Жарнама
Қоғам

Еділдегі апаттың зардабы Қиғаш бойына қаншалықты зиян келтіреді?

ОСЫ АПТАДА ОБЛЫСҚА ЖҰМЫС САПАРЫМЕН КЕЛГЕН ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ АТЫРАУ ОБЛЫСЫН ДАМЫТУДЫҢ 7 БАСЫМДЫҒЫН АЙҚЫНДАП БЕРДІ. ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙ АРАСЫНДА БІРҚАТАР КЕЛІСІМ-ШАРТҚА ҚОЛ ҚОЙЫЛҒАНЫН, СОҒАН СӘЙКЕС ЭКОЛОГИЯНЫ, ТРАНСШЕКАРАЛЫҚ ӨЗЕНДЕРДІҢ БИОӘЛЕМІН САҚТАУ ЖӘНЕ ОНЫ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ ТӘРТІБІН РЕТТЕЙТІН ҚҰҚЫҚТЫҚ НЕГІЗ БАРЫН АТАП АЙТҚАН ЕДІ. ПРЕЗИДЕНТТІҢ: «КӨРШІ ЕЛМЕН ОСЫ БАҒЫТТАҒЫ ӘРІПТЕСТІКТІ НЫҒАЙТЫП, КЕЛІСІМДЕРДІҢ МҮЛТІКСІЗ ОРЫНДАЛУЫНА КҮШ САЛУ КЕРЕК. БҰЛ ІСТЕ БӘРІН ОСЫ ӨҢІРДЕГІ МЕМЛЕКЕТТЕРДІҢ ӨКІЛДЕРІНЕ ҒАНА ЖҮКТЕП ҚОЮҒА БОЛМАЙДЫ» ДЕУІ БІРАЗ МӘСЕЛЕНІҢ МӘНІСІНЕ БҰҚАРА ХАЛЫҚТЫҢ ҮҢІЛУІ ҚАЖЕТТІГІН АҢҒАРТТЫ.

Мемлекет басшысының мәселеге бұлайша ден қоюы тегін емес. Газетіміздің №87 санында «Ауыз су көзіне қауіп төнді» деген тақырыппен жарық көрген мақалада (4 қараша, 9-бет) Ресей еліндегі Волгоград қаласының Ворошилов ауданында биылғы 28 қазан күні кәріз суының құбыры опырылып кетіп, лас судың Еділ өзеніне құйылғанын, бұл 70 мыңдай халқы бар Құрманғазы ауданына да қауіп төндіретінін айтқан едік. Атырау облысы мемлекеттік санитарлық — эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Лаура Қайбалдиева 2 қарашадан бастап, аудандағы барлық су қоймаларын қадағалау күшейтілгенін, ашық су көздері мен су тазарту қондырғыларынан 7 түрлі сынама алынып, оның қорытындысы жөнінде халыққа нақты ақпарат берілетінін де хабарлаған болатын. Алайда, одан хабар болмады.

Есесіне 9 қараша күні Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғанов Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдап, аталған мәселеге байланысты дабыл қақты. Еліміздің батыс өңіріндегі халықты сапалы ауыз сумен қамтудың қиындай түскені, ол жергілікті халықтың өмірі мен денсаулығына зор қауіп төндіретініне алаңдаған депутат Царица өзенінің алқабындағы кәріз коллекторы тартылған бетонды каналдың опырылып құлап, ақаба судың Еділге құйылғанын Росприроднадзордың өзі де растағаны жөнінде мәліметтер келтірген.

Төменгі палатадағы атыраулық депутат Дүйсенбай Тұрғанов өз сауалында Росприроднадзордың Астрахан облысының Үкіметіне арнайы хат жолдап, халыққа берілетін судың сапасына бақылауды күшейту, қажет болса ауыз суды тасып әкелуді ұйымдастыру жөнінде тапсырма бергені айтылған. Оның үстіне, Астрахан облысының тұрғындарына ауыз суға да, тұрмыстық мақсатқа да өзеннен су алмауға кеңес беріпті.

«…Соған қарағанда, бұл проблема тек Астрахан облысының тұрғындарына қатысты емесі анық. Еділдің негізгі ағысынан сәл жоғары жерден бөлініп шығатын Ахтуба өзенінен бастау алып, Қазақстанның батыс өңіріндегі Құрманғазы ауданы арқылы Каспий теңізіне құятын Қиғаш өзеніне де зор қауіп төніп тұрғанын білдіреді.

Мамандардың болжауынша , Еділдің ағысы қатты болғандықтан, кәріздегі сұйықтық төгілген лас су көп кешікпей аудан аумағына ағып келеді. Егер судың ластанғаны дәлелденсе, Каспий теңізін жағалай қоныстанып, «Қиғаш-Маңғышлақ» таратқыш желісінен су ішіп отырған Атырау мен Маңғыстау облыстарындағы 850 мың адам да қауіпті аймаққа кіріп кетпек», — деп, Мәжіліс депутаты өз сауалдарында зор қауіптің төнгеніне абыржып отыр.

Экологиялық кодекс талабы бойынша трансшекаралық өзендерді қоса алғанда, ашық су айдындарындағы « тіршілік көзінің » сапасына мониторинг жүргізетін «Казгидромет» РМК екен. Бірақ, айына бір-ақ рет жасалған мониторингтің қауіпсіздікке кепіл боларына депутаттардың күмәні басым. Егер бұған қаржы тапшылығы кесел келтірсе, оны дереу шешкен жөн. Әйтпесе, отандастардың қауіпсіздігі бәрінен де жоғары тұр.

2018 жылы Жайық өзенінде жаппай балық қырылғаннан кейін жергілікті қоғамдық экобелсенділер Үкіметтен химико-биологиялық талдау үшін өзеннен су алу мерзімін өзгертуді, оны айына бір-ақ рет емес, апта сайын алып тұруды сұрапты. Айтса – айтқандай, суды бақылау жиілігін арттыру бүгінде айрықша сипат алып отыр.

Осы жерде Мәжіліс депутаты көтерген тағы бір мәселе шынында да тиісті құрылымдардың қызметіне қатысты орынды өкпе-реніш туғызары анық. Өйткені, отандық БАҚ-тардың жариял ным дарына қарағанда, Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті Волгоград облысындағы коллектордың жарылғанын атыраулық экобелсенді Арман Хайруллиннің әлеуметтік желідегі парақшасынан оқып білген.

Бұл келеңсіздікке таңданысын

жасыра алмаған депутат Үкімет басшысына жолдаған хатта: «Қоршаған ортаны қорғау қызметтері ластануды тек әлеуметтік желілер арқылы білетінін қалай түсінуге болады? Шекаралас көршілермен трансшекаралық өзендердегі апаттар немесе туындауы мүмкін форсмажорлық жағдайлар туралы ақпарат алмасу бойынша нақты жұмыс неге жолға қойылмаған?», — деп, құзырлы органдардың дәрменсіздігін сынға алған

Шынында , бүгінде Ресей Федерациясының аумағында өнеркәсіптік және тұрмыстық суды тұтыну мен сарқынды судың көлемі көбейген сайын Жайық өзенінің ластану көрсеткіші де артып келеді. Нақты мәліметтерге сүйенсек, оның суының сапасы қазірдің өзінде төмен, тиісті норматив бойынша V сыныпқа жатады. Осының барлығына талдау жасай келіп, Дүйсенбай Тұрғанов күрделі ахуалды шешу және болашақта оның алдын алуға мүмкіндік туғызатын кешенді шаралар қабылдауды жөн санайды.

Атап айтқанда:

– біріншіден, дер кезінде ақпараттандыру және іс-қимылды үйлестіру үшін көршілес мемлекеттердің уәкілетті органдарының өзара қарымқатынасын арттыру;

– екіншіден, экологиялық және санитарлық қызметтердің жұмысын күшейту;

– үшіншіден, жергілікті билік

органдары экологиялы қоқыс оқиғаларға жедел әрекет ету, тіпті, болмашы жағдайда д а оларды бақылауда ұстау, сондай-ақ осыған ұқсас жағдайларда әрекет ету жөнінде іс-шаралар жоспарын әзірлеуі қажет;

– төртіншіден, ластаушы заттардың барлық түріне талдау жасау үшін Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің зертханаларын кеңірек аккредиттеуді қамтамасыз ету; – бесіншіден, сапасына тұрақты бақылау жасау үшін өзеннен сынамаға су алу жиілігін арттыру

Қазақстан Республикасы Су кодексінің 90-бабының 3-бөлігіне сәйкес ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жерүсті және жерасты суларының қауіпсіздігін халықтың санитарлықэпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік орган айқындайды. Сондықтан, Денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық денсаулық сақтау департаменттері арқылы су сапасына эпидемиологиялық бақылауды күшейтуі керек;

– алтыншыдан, батыстағы шөлейтті алқаптарда сумен қамтудың баламалы көздерін мүмкіндігінше шұғыл іске қосу қажет. Сонымен қатар, Жайық өзенінен тұтынылатын су көлемін азайту үшін қосымша жерасты суын пайдалануды қарастырған тиімді. Ол үшін «Көкжиде» жерасты су көзіне қатысты жедел шаралар қабылдаған жөн.

Ал, Ойыл, Жем, Сағыз тәрізді шағын өзендерді сақтап қалу бағдарламасын әзірлеу – кезек күттірмейтін мәселе. Трансшекаралық өзендер мәселесі туындағанда, Парламент Мәжілісінің депутатын мазалайтын тағы бірнеше сауал бар екен. Үкімет басшысына жолдаған сауалда Дүйсенбай Нұрбайұлы оған да нақты жауап беруді сұрады:

1 . Ресей Федерациясының аумағында болған апатқа байланысты, Қазақстан тұрғындарын қорғау үшін қандай шаралар қабылданып жатыр?

2. Төтенше жағдайлар кезінде көршілес мемлек ттерд ің іс-қимылдарын үйлестіру қалай жүзеге асады?

3. Волгоград облысында болған апат туралы Қазақстан тарапына неге ресми хабар берілмеді? Жасыратын не бар, бұдан екі жарым жылдай бұрын күнгейдегі көршінің Сардобасы жарылып, Түркістан облысындағы бес ауыл тасқынның астында қалған. Енді Ресей тарапынан Еділге төгілген кәріз суы тағы да біздің елге қауіп төндіріп тұр. Бір ғажабы, көрші елдердің осындай «қылығына» Қазақстан тарапынан тиісті органдардың дәрменсіздік танытып, шара қолдана алмайтыны қынжылтады.

– Біз үшін ең маңызды саналатын артерияларға осындай қауіп төнгенін көріп-біле тұрып, ешқандай әрекет жасамасақ, елдігімізге сын болғаны өз алдына, тұрғындардың саулығына аса зор зардабы тиетіні сөзсіз. Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – кез-келген мемлекеттің міндеті. Сондықтан, бұған жайбарақат қарауға болмайды. Оның үстіне, әлемдік жылыну жағдайында Еуропа мен Азияның кіндігінде орналасқан біздің ел үшін мұның маңызы аса жоғары, — деді бізге арнайы хабарласқан Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов.

Қуандық ШӘКІРОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button