Жарнама
Қоғам

ЕҢБЕК ДАУЫНА ЕНЖАР ҚАРАУ КАНАДАЛЫҚ КОМПАНИЯНЫҢ КҮНДЕЛІКТІ ІСІНЕ АЙНАЛДЫ

 

ЖҰМЫСШЫ
АНАНЫҢ
ЖАЗЫҒЫ НЕ?
Осы мекеменің жатақхана тазалығын қамтамасыз ететін техникалық қызметкері Ағила Оразымбетова алаңсыз жұмыс жасап жүріп, аяқ астынан билік иелерінің қысастығына тап болармын-ау деп әсте ойлаған емес. Менеджердің көмекшісі оның вахтасы біткен күні негізсіз кінәлап, үстінен шағым түсіреді. Өз ісіне мығым бұл аң-таң. Тазалықшының өзімен сөйлесіп, істің ақ-қарасын айырып жатқан әкімшілік көрінбеді. Содан демалысына кеткен. Кезекті еңбек вахтасына келіп, өзін серіктестік аумағына өткізбегенде барып Ағила бір пәленің болғанын сезген-ді. Мұны естіген жатақханадағы жұмысшылар А.Оразымбетоваға қолдау білдіріп, оны кінәлау орынсыз екендігіне куә болады. Көптің көзқарасымен, ойымен санасып жатқан басшылық қане?! Ең сорақысы, әкесі қайтыс болған, бағымында үш баласының барын, оның екеуі кәмелетке толмаған, асыраушысы жоқтығын айтқан ананың Конституцияда көзделген құқығының аяқасты етіліп отырғандығын ескерген жетекші буында бір жан болсайшы! «Еңбек туралы» Кодекстің 54-б-3 тармағы бойынша жұмыстан босадың» дей тұра, кадр бөлімі менеджерінің бұйрықты тазалықшының қолына бермегендігінде не мән бар?
Амалы таусылған ана мәселенің мән-жайын заңдылық тұрғысынан анықтап беруді өтініп, аудан прокурорының қабылдауында болғаннан кейін іс қозғалып, прокурорлық тексеру жүргізілген-ді. Біз осы мәселемен тікелей айналысқан прокурор көмекшісі Аманжол Кабдуловпен жолыққанымызда, ол компания басшылығының заңсыз шығарған бұйрығының күші жойылып, орынсыз жапа шеккен жұмысшы ананың еңбекке қайта орналасқанын мәлімдеді. Бос жүрген күндерінің жалақысы да толық есептеліп, қолына тиіпті. Әділдік салтанат құрған сәтте қарапайым тазалықшының көз жасына ерік бергенін көріп, ойланған басшы бар ма екен?
Бұл келеңсіз оқиға бірінші рет болып отырса, бір сәрі! Өткен жылы еңбек дауымен өз құқығын қорғап, екі жұмысшы сотта жеңіп шықса, үстіміздегі жылы механик Валера (Нұрғали) Өтемұратов та соттасып, өз мүддесін қорғап қалды.
Бұдан шығатын қорытынды — бұрынғыдай емес, мынау ақпараттар ағыны күшті заманда іс басындағы жастардың танымы мен түсінігі молайып, өз мүддесі үшін күресуге бейімделіп келе жатқандығы. Өз бетінше ізденіс жолындағы жастардың ойлары анық, сөздері қанық.
Лайым да солай болғай!

КӘСІПОДАҚ – МЫҢҒА ЖАҚ,
БАСШЫ КІМГЕ ЖАҚ?
Компанияда кәсіподақ ұйымы құрылғаннан бергі мерзім ішінде неге қол жетті, қай мәселе әлі күнге шешімін таппай жатыр?
— Ауызды қу шөппен сүртуден аулақпыз, біздің еңбек адамдарының құқығын қорғайтын, әділеттілік жолындағы қозғалысымызда аз да болса ілгерілеу байқалып, жұмысшы жастар бір-біріне жақындасып, төңірегімізге топтаса түсті, — дейді кәсіподақ ұйымының жетекшісі Бектас Сапаров. – Жұмысшылар жылдар бойы (он жылдан астам) ала алмаған кезекті еңбек демалысына шығуға қол жеткізді. Бұрын атымен жоқ, аурулығы себепті бетшеге және жолақыға белгілі бір мөлшерде болса да төлем төлене бастағанын алғашқы жетістігімізге балауға болар еді. Дәлірек айтқанда, жолақы Атырау, Ақтөбеден қатынайтындарға төленеді де, Құлсарыдан қатынайтындарға автобус көлігі бөлініп отыр.
Жұмыс беруші мен қызметке тұрушымен арадағы ұжымдық шартта кезекті еңбек демалысына алты күн қосу қаралған. Көптен әңгіме арқауына айналып жүрген бұл мәселе тамыздағы жиында тағы көтерілгенімен, Дэррин Монахан ойланып қалғандай кейіп танытып, нақты жауабын бермеген-ді. Ұйым белсенділері кейін құрылысшылар кәсіподағы облыстық комитетінің төрағасы Есет Өтеулиевке хабарласқанында, ол «Кезекті еңбек демалысына алты күн қосылады, бірақ өндіріс зияндылығына төленетін төлем алынып тасталады» деп жауап беріпті. Жігіттер өздері анықтап білгеніндей, зияндылық үшін төлемді ТШО төлеп отыр екен. «Сонда бұл қалай болғаны, уақытша алдарқату ма, кім кімге мүдделі? Осы арада төлемнің бірін қосып, екіншісін алып тастағанда не өзгереді, пайда нешік?»- деген заңды сауалдың да құлағы қылтиып тұр.
Сонымен қатар, өткен жылғы еңбек дауы жиында әңгіме болған, жалақыны еңбек өтілімен, разрядпен төлеу немесе 30 пайызға өсіру мәселесі де нақты шешімін таппай келеді.
Жалпы кәсіподақтың белсенді тобы «Барға – қанағат дегенмен, жоққа алаңдауымыз одан күштірек» деп отыр. Айталық, Теңіз төрінде азаматтық нысандардың құрылысына арналған құрылыс техникасы мен жабдықтарды жалдау және жалға беру қызметімен айналысатын осы компанияның басым бөлігі ақтөбеліктер, қала берді, қостанайлықтар мен шымкенттіктер. Олар кеңседе отырғандардың да 80-90 пайызын құрайды екен. Жергілікті кадрлар мүлде аз. Канадалықтар атқарып отырған қауіпсіздік техникасы инженері, инженер-механик, қоймашылар мен аспазшыларды шетелден әкеліп, қыруар шығынға батқанша, жергілікті мамандарды пайдалану тым арзанға түспей ме?! Шетелдіктердің пайымдауынша, аппаратта жергілікті маман отырса, олар өз заңдарына жетік, өз адамдарын тартып, күш алып кетеді-мыс. Ал, кадр бөлімінде отырған сырттан келгендер Қазақстан заңын білмейді. Жұмысшымен арадағы дау-дамайдың төркіні қайдан туындап жатқанын енді біле бер! Басшы буынның өзі кезекті еңбек демалысын сұрап барған жергілікті маманға «демалысты кәсіподақтарыңнан алыңдар» деп, қиястық танытып, ал оның заңсыздығын айтып бетіне тіке келгендер болса, кей ретте себепсіз жұмыс сағатын да қиып тастайды екен.
Демек, бұдан мекеме мен қоғамдық ұйымның арақатынасында әлі күнге жік барын көруге болады.
— Ұйым төрағасы менің өзімді өткен жылғы қараша айындағы кәсіподақ құру және еңбек дауы оқиғасынан кейін келісім-шарттағы он бір сағатымнан сегіз сағат жұмыс күніне ауыстырып, базада қалдырды, — дейді Б.Сапаров. — Былайша айтқанда, сегіз айда 441 мың теңге құзырыма бұйырмады. Бұны кешегі еңбек дауы жиынында компания әкімшілігі «Жұмыс көлемі азаюымен, қажеттіліктен туындап еді» деп түсіндіреді.
Бұл ретте еңбек департаментінің маманы Ә.Дәулетияров ТШО компаниясына сұрау салу арқылы бұл жайдың анық-қанығына жетемін деп уәде берді.
«Қолыңнан келсе – қонышынан бас» дегеннің кері болмаса не қылсын, бұрынғы заңды түрдегі ұжымдық шартпен қатар, жұмыс берушінің өздері өзгерістерімен жасап алған тағы бір ұжымдық шарт күні кешеге дейін салтанат құрып келді. Еңбек адамдарының наразылығын тудырған бұл жайға еңбек департаменті араласып, екі құжатты салыстырмалы түрде зерделеп, заңды түрде бір жүйеге келтірілген нұсқасын жасап берді. Мекеме кеңсесіндегілер оны да кәсіподақ ұйымын екі айдай әуре-сарсаңға салып, енді болмағанда сотқа арыз-шағым түсірерде, қолдарына әзер беріпті.

ЖАҢА ЗАҢ
ШЫҚПАЙ, ЖАҒДАЙ ТҮЗЕЛМЕЙДІ
Қарапайым адамдардың құқығы неге жиі бұзылады, кәсіподақтар өзінің шама-күшін, әлеуетін неліктен толық көрсете алмай жатыр? Бұған Елбасы «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» тұжырымдамасында нақты жауабын берді. Яғни, ол – мемлекеттік еңбек қатынастарын жетілдіруде негізгі тетік болып саналатын кәсіптік одақтар федерациясының қазіргі қызмет пішіні уақыт талабына сәйкес келмейтіні, өйткені ол «кеңестік үлгінің» салалық қағидаты бойынша құрылғаны. Яғни, ол – құқықтық жауапкершілік туралы ереженің жоқтығы. Сол себепті жұмысшылар кәсіпорынды басқару мәселелерінен шет қалып отыр. Ал, 2011 жылы қабылданған «Медиация туралы» заңның даулар мен жанжалдарды соттан тыс реттейтін тетіктері әлсіз болып шықты. Осыны ескерген Мемлекет басшысы 2012 жылдың аяғына дейін кәсіптік одақтар туралы кешенді заң жобасын жасау жөнінде ҚР Үкіметіне тапсырма бергені белгілі. Межелі уақыттан бері, міне, тоғыз айдың жүзі болды. Енді болмаса, аса маңызды құжат шығып та қалар. Қалай десек те, жаңа заң шықпай, жағдай түзелмейді.

Қаржау ОРАЗБАЕВ,
меншікті тілшіміз.
Жылыой ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button