ЕҢБЕККЕР ҚҰҚЫ ҚАЛАЙ ҚОРҒАЛЫП ЖҮР?

Мәселенің  мәнісі

Нарық жағдайындағы жаңа Еңбек кодексі қандай болмақ? Ол құжат еңбек адамының құқын мықтап қорғауға берік іргетас бола ала ма? Қарапайым жұмысшы үшін оның пайдалы, пайымды, алымды тұстары қандай? Міне, осы жаңа Еңбек кодексі жобасына байланысты түсінік беру, жалпы кәсіподақ ұйымын құру және оны еңбекші мүддесіне сәйкес дамытуды, сондай-ақ ұжымдық шартпен жұмыс істеудің маңыздылығын көздейтін мағлұматтарды таныстыру мақсатында «Атырау облысы кәсіподақтар орталығы» облыстық бірлестігі және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Теңіз мұнай кешенінде еңбек етіп жатқан компаниялар ұжымдары арасында болып, аталмыш тақырыпта бетпе-бет ашық әңгіме, сұрақ-жауап талқысына өріс ашты.

 

Теңіз вахталық қалашығында «Сичим» және «Юлмар» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің еңбек ұжымдарымен кешкі кездесулерде «Атырау облыстық кәсіподақ орталығы» аумақтық бірлестігінің төрағасы Диас Сұлтанов, төрағаның орынбасары Саламат Еламановқаралып отырған мәселенің заңдық жақтарына, ал облыстық үш жақты комиссияның жұмыс беруші бірлестігінің өкілі, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы директорының әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасары Қуанғали Қожантаев оның әлеуметтік сипатын ашуға ден қойып, жұмысшыларды осы тақырыпта толғандырып жүрген әр алуан сауалдарға жауап берді. 

Жаңа  кодекс – жүйелі  бағдар

Мамандардың мәселенің түп-төркінін ашып көрсеткеніндей, ол Н.Назарбаевтың бес институционалдық реформасын іске асыру бойынша жасалған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарынан туындап отыр. Нақтырақ айтсақ, осы аса маңызды құжаттың 83-қадамының көздегені – «Еңбек қатынастарын ырықтандыру. Жаңа ЕҢБЕК КОДЕКСІН әзірлеу».

Қазақстан Республикасы жаңа Еңбек кодексінің басты ерекшелігі – кәсіподақтардың келіссөз үдерістерінің еңбекшілердің құқығын қорғаудағы рөлін едәуір көтеріп отыр. Бұл құжаттың жобасы еңбек қатынастары барлық тараптарының мүдделер тепе-теңдігін қамтамасыз етеді. Диас Бауыржанұлының айтуынша, еліміздің кәсіподақтар федерациясы берген 200-ден астам ұсыныстың 117-сіне тиісті өзгерістер енгізілген, олар негізінен – еңбекақы, ерекше жағдайда жұмыс істеу, өтемақы төлеу, еңбек тәртібі, жұмыс және демалыс уақыты, еңбек дауларын қарау, жекелеген категориядағы қызметкерлердің еңбек ерекшеліктерін реттеу және әлеуметтік серіктестікке, басқа да жайларға қатысты мәселелер. Енген ұсыныстардың едәуір салмағы, маңыздылығы барын ескерген жөн. Айталық, жұмыстан шығарудың қазіргі Еңбек кодексінде 19, ал жаңа кодексте 26 негіздемесі бар. Ұжымдық келісім-шарттардың пәрменділігін көтеру мақсатын көздейтін бірқатар мән-маңызы бар сауал-сұрақтарды міндетті түрде қаралатын ұсыныстардың қатарына енгізу көзделген. Мысалы, бір кәсіпорында бір лауазымда, бір мамандықта істейтін мамандардың жалақылары арасындағы айырмашылықты кәсіподақ пен жұмыс беруші келісім-шартта көрсетуі керек болады. Бұл шетелдік жұмысшылар еңбек ететін, біздің жұмысшылардан тым көп еңбекақы алатын кәсіпорындар үшін өзекті. Осы ретте Парламент депутаты, бұрынғы Еңбек министрі Әлихан Бәйменовтің: «Парламент қабылдаған Еңбек кодексі енді жұмыс беруші мен жұмысшылар арасындағы алшақтықты жоюға, олардың мүдделерін теңестіруге бағытталған» деген тұжырымды пікірі еске түседі.

Ұлт жоспары – «100 нақты қадам» бағдарламасының индустрияландыру және экономикалық өсім бөліміндегі 83-қадамда еңбек қатынастарын ырықтандыруға баса мән берілгеніне тоқталған төрағаның орынбасары Саламат Қабдоллаұлы облыстық әкімдік жанында үш жақты комиссия жұмыс істейтіндігіне тоқталды. Ол кодекс жобасы еңбек нарығының тұрақты қызмет етуін, тараптардың мүддесіндегі арасалмақтың тең реттелуін көздеп әзірленгенін айтады. Онда азаматтардың жұмысынан айырылған жағдайда өтемақы төлеу жөнінде, сағаттық жұмыс істеу бойынша нормалар енгізілген. Сондай-ақ, жаңа Еңбек кодексі жұмыс берушінің де, жұмысшының да келісім-шартқа жаңа шарттар енгізу мүмкіндігін бекіткен. Үстеме жұмыс ұзақтығы мәселесі бойынша түсіністікке қол жеткізілген, ол жылына 120 сағаттан аспауы керек. Әлеуметтік шиеленістерді өзара түсіністікпен, келісіммен шешкен абзал. Кәсіподақтардың аумақтық бірлестігіне қарасты тоғыз салалық кәсіподақтар да (мұнай-газ, құрылыс, энергетика, ауыл шаруашылығы, т.б.) әлеуметтік мәселелерді жиі көтеріп отырады.

Аумақтық кәсіподақ бірлестігі өкілдерінің Теңіз кеніші жұмысшылары арасындағы жаңа Еңбек кодексі жобасы төңірегіндегі түсінік жұмыстары өзара пікір алмасуға ұласты. Жылыой аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы, үш  жақты комиссия төрағасының орынбасары Серік Хамидолла: «Теңіз кеніші аумағында 97 өндірістік мекеме еңбек етеді, олармен тығыз байланыстамыз, өз тарапымыздан жаңа Еңбек кодексі жөнінде түсінік жұмыстары да жүргізілу үстінде. Аудандық үш  жақты комиссияның тоқсан сайын өтіп тұрған мәжілістерінің хаттамалары компанияларға түгел таратылып берілді. «Сичим» мекемесі – жергілікті мамандарды жұмысқа тартуда, әлеуметтік бағдарламаларға үн қосуда бетке ұстар мекеме. Ұжымға ұйытқы болатын кәсіподақ ұйымы мұнда келісіммен құрылатынына сенемін» деді.

Бұдан кейін жұмысшылар тарапы кәсіподақ құруды ұтымды ұйымдастырудың жолдары, ұжымдық шартқа өзгерістер енгізудің тәртібі, мамандар қызметінің тұрақтылығын (қысқармауын) сақтау турасындағы сауалдарына нақты жауаптар алды.

Көтерілген мәселедегі тараптардың үнқатысуына аудандық прокуратураның аға прокуроры Жайық Иманбаев та өз пікірін білдірді.

Қаржау  ОРАЗБАЕВ,

меншікті  тілшіміз.

Жылыой  ауданы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз