаматтардың ақыл парасатын аңғарамыз.
Кешегісін білмеген, бүгінгісін бағамдамаған елдің ертеңі де болжаусыз.
Адам өмірінде туған жерін, өскен орта мен балалық шағын елжіреп еске алатын кездері болады, өмір бойы өшпес таңбасы ойында жүреді.
Байырғы ата дәстүр мен жаңа қоғам салттары қатар жүрген 1925 жылы қала мен дала таяу тоғысқан жерде дүниеге келу, ел аштыққа ұшыраған жылдары, колхоздастыру мен индустрияландыру кезеңдерін өз көзімен көру, соғыс жылдарының қиямет қиындықтарын өз басынан кешу, майданға аттанған әке орнына бұғанасы бекімеген жаста қой бағып қалу, бір жанұяның тауқыметін тарту, бес жыл бойы астан-кестен уақытта әскер қатарында болу Оңекеңнің өмірге, қоғамға, заманға көзқарастарын қалыптастырған бaстаулар болғаны сөзсіз.
Оңайбай Көшековтің өмір жолын шолып қарасақ, ол кісіге тапсырылған істердің бәрі ілгерілеп отырғанын көреміз.
Елдегі еңселі азаматтардың бірі ретінде артта қалған «Бақсай» совхозын басқаруға жұмсалып, оны бірнеше жылда бірегей шаруашылық еткенінің өзі ұйымдастыруда іскерлігін, экономикада есепкерлігін, ел қамын да ескергендігін көрсетеді.
Сонау шалғайдағы Маңғыстау ауданына бірінші басшы болған жылдардың да жүгі ауыр еді. Ол 60-шы жылдардың орта тұсындағы ресми мемлекеттік мәлімет бойынша экономикалық тұрғыдан Үстірттің қырын жайлап, таулардың ығына қыстайтын 500 мың малы бар, әлеуметтік жағынан мешеу, халқы жеркепелерді паналап, шыңыраудан су тартатын тұрмысы қиын қияндағы түбек болатын.
Бір облыс көлеміндей аймақтың дамуына жаңа серпіліс әкелген сол жылдарда Оңекеңнің тікелей қатысуымен жүздеген әлеуметтік-экономикалық мәселелер шешілді. Солардың ішінде ең күрделісі мен көлемдісі Шетпе қалашығы еді. Ғасырлар бойы теңіз тепкілеп келген жапандағы жарлы жағалауда көрнекті Маңғыстау ауданының жаңа тұрғыдан қалыптасуына үлкен үлес қосқан ағамыз – Оңайбай Көшеков.
Сол жылдары Дінмұхамед Қонаевтың қабылдауында болып өзекті мәселелерді жеріне жеткізіп батыл да, байыппен қоя білді. Жас аудан басшысының бұдан бұрын қақпаған есігі қалмағанын, сырғытпа сылтаулар мен жылжымалы уәделердің шегі мен шетін күтуге бұдан әрі болмайтындығын сезген Димекең күллі мәселелердің шешілуіне өзі тікелей басшылық етіп, ауыр мәселелер артта қала берді.
Дамудың жаңа дәуірі деп атауға лайық Атырауға бірінші басшы болған осы жылдарда облыста елеулі сапалық өзгерістер басталды. Халқымыздың біртуар ұлдары Оңдасынов, Есенов, Мұқашев бастап кеткен әлеуметтік салада облыс, аудан орталықтарынан бастап, шағын, шалғай елді мекендерге дейін мектептер мен медицина мекемелері жедел қарқынмен салынды, электр, ауыз су желілері жеткізілді.
Экономикада ескі Ембінің жаңа кеніштерін, әлемге әйгілі Теңіз қазынасын ашу, балық өнеркәсібін кешенді қайта жабдықтау жүзеге асты. Облыс орталығында бой көтерген тұрғын аудандар, Атырау әуежайы, теміржол вокзалы, «Ақ Жайық» мейманханасы сол жылдардың жемісі болды.
Менің кәсіби саламның, оның ішінде Атырау теміржолшыларының да қуаты 15 есеге артты. Сол дәуірдің жарқын белгілері Қиғаштан Жемге дейінгі барлық аудандар мен ауылдарда әлі күнге самсап алдымыздан шығады.
Ұлттық мұнай өнеркәсібінің алғашқы ошағы, ескі Ембінің мұрагерлері Доссор, Мақат өндірісі жаңадан ашылған Орысқазған, Кенбай, Ботақан кеніштері есебінен тың тыныс тауып, байырғы мұнайшы елі ертеңіне сеніммен қарады.
Осы ауданда орналасқан, тек Атырау, Маңғыстау облыстары емес, бүкіл батыс аймақ тасымалында шешуші роль атқаратын Мақат локомотив депосы қуатты жаңа тепловоздарға ие болды. Төрт тараптың тасымалы тоғысатын Мақат стансасының өткізу қабілеті анағұрлым артты. Көп қабатты үйлермен, жаңа көшелермен Мақат та өзгеріп жүре берді.
Жылыой өңірі әлемнің экономикалық картасында алғаш жұлдызы жарқырап көрінгені де – осы жылдар. Теңіз телегейі мен оған серіктес Королев, Елемес кеніштері Қазақстанда тұңғыш рет мұнай өнеркәсібіне шет елдер инвестициялары тартылған өндіріс орындарына айналды.
Міне, сан қилы осы істер бүкіл ауыртпалық салмағын салып, белді майыстырып тұрса да, Оңекең сабырлы мінезімен, парасатты ақылымен аймақтың қолбасшысы ретінде сол кездегі бюро мүшелерімен бірге барлық қиындыққа қасқая қарсы тұра білді. Ауыртпалықты жеңе білді.
Жоғарыдан, төменнен ағылған ақпараттар, маңызды мемлекеттік мәселелер, облыс өңірінің алуан сұрақтары тәулік сайын толассыз құйылған осынау кезде облысқа бірінші басшы болу заманауи зердегерлікті, басқарудағы зергерлікті, адами қабілет пен парасаттылықты керек етері күмәнсіз.
Олай болу көп саладан кең көлемді мағлұматы бар, қалыптасқан табанды көзқарасы бар үлкен ақыл-ой жинақтаған адамның ғана қолынан келеді.
Оңайбай Көшеков уақыттың осы бір кезіне сай келді. Осы жылдар ішінде ол тек тапсырылған істі тындырушы, ағымдағы міндеттерді атқарушы болған жоқ, өз өлкесінің өркендеу жолдарын зерделеуші, болашағын болжаушы, ойы мен қырын, жері мен суын, экономикалық және әлеуметтік мәселелерін жетесіне жетіп білуші, жетістіктерін жебеуші, кадрларын демеуші болды.
Ел үшін үн-түнсіз қыруар еңбек еткен көрнекті қоғам, мемлекет қайраткері Оңайбай Көшеков осындай азамат еді.
Аманкелді СЕЛБАЕВ,
Кеңес мемлекетінің
Құрметті теміржолшысы.