Жарнама
Қоғам

ЕҢБЕК НАРЫҒЫ: ҰСЫНЫС ПЕН СҰРАНЫС

Бұдан былай аталған одаққа мүше мемлекеттерден келген еңбек мигранттары 30 тәулікке дейін тіркеуден босатылады және 15 күн ішінде жаңа келісім-шарт жасай алады. Бұрынғыдай жұмыс істеуге рұқсат алып әуре болмайды. Бұлар  жыл басында күшіне енген Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісім-шартта қарастырылған. Демек, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің азаматтары еңбек шарттарына қатысты  құқықтарға тең дәрежеде ие. Мысалы, жұмыс істейтін азаматтардың еңбек өтілі жалпы еңбек өтіліне қосылады. Ал, зейнетақы тұрақты тұратын мемлекетінің заңнамасы мен ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы келісім-шарт бойынша есептеледі. Келісім-шарт бойынша мигрант пен оның отбасы мүшелері жедел медициналық көмек пен өзге де медициналық жәрдем алуға, балаларын сол елдің заңнамасына сәйкес мектепке дейінгі мекемелерге беруге құқылы. 

Бұрын Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін шетелдік азаматтардың әлеуметтік сақтандыру алуға құқылары болған жоқ. Ендігі жерде осы келісім-шарт негізінде Одаққа мүше елдердің еңбек мигранттарын әлеуметтік сақтандыру да көзделіп отыр. Дәлірек айтсақ, біздің елімізде жұмыс жасап жүріп босанған әйелдерге, жазатайым оқиғаға тап болған мигранттарға ендігі жерде медициналық сақтандыру да беріледі екен.

Басты мәселелер ретінде бұл шарттарды бөле-жара қарап отырған себебіміз, өндірісті өлке болып саналатын  облысымызда мигранттар үлесі еселеніп кетпей ме? Еңбек нарығындағы мигранттар саны реттеле ме? Осы тақылеттес сауалдарға жауап іздеу.

Өткен жылдың сәуірінен бері қарай Атырау облыстық Ішкі істер департаментінің Көші-қон полициясы жеке тұлғалардың жұмыс жасауы үшін  рұқсаттар беру жұмыстарын жүргізіп келеді. Басты бағыт – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бұйрығына сәйкес, мемлекеттің ішкі еңбек нарығын реттеу, еліміздің аумағында бақылаусыз жүрген еңбек мигранттарымен күресу, сондай-ақ, еңбек нарығында жергілікті халықтың бәсекеге қабілеттілігін қалыптастыру болып табылады.

Өткен жылы облыс бойынша 9600 шетелдікке жеке тұлғаларда еңбек қызметін жүзеге асыруға арналған рұқсаттар берілген. Оның ішінде 3319-ының рұқсат мерзімдері ұзартылған. Рұқсаттар беру бір айдан үш ай мерзімге дейінгі уақытқа беріледі және бір қаланың, болмаса бір ауданның көлемінде ғана әрекет етеді. Бұл шетелдіктердің орын ауыстыруын бақылауға ыңғайлы тәсіл болып есептеледі.

Жасыратыны жоқ, өңірімізге келген мигранттардың арасында қылмыстық, әкімшілік жауапкершіліктерге тартылып, қашып жүргендер де болуы мүмкін ғой. Ал, олардың денсаулықтарының жағдайын да білгеніміз жөн. Жолаушылар тасымалы қызметтерінде, мейрамханалар мен басқа да халыққа қызмет көрсету орындарында жұмыс жасап жүрген қарақалпақ, өзбек азаматтары мен қыз-келіншектері қазір көптеп саналады.

Осы орайда, Атырау облысы Ішкі істер департаментінің Көші-қон полициясы басқармасы басшысының орынбасары, полиция полковнигі Болат Досқалиев былай дейді: «Аталған қызметтерге рұқсат алуға өтініш білдірген  шетелдік азамат міндетті түрде тексеруден өтеді. Қылмыстық жағдайларға қатысы анықталса, тиісті шаралар алынады. Әзірге біздің облыста мигранттар арасында мұндай келеңсіздіктер кездескен жоқ.

Шетелдіктер қажетті медициналық тексеруден де өтіп, рұқсат алу құжаттарын рәсімдеу барысында анықтама тапсырады.Егер рұқсат алған шетелдік жеке тұлға үй жұмыстарын жасау барысында ауру белгілері байқалған жағдайда заңдылықтар бұзылуына байланысты тіркеу мерзімі қысқартылып, рұқсат кері қайтарылады. Мысалы, өткен жылы осындай заң талаптарының бұзылуына байланысты төрт адамның рұқсаттары кері қайтарылды.

Аталған рұқсаттар жеке тұлғаларда ғана еңбек қызметін жүзеге асыруға арналған. Сондықтан, рұқсат алған шетелдіктер қоғамдық тамақтану орындарында, наубайханаларда және басқа орындарда еңбек қызметін жүзеге асыруға құқығы жоқ. Осы тектес фактілер анықталған жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық жасаған шетелдіктерге де, екінші жаққа да  тиісті шаралар алынады».

Басшының сөзімен келісеміз. Өйткені, заң талаптары осындай. Бірақ, заңды айналып өтудің ретін табатын сол келушілердің есепке тіркелмеулері де мүмкін ғой. Осы cияқты күмәнді сауалдарымызға Болат Қабидоллаұлы бұл мәселелердің тексерулер арқылы жүзеге асатындығын айта келіп, былай деді:

«Баршаға белгілі, біздің облысымызда жұмыс жасайтын шетелдіктер баршылық. Олардың арасында   алыс шетелдерден де, жақын мемлекеттерден келгендер де бар. Тексеріс болып тұрады. Болуға тиісті де. Бір қолбайлау болатын нәрсе, бұл азаматтардың көпшілігі өздерімен бірге төлқұжаттарын алып жүрмейді. «Жоғалтып алдым», «қалып қойды» деген сияқты сан сылтау айтады. Мұндай фактілер көп кездеседі.

Орайлы сәтті пайдаланып, айтайын дегенім, шетелдіктер  қызмет етіп жүрген мекеме, компаниялардың басшылары, жеке тұлғалар өз қарауындағы шетелдік азаматтарға осы жағдайды ескерткендері дұрыс болар еді. ҚР «Құжат туралы» Заңында шетелдік азаматтардың төлқұжаттарын өздерімен бірге алып жүру міндеттелген. Осы заң нормаларын түсіндірген дұрыс деп есептеймін».

Көші-қон туралы заңға сәйкес, Қазақстан аумағына енген еңбек мигранты тек жеке тұлғаларға ғана жалданып еңбек ете алады. Мысалы, үй тазалаушы, бала бағушы, бағбан немесе жүргізуші сияқты жұмыстарға алынады.  Жұмыс берушінің ең көбі бес шетел азаматымен келісім-шарт жасауға құқығы бар. Ал, мигрант еңбек келісім-шартын жасаған соң, салық органдарына барып екі айлық есептік көрсеткіш, яғни ай сайын 3704 теңге төлеуге міндеттеледі. Қазақстан Республикасының азаматымен еңбек мигрантының арасындағы келісім-шартқа қол қойылғаннан кейін, онда көрсетілген жалақы сомасы негізінде, ол мигранттың қанша айға келгені туралы ақпарат алынады да, салық органдарына  жіберіледі.

Атырау қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Тлеулес Жанболат  бұл туралы  ойын былайша ортаға салды: «Өз қызметімізде ҚР кейбір заңнамалық актілеріне еңбек көші-қоны бойынша енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды басшылыққа ала отырып, қызмет етіп келеміз. Миграцияны реттеудің басты тетіктерінің бірі – салық салу. Бұл экономиканың дамуымен орайлас жүргізілетін нарықтық қатынас болып табылады. Өңіріміздің ерекшелігіне байланысты бізде мигранттар саны көбеймесе, азаймасы анық. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмысымыз қашан да маңыздылығымен ерекшеленеді.

Сандық көрсеткіштерге келсек,  2014 жылы көшіп келушілерден төленген жеке табыс салығының сомасы 156 587,1 мың теңгені құраса, биылғы жылғы төленген салық – 3 167 мың теңге. Төлем жеке табыс салығы бойынша салық салынатын сомасына он пайыз мөлшерлемені қолдану жолымен жүргізіледі. Ал, табыстың салық салынатын сомасы жұмыстарды орындаудан алынған ең төменгі жалақы мөлшерінің әрбір айы үшін есептелген сомасына азайтылған табыстардың сомасы ретінде айқындалады. 2014 жылы ең төменгі жалақы 19 916 теңге мөлшерін құрады».

Салыстырмалы түрде қарағанда, көршілес Ресейдегі еңбек мигранттарының рұқсат алу рәсімінің өзіндік қиыншылықтары бар. Еңбек патентінің бағасы едәуір жоғары. Оны сатып алу үшін медициналық анықтамаға қоса, орыс тілінен, Ресей тарихы мен құқықтарынан арнаулы емтихан тапсырады. Ал, біздің елімізде мигранттарға жеңілдік көп. 

Бұрындары тапқан табысынан ел қазынасына бақыр тиын төлемей келген шетелдік жұмысшылардың салық төлеу тәртібін бақылауға алу – бүгінгі күн талабы.

Елімізге заңды, заңсыз келіп-кетіп жатқан мигранттар мыңдап саналады. Әсіресе, заңсыз мигранттар үшін  тәртіп қатаң болғаны дұрыс. Сол себепті, өз бетінше жан бағып жүрген келушілерді  де, оларды жалдаған жұмыс берушілерді де заң шеңберінде назардан тыс қалдырмау керек деп есептейміз. Біздің бұл ойымызды құзырлы орындардың да мақұлдары сөзсіз.

   

Ағиба ҚАТЕШОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button