Жарнама
Қоғам

ДОСТЫҚҚА СЫЗАТ ТҮСПЕЙДІ

Еліміздің Ата Заңында барлық ұлт пен ұлыстың тең құқылы екені, біреудің екінші біреуді кемсітуі мен арандатуына жол берілмейтіні жайында анық айтылады. Бұған қоса мемлекеттік тілді өзге ұлт өкілдеріне зорлықпен үйрету, ұлтқа жіктеу атымен жоқ. Қай кезден де Қазақстанды мекендеген сан ұлт бір-бірінен қысастық көрген емес. Осындай игіліктің бәрі, әрине, тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының ерен еңбегі.

Егемендік алған еліміздің алға қойған басты мақсат-мұраты да, арманы да – барлық ұлт өкілімен, көршілермен тату тұру, олармен адал қарым-қатынас жасау. Мұны біз өз өмірімізден анық көріп, көз жеткізіп отырмыз. Біздің Елбасымыз ешбір ұлтты бөле-жара мақтаған да, даттаған да емес. Өйткені, ол үшін біз бәріміз – бірдейміз, тең құқылы қазақстандықпыз. Бір туған бауырдай боп кеткен біздің басымызды біріктіріп, Қазақстан халқы Ассамблеясы туының астына біріктірген де – осы көреген Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев. Осындай ізгі ниеттен туған Ассамблеяда «өзге халық» деген ұғым атымен жоқ. Себебі, біз – бір мақсатқа жұмылған бауырлармыз.

Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан — көптеген халықаралық ұйымдардың толыққанды мүшесі. Олардың қатарында Ислам конференциясы, ЕҚЫҰ, басқа да форумдар мен басқосулар бар. Осыдан он жыл бұрын, Будапешт қаласында (Румыния) өткен Конгресске қатысу барысында мен біздің елді қаншама жұрт біледі деп таңданғаным бар. Сол кездің өзінде алпауыт елдер саналатын шет мемлекеттер басшылары Қазақстанды ауыздарынан тастамай, «Сендер әріге барасыңдар!» деумен болған. Айтса айтқандай, шүкірміз, дегенімізге қолымыз жетіп, діттегеніміз жүзеге асуда.

Біз туған еліміз бен ортақ Отанымыздың одан бетер дамуы мен гүлденуі жолында аянбай еңбек етеміз. Еліміздегі этномәдени бірлестіктер бірлік пен бауырластық, достық қарым-қатынастардың ұйытқысы. Айталық, өзім басқарып отырған бірлестік мүшелері сонау неміс елімен тығыз іскерлік байланыста. Ол байланыстар экономикада, кәсіпкерлікте, ғылым-білім саласында. «Шет елдерде бәрі жақсы, бәрі тамаша» дей беруге де болмайды. Адам ретінде, маман ретінде олардың да бізден, біздің елден үйренері көп. Осы айдың аяғына қарай Германияда 2015-2018 жылдарға арналған үлкен бір бағдарламаның тұсауы кесілмекші. Оған Қазақстаннан Германияға көшіп кеткен немістер мұрындық болуда.

Біз, неміс этномәдени бірлестігі, барлық бірлестіктер секілді ортақ үйіміз – көп ұлтты Қазақстанның шарықтап дамуына барынша үлес қоса беретін боламыз. 

  Александр ДУМЛЕР,

«Видергебурт» неміс

этномәдени бірлестігінің төрағасы, Қазақстан халқы

Ассамблеясының мүшесі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button