ЕҢБЕК НАРЫҒЫ: ҰСЫНЫС ПЕН СҰРАНЫС
БӘСЕКЕЛЕСТІК – БАСТЫ МӘСЕЛЕ
Мемлекет басшысы биылғы жылғы қазақстандықтарға жолдаған «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында «Әлемдік экономика әлі де жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс салдарынан айыға қойған жоқ» деп атап өтіп, халықты іскерлікке, белсенділік пен жаңа бастамаларға үндеді.
Еңбек нарығын реттеу және халықты жұмыспен қамту деңгейін көтеру бағытында біздің облысымызда да қыруар жұмыстар атқарылуда. Еңбек нарығында жұмыс күшіне деген ұсыныс пен сұраныс қатар туындайтыны белгілі. Осы орайда, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне сүйенсек, 2014 жылы уәкілетті жұмыспен қамту органдарына жұмыспен қамту мәселесі бойынша 15348 адам хабарласқан, оның 55 пайызы – әйелдер, 45 пайызы – ерлер. Хабарласқандардың ішінде 29 жасқа дейінгі жастар 47 пайызды, ал, ауыл тұрғындары 54,4 пайызды құрайды.
Бүгінгі күні уәкілетті жұмыспен қамту органдарына хабарласқан адамдардың 81,8 пайызы тұрақты жұмыспен қамтылған.
«Атырау облысында Индустрияландыру картасы шеңберінде 5000-нан астам жұмыс орны құрылып және жалпы құны 1,6 трлн. теңгені құрайтын 42 инвестициялық жоба іске асырылуда. Көптеген инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуына байланысты мұнай-газ, құрылыс саласына, оның ішінде газ-химиялық кешенінің құрылысына, Атырау мұнай-өндеу зауытын жаңғырту, хош иісті көмірсутекті өндіру және «ТШО» ЖШС-нің өндіріс қуатын кеңейту жобаларына білікті жоғары деңгейдегі мамандарға сұраныс бар.
Мұнай өндіру саласы құрылымдарының іске асырылуына байланысты көбінесе құрылыс саласына – инженер-құрылысшы, жобалаушы, бақылау-өлшеу құралдары инженері, инженер-электрик, сапаны бақылау инженері, инженер-механик және т.б. мамандықтары қажет болып отыр.
Аталған мамандарды дайындау бағытында облыста бірқатар шаралар кәсіптік оқу орындарымен бірігіп, жүзеге асырылды. Соның ішінде, осы жұмыс берушілер де белсенді қатысуда» дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Клара Мұқашкереева.
ШЕТЕЛДІКТЕРДІ – КІМ АЛМАСТЫРАДЫ?
Өндірісті өлкемізде еңбек ететін шетелдік азаматтар да баршылық. Атап өтетін болсақ, үстіміздегі жылдың есебі бойынша шетел жұмыс күшін тартатын 240 кәсіпорын бар екен. Оларда бүгінгі күні 43026 адам жұмыс жасайды, оның ішінде шетел азаматтары – 6110 адам, қазақстандық азаматтар – 36916 адам.
Ішкі еңбек рыногын сақтау мақсатында шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат берген кезде қазақстандық азаматтар үшін қосымша жұмыс орындарын құру, қазақстандық қызметкерлерді даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру жөнінде ерекше шарттар қойылып отырады. 2014 жылы шетелдік жұмыс күшін тартушы кәсіпорындармен Қазақстан азаматтары үшін 4399 жұмыс орындары құрылып, 1586 қазақстандық кадрлардың кәсіби даярлау және қайта даярлау курстарынан өткен және 2014 адамның біліктілігі арттырылған.
«Шетелдік жұмыс күшін қазақстандықтармен алмастыру мақсатында кәсіби білім беретін колледждерде және лицейлерде біліктілігі жоғары мамандарды даярлау жұмыстары жүргізілуде, жас мамандар шетелдерде курстардан өтуде. Соңғы жылдары 1,5 мыңнан астам шетелдік маман жергілікті кадрлармен алмастырылды. Ішкі еңбек нарығында қажетті мамандардың болуына орай, 641 шетел азаматтарына рұсат беруден бас тартылды» дейді аталған басқарма мамандары.
МАМАНДАР ТАҢДАУ – МЕКЕМЕ ҚҰЗЫРЫНДА
Бүгінгі күні әлем деңгейіндегі өзекті мәселелердің бірі – мигранттар мәселесі. Бүкіл әлем қазір ең бірінші кезекте жұмыссыздықты жойғысы келеді.
Ал, бүгінгі әлемдік ахуалға келсек, дамыған елдердің өзі қазір жұмыссыздықтың ушығу мәселесімен бетпе-бет келіп отыр. Ең сорақысы, олардағы жұмыссыз жүргендердің басым көпшілігі – жастар. Ал, біздегі ахуал қандай?
Шүкір, біздегі ахуал алаңдайтындай деңгейде емес. Әсіресе, жастарға деген жан-жақты қамқорлық, оларды жұмысқа тартудың тың тетіктері жыл сайын жетіліп келеді. Дегенмен, жаһандану, интеграция заманында әрбір жас, әрбір азамат өзінің кәсіби біліктілігін көтеріп, бәсекеге қабілеттілігін шыңдап, арттыратындай әрекеттерге барып отырғаны ләзім. Өйткені, қазір қай жерде жұмыс орнына тапшылық болса, сол тұстың орны мигранттармен толығатын заман.
Жұмыс берушілерден түсіп жатқан бос жұмыс орындары туралы сұраныстарға, ең бірінші кезекте, уәкілетті жұмыспен қамту органдарында жұмыссыз есебінде тіркелген жұмыссыздар жолданылады. Мекемеге ұсынылған мамандар ішінен компаниялардың кадр бөлімінің өкілдері тестілеу жұмыстарын ұйымдастырып, мамандар ішінен іріктеу жүргізіледі.
Әдетте, қажетті мамандарды таңдау – мекеме құзырында. Бірақ, тестілеу жұмыстары жүргізілген кезде нысаналы топтарға жататын адамдар есебіндегі мамандарды ең бірінші кезенде жұмыспен қамтуға көңіл бөлуге ұсыныстар айтылып келеді. Бұл топқа жататындар – 29 жасқа дейінгі жастар, көп балалы аналар, мүгедек, жетім, оралман, жазасын өтеп шыққандар, аз қамтылған, жұмыстан қысқарғандар, 50 жастан асқандар және т.б.
Бір айта кететін нәрсе, кейбір адамдарың бірден жоғары жалақылы жұмыс іздеп, болмаса жұмыс режимі ұнамай, ұсынылған жұмыстардан бас тартатын жағдайлар жиі кездеседі екен. Бұл жерде не айтуға болады. Қазақтарды жалқау атандырып жүргендерінің себебі де осы ма деп қалдық. Жергілікті жұмыс іздеушілер өздерімен қабаттас мигранттардың барлығын да естен шығармағандары абзал. Облыста іске асырылып жатқан ірі инвестициялық жобаларда Қазақстанның барлық өңірлерінен мамандар (ішкі мигранттар) келіп, жұмыс жасайтындықтары да сондықтан.
Ал, ішкі еңбек нарығында қажетті мамандардың болмауына орай, компаниялар шет елдерден облысқа белгіленген квота бойынша мамандарды жұмысқа тартады. Бұл мәселе облыс әкімдігінің қатаң бақылауында.
РЕТТІЛІК – ТАБЫС БАСТАУЫ
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшылығы айтып өткендей, облыс бойынша 2015-2017 жылдарға арналған Жұмыспен қамту картасы жасақталып, бекітілген. Карта шеңберінде 2015 жылы жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік және салалық бағдарламаларға сәйкес, 17 923 жұмыс орындарының ашылуы жоспарланып отыр.
2013-2014 жылдары облыс әкімдігі және жұмыс берушілердің арасындағы қол қойылған бес Меморандум негізінде 3413 адам жұмысқа орналастырылды. Облыс әкімдігі және «Теңізшевройл» ЖШС арасында 2013-2015 жылдарға арналған жаңа жұмыс орындарын құру туралы Меморандумға қол қойылып, іске асырылуда. «ТШО» компаниясының мердігерлік және қосалқы мердігерлік мекемелері 2,0 мыңнан астам адамды бастапқы жұмыстарға жұмысқа қабылдады. Осы бағытта қазіргі уақытта 68 мекеме басшыларымен Меморандумға қол қою жұмыстары жүргізілуде. Күні бүгін нақты отыз сегіз мекеме, кәсіпорындармен Меморандумға қол қойылған.
Мемлекет басшысы Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы туралы бағдарламасында негізгі басымдықтар мен басты міндеттерді белгілеп берді. Осыған сәйкес, бүгінгі таңдағы еңбек нарығына қатысты мәселе түйіні біреу – білікті мамандар даярлау және өнікті еңбек үлгісін көрсету. Бұл бағыттағы облысымызда атқарылып жатқан істер осындай.
Еуразиялық Экономикалық Одақ шарты күшіне енгелі бергі мигранттардың сандық үлесі, еңбек мигранттарының құқықтары, Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы мемлекеттерде жұмыс күшінің қозғалысын реттейтін заңнамалық нормалар және еңбек көші-қонына берілетін кепілдіктер бүгінгі басты мәселе. Біз алға қарай осы төңіректе де әңгімелейтін боламыз.
Ағиба ҚАТЕШОВА.