ЕҢБЕК ЕТСЕҢ ЕРІНБЕЙ…
Елбасының Қазақстан халқына биылғы Жолдауында «Біз мұқтаждарға қашанда көмек қолын созып келдік. Сонымен қатар, әлеуметтік әділеттілік бұрмаланбауы тиіс. Өйткені, әрбір әлеуметтік төлем – бұл жай бюджетке қана емес, әрбір жұмыс істейтін қазақстандыққа қосымша салмақ» деп тайға таңба басқандай ашық айтты. Яғни, күш-қайраты бола тұра еңбек етуден жалтарғандар жұмыс жасайтындардың жалақысынан ұсталатын салық есебінен өмір сүрмеуі тиіс.
Беларусь Республикасында қоғамға жұмыс жасаудан жалтарып, арамтамақ атанғандарды 200 доллар көлемінде айыппұлмен жазалайтын заң шығыпты. Жатып ішерлерді пайдалы іске тартуға әрі-бері үгіттеп, ақыры көндіре алмаған соң осындай қадамға барған. Биліктің мұндай әрекетін халық та қолдап отыр.
Сайып келгенде, бұл – тосын жаңалық та емес. Аға ұрпақтың әлі есінде, кеңестік кезде қызметсіз жүрген жан болмайтын. Әскерден оралдың ба, мектепті немесе жоғары оқу орнын бітірдің бе – әйтеуір, бір айдан соң міндетті түрде жұмысқа орналасуың керек. Әйтпесе, арамтамақ атанасың. Үстіңнен іс қозғалып, соттың алдына барасың. Қатаңдық па? Мүмкін. Бірақ, біз жұмыссыздықты білмей өстік.
Ал, қазір ше? Жұмыссыздық қоғамның ажырамас бөлігіне айналды. Екі адам бір-бірімен кездескенде алдымен қызметін сұрайды. Өзінің ешқайда орналаса алмай жүргендігін айтады. Расында да, солай ма? Мүмкін, біз сол жұмысты менсінбей жүрген шығармыз?
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында «1 Мамыр» мекемесінің басшысы Аманжол Есқараевтың бұрынғы ауылдастарын шеттетіп, орнына сырттан келгендерді алып жатқандығы жөнінде дабыл түсті. Таныс азамат қой, алдымен өзімен тілдескенді жөн санадық. Сөйтсек, кейбір жерлестері қызметке кеш шығып, ерте қайтуды қолайлы көреді екен. Таңертеңгілік дайын көлікке мінуге ерініп, ұйқысын қимайтын көрінеді. Ау, дала жұмысы мұндай жайбарақаттықты көтере ме? Әрі-бері айтып көндіре алмаған соң бірер адаммен қош айтысуға тура келген. Әлгі шіркіндер пайдалы іспен айналысуға ерінгенімен, арыз жазуға уақыт тауыпты. Бүгінде бұл шаруашылық облыс бойынша алдыңғы қатарлы саналады. Жарқын жобаларды жүзеге асырып, берекелі бастамаларымен дараланып отыр. Ауылдастардың еңбекке деген көзқарасы да өзгерген.
Қазір Атырауда көршілес Өзбекстаннан келгендер қаптап жүр. Қысы-жазы осында. Құрылыс та салады, мал да бағады, ауланы да тазалайды. Үй қызметшілері де солар. Сауда орындарын да иеленіп алыпты. Ал, осы жұмыстың бәрі өз қолымыздан келмей ме? Айтыңызшы, соңғы рет қашан қолыңызға күрек ұстадыңыз? Сүйменнің сырын білесіз бе? Тірлік істеп көрдіңіз бе? Сөйте тұра мемлекеттен жәрдем сұрауға құмармыз. Көмек жасалып та жатыр. Қазір түрлі қайырымдылық шараларынан көз сүрінеді. Мәселен, әр жылдың тамызында «Мектепке жол» акциясы өтеді. Атқарушы билік компания басшыларына, бизнес иелеріне көп балалы және мұқтаж отбасыларының ұл-қыздарына киім-кешек пен оқулықтар алып беруді ұсынады.
Ал, сол отбасының қожасы ше? Егер тапқаны тамағына жетпей, қиындық құрсауынан шыға алмай жүрсе, онда түсінуге болар. «Үкіметтің мойны жуан, мейлі көмектессін» деп шөп басын сындырмай отырса ше? Есімізге сонау жылы қыркүйектің бірінде Мақат пен Доссорда нөсер жауып, бірнеше үйдің құлағаны түседі. Төтенше жағдай жарияланып, астанадан түрлі комиссия ағылған. Солардың бірімен бұзылған үйлерді аралап жүргенбіз. Бір ауланың бұрышында арақ ішіп отырған үш-төрт жігітті кездестірдік. Әйел-балаларының балшық кешіп, төбесі ортасына түскен баспанасының орнын сипап қалғанымен ісі жоқ. Неге? Е, мемлекет далаға тастамайды. Үкімет өзі үй салып береді. Ендеше, несіне бас ауыртады? Міне, бойға осындай масылдық сезім ұялаған.
Облыс басшылығының азаматтарды жеке мәселесімен қабылдаған кездесулеріне қатысамыз. Сонда масылдықтың талай көрінісіне куә боламыз. Әне, таяғына сүйеніп қадірменді қарт кіріп келеді. Көнелеу костюміне орден-медалін тағып алған. Кезінде аянбай еңбек еткен жан екендігі көрініп-ақ тұр. Ал, енді ше? Ұлына жұмыс сұрайды. Ау, сол баласының өзі неге келмейді? Әлде қызмет іздеп, мекемелердің табалдырығын тоздырып жүр ме? Әй, қайдам. Әкесін әкімдікке жұмсап, жатқан шығар өзі шалқасынан түсіп. Бір аяулы ақсақалдың «Кемпір екеуміз жалғыз ұлды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай өсірдік. Қалаған оқуын оқыттық. Таңдаған қызына үйлендірдік. Енді өздеріне қосып немерелерімізді де бағып отырмыз» дегені бар-ды. Әбден шарасы таусылған соң айтқаны ғой. Әйтпесе, кім ұрпағын кем санар. Жұрттың баласына ұқсап неге тірлік істемейтіндігіне ренжитін шығар.
Қазақ «талаптыға нұр жауар» дейді. Жылыой жағындағы белгілі бизнес иелері Балжігітовтерді біраз кісі біледі. Солардың үлкені Миржанның бірде:
— Ауылдың жанында кішкене өзекше бар еді. Кәсібімізді соның жағасында саман тас басудан бастадық. Соны сатып, алғашқы ақшамызды таптық. Дастарханға қоятын адал асымыз солай келген, — деген-ді.
Бүгінде ағайынды жігіттер – атақты кәсіпкерлер. Сәл нәрседен басталған шаруаларын оңтайландырып, өрге сүйреп әкетті. Әрқайсысы бір-бір істің басында. Кішкене кезден еңбекке араласқан азаматтар есейгенде де одан бас тартпаған.
Өзімнің жездем Хамидолла Хабдешев те – Жылыойға белгілі адам. Кеңшар директоры, экспедиция парткомы хатшысы, бірлескен кәсіпорында бөлім басшысы, басқа да лауазымды қызметтерді атқарды. Сол кісінің қызметтен келісімен тап-таза костюмін, аппақ көйлегі мен әдемі галстугін жай киімге ауыстырып, аулада шаруасын тындырып жүргенін талай көргенмін. Ұрпағына осындай өнеге көрсетті. Одан үлгі алған ұл-қыздары да еңбекқор болып есейді. Масылдық танытпады, ешкімге қол жаймады.
Республикаға белгілі кәсіпкер, «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамы Директорлар кеңесінің төрағасы Оразғали Қаршегенов студент кезінде отбасын сабақтан бос уақытында жұмыс жасап асыраған. Неге? Соқталдай жігіт өзгеге салмақ салуға, ауылдағы бауырларының аузынан жырып, әке-шешесінен ақша сұрауға намысы бармаған. Қоғамға масыл болғысы келмеген.
Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Қазір аға ұрпақ өкілдерінің қайсысын сөйлетіп көрсең де, бәрі де түрлі қиындықты бастан кешкендігін сөз етеді. Өз қолдары ауыздарына жеткенше талай ауыртпалықты арқалағандығын айтады. Ендеше, масыл ұрпақ қайдан шығады? Осы өзіміз ұл-қыздарымызға теріс тәрбие беріп жүрген жоқпыз ба? Қазақ «Жақсы әкенің аты жаман ұлға қырық жыл азық» дейді. Соның кебін киіп жүрмейік.
…Қысқасы, қазір жайбарақаттық танытатын уақыт емес. Қолың қимылдамаса, аузыңа да еш нәрсе түспейді. Дүниені дүр сілкіндірген қаржы дағдарысы баршаны етек-жеңін жинастыруға жұмылдырады. Үнемшілдіктің ұқыптылықпен ұштасатын кезі келді. Ендеше, уақыт талабынан қалмау қажет.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ.