Еңбек заңдылығы – баршаға ортақ

Қоғам

– Жылдың соңына дейін жұмыс көлемінің толық игерілуіне орай 5000 маман жұмыстан босатылады. Сондықтан, мердігер мекемелер өз жұмысшыларымен түсінік жұмыстарын жүргізіп, ҚР Еңбек Кодексінде көрсетілген талаптарды мүлтіксіз орындауы шарт. Жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы қарым-қатынас заң аясында шешілуі тиіс, – деді комиссия отырысын ашқан облыс әкімінің орынбасары Ш.Мұқан. 
Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексі талаптарының сақталуы және еңбекақыдағы теңгерімсіздікті жоюға байланысты атқарылған шаралар туралы баяндаған облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Салават Ишай бірқатар компанияларды тексеру кезінде аталған құжаттың талаптарын сақтауда көптеген кемшіліктер анықталғанын жеткізді. Атап айтсақ, оның айтуынша «Хидратайт Оперейшнз Лимитед» компаниясы филиалын тексеру барысында бірдей позицияда жұмыс істейтін шетелдік және қазақстандық қызметкерлердің арасында еңбекақыдан елеулі айырмашылық анықталған. Мәселен, шетелдік маман Махир Гафланов «жабдықтарды пайдалану қызметінің басшысы» мамандығы бойынша 28 күнтізбелік вахталық әдіспен жұмыс жасап, жалақысы 635 961 теңгені құраса, дәл осы лауазымда жұмыс істейтін шетелдік маман Шерри Дэвид Антони 28 күнтізбелік күнге 1 миллион 696 766 теңге көлемінде жалақы алады екен. Ал, вахталық әдіспен дәл осы қызметті атқаратын қазақстандық азаматтар Е.Сұлтанғалиев пен У.Сапарбаевтың жалақысы – 161 879 теңге. Байқап отырғанымыздай, шетелдік маман қазақстандық қызметкерге қарағанда жалақыны 10 есе жоғары алады. Сонда шетелдіктермен қызметті бірдей атқарып жүрген қазақстандық маманның кемшілігі не? Ешкім ештеңе айта алмайды. Жалпы алғанда тексеріс кезінде бұл компания филиалы бойынша 24 кемшілік орын алған.
Комиссия отырысына қатысқан аталған компания филиалының өкілі бұл кемшіліктердің барлығын мойындап, бұл мәселелер шешіліп жатқандығын жеткізді. Тіпті жұмысшылардың еңбекақысы шетелдік валютамен төленіп келгендігін де жоққа шығармады.
– Аз-кем кемшілік деген болмайды. Әр кемшіліктің артында адам тағдыры жатқандығын ұмытпаңыздар. Бір айдың ішінде бұл олқылықтардың орны толтырылмаса, бұл компания мен мекеме басшылары Атырауда жұмыс жасамайтын болады. Өз кәсібін қазақ жерінде дөңгелентіп жатқандықтан, қай елдің азаматы болмасын Қазақстан Республикасының заңдарына құрметпен қарауы, оны мүлтіксіз орындауы тиіс, – деп Шыңғыс Жұмабекұлы атап айтты.
Ал, «ДОС-7» ЖШС басшылары қызметкерлерге жұмыстан босатылғанда төленетін төлемдерді кешіктірген, жұмысшылар өткен жылға арналған өндірістік күнтізбесінен артық сағат жұмыс істеген, жұмысшылардың еңбекақысын кешіктіріп төлеген, вахталық ауысым және кезекті еңбек демалысына шығу кестесі жасақталмаған және т.б.
Серіктестік директоры Серік Дауымшаров шетелдік компаниялармен бірлесіп жұмыс атқарылатындықтан, құжаттар дайын болмай, жұмысшылардың еңбекақысы тек екі күнге кешіктірілді деп сендіруге тырысты. Сол сияқты, «Фугро КазПроект» ЖШС-інде – 11, «Везерфорд Қазақстан» ЖШС-інде – 11 және «Гелиос» ЖШС-інде 18 кемшілік анықталған.

ҚЫСҚАРҒАН
ҚЫЗМЕТКЕР ҚАЙДА БАРАДЫ?

– Қысқарған мамандарды жұмысқа орналастыру үшін шетелден жұмыс күшін тартатын мекемелермен кездесулер ұйымдастырылып, олармен меморандумдар жасақталды, – деді Атырау облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Клара Мұқашкереева комиссия отырысындағы баяндамасында. – Атап айтсақ, «Синопэк Инжиниринг» компаниясы Атырау мұнай өңдеу зауыты жобасында 1040 жаңа жұмыс орындарын құру бойынша меморандумға жыл басында қол қойды. Қазіргі уақытта мамандар ішінен реттеу жұмыстары жүргізіліп, 580 адам жобаға орналастырылды. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың ақпан айында «Искер-Казстройсервис», «Теміржолқұрылыс Атырау» «Аджип ҚКО» компаниясының мердігерлік мекемелерімен 900 адамды жұмысқа орналастыру жөніндегі құжатқа қол қойылды. Бұл бағытта қазірдің өзінде 650 адам жұмысқа қабылданды.
Сондай-ақ, Клара Фазылқызының айтуынша, «ТШО» компаниясының «Болашақ даму» жобасы жүзеге асқанда 18000 адам жұмыспен қамтылмақшы.
Кәсіпкерлерге бос жер аумағын беру және коммуникациялар өткізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат берген Атырау қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Қадырғали Тұрғановтың айтуынша, қала бойынша жеке кәсіп ашам деген 68 кәсіпкерге жер берілгендігін айтты. Сонымен қатар, жұмысшылар өкілдеріне еркін қызмет ету үшін қажетті жағдайлар жасақтау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар да кеңінен сөз болды.

ЖАЗДА МӘЗ БОЛЫП ДЕМАЛСАҚ…

Комиссияның қарауына ұсынылған тағы бір мәселе – оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру.
Қала сыртындағы облыстық «Тұлпар» лагері, Ресей Федерациясының Железноводск поселкесіндегі «Қазақстан геологі» емдеу-сауықтыру пансионаты, аудандық «Жас өркен», «Арай» лагерьлері балалардың жазғы демалысын жақсы ұйымдастыруға барлық мүмкіндік жұмылдырылуда, – деді облыстық білім беру басқармасының басшысы Берікқали Сәрсенғалиев. – Сонымен қатар, 116 мектеп жанындағы тамақпен қамтитын лагерьлер, шипажай үлгісіндегі 18 лагерь, сегіз ақылы лагерь, 302 бейіндік, 47 дебаттық, сегіз шатырлық лагерьде 36 498 оқушыны қамту жоспарда бар.
Бұған қоса осы жазда «Аджип-Эни» компаниясының демеушілігімен жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған отбасыларынан 40 бала Италияның Адриатико теңізінің жағасында орналасқан Чезенатико қаласында демалады. Республикалық «Балдәурен», «Бөбек» лагерьлерінде осы жазда 75 атыраулық оқушы демалады.
Комиссия отырысы барысында бірқатар басқа да маңызды мәселелер қаралды. Облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалуын қадағалауды тиісті органдарға жүктеді.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Сурет Ерлан АЛТЫБАЕВТІКІ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған