«ЭКСПО-2017»-ГЕ 10 МЫҢ АДАМ ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ
11 желтоқсан күні ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов ресми сапармен Эфиопия Федералды Демократиялық Республикасына барады. Айта кетейік, бұл – Қазақстан Сыртқы істер министрінің Эфиопияға алғашқы ресми сапары. «Сапар барысында Эфиопия жоғарғы басшылығымен кездесулер, сонымен қатар осы жылы Қазақстан бақылаушы мәртебесін алған Африкалық Одақтың штаб-пәтеріне бару жоспарланған» деді ресми өкіл. Одан соң министр Е.Ыдырысов Ислам ынтымақтастық ұйымының сыртқы істер министрлері Кеңесінің 40-шы сессиясының жұмысына қатысады. Саммит Конакри қаласында (Гвинея) өтеді.
Брифингте аптаның айтулы оқиғалары айтылғаннан соң, келесі әңгіме Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» турасында өрбіді. «Көрмені өткізу үшін бізге 10 мың қызмет көрсету маманын даярлау қажет, олардың ішінде 3,5 мыңға жуығы — энергияның жаңартылмалы түрлеріне және басқа да озық технологияларға қатысы бар бір жақты профильдегі жоғары білімді зияткерлер болуы тиіс» деді журналистермен жүздескен «Астана EXPO-2017» ҰК» АҚ құрылысы бойынша Басқарма төрағасының кеңесшісі Қ.Тілемісов.
Брифинг қонағының айтуынша, бүгінде «ЭКСПО-2017» дайындығына 10 штаб жауап береді, олардың ішінде Сыртқы істер мен Білім және ғылым министрлігі бар. Осылайша, Білім және ғылым министрлігіне волонтерлерді, гидтерді және тар көлемді мамандарды даярлау бойынша жұмысты жүзеге асыру тапсырылды. Бұдан өзге, кеңесші «ЭКСПО-2017» дайындау кезінде осындай көрмелерді АҚШ, Германия, Оңтүстік Корея және Жапонияда өткізуде тәжірибесі бар шетелдік кадрлардың міндетті түрде тартылатынын жария етті.
Тағы бір үлкен жаңалық, Қазақстан «ЕХРО-2017» халықаралық көрмесін ұйымдастыру және өткізу аясында Елордаға келетін жекелеген тұлғалар санатына виза алу рәсімін жеңілдетеді. «Астана ЕХРО-2017» ҰК» АҚ заңгерлік департаментінің директоры Майя Егімбаеваның әңгімесінен ұққанымыз, аталған жеңілдетілген тәртіп ҚР Үкіметінің жеке шешімі бойынша бекітілетін болады. Тоқтала кететіні, «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңның шетелдік мамандарды тарту тәртібін жеңілдету бөлігіне өзгертулер енгізіледі екен. Мұндай қадам жаңа энергия үнемдеуші технологиялар элементтерімен әлемдік ауқымдағы нысандарды жобалау және салуда шетелдіктердің тәжірибесімен бөлісу үшін жасалып отыр. Айтпақшы, М.Егімбаеваның пікірінше, «ЭКСПО-2017» көрмесінің нысандарын жобалау және құрылысын жүзеге асыратын компаниялардың тізімі Үкіметтің бөлек шешімімен анықталады. Заңға сәйкес, аталған компаниялар корпоративті және табыс салығынан босатылмақ.
Азамат БАЗАРБАЕВ.