Жарнама
Қоғам

ДОМБЫРАНЫҢ ЕГІЗ ІШЕГІНДЕЙ ЕДІ…

 — Райхан апа, Сіздің ата-анаңыз — қазақ халқының жүрегінен орын алған дарынды тұлғалар. Әбу Сәрсенбаев пен Ләзиза Серғазина десе, елең етпейтін алаш баласы жоқ шығар! Әңгіме арнасын сол кісілерге қарай бұрсақ? Бірі – батыста, бірі – шығыста дүниеге келген асылдар алғаш қалай кездесті, тағдырлары қалай бір арнада тоғысты екен?

— Сұрағың орынды. Бір қызығы, екеуі де Алматыға 30 -шы жылдары оқу іздеп келеді. Анам Ләзиза Мешітбайқызы 1930 жылы алдына білім алу мақсатын қойып,Павлодардан  Алматыға келген. Бірақ, кештеу қалады, оқу басталып кетіпті. Сосын жұмыс жасайды. Ол кісінің әкесі Мешітбай қажы арабша өте сауатты адам болыпты. Осындай әкенің тәрбиесін алған анам  сауатты, білімді жан еді. Сондықтан, балаларды оқытып, ұстаз болады. Ол кезде сауатты адамдар ауадай қажет болатын.  Сөйтіп жүріп, 1934 жылы Голощекин атындағы КомВУЗ- ға оқуға түседі. Әкем Әбуғали Сәрсенбаев та осы оқу орнында оқиды. Бір-бірін танып, амандасып жүреді. Содан екінші курста әкем анамды төңіректеп, кездесу кештеріне шақыра бастаған. Ақыры, екеуі тағдырларын табыстырады. 

— Жаңа бір сөзіңізде «Ләзиза анамыздың әкесі қажы болған» деп қалдыңыз.  Сол кездегі солақай саясаттың зардабы Ләзиза апамызды да құр қалдырмаған шығар?

— Оның несін сұрайсың! Сондай заман өтті ғой бастан. Нағашы атам – Мешітбай қажы ертеде анамыз дүниеге келмей тұрып, жас уақытында Ыстамбұлда оқыған адам. Діни білім беретін оқуда оқып, діннің ең жоғары статусын алған екен. Сол кезде Шәкәрім атамыз да Ыстамбұлда оқыды ғой.  Парижге сол жерден аттанған. Өйткені, көне заманнан келе жатқан керемет оқу орны,  ең бай кітап қоры сол жерде еді.  Оқуын тәмамдағасын, Мекке-Мединаға екі мәрте барып, қажы атанған. Елге аман-сау жеткен соң мешіт салып, медресе ашыпты. Медреседе байдың, кедейдің балаларын  оқытқан. Бұлай бөліп айтып отырғаным, кедейдің балалары үшін оқу тегін, бай балалары үшін ақылы екен. Өзі оқыған Ыстамбұл, Мекке, Медине қалаларынан түрлі әдеби кітаптарды әкелген. Ол күнде кітаптар теріден жасалып, күміспен  қапталған. Нағашы атаммен қоңсы болған, араласып тұрған ағайындардың айтуынша, үйінде кітап жерден төбеге дейін тіреліп жиналып тұратын деседі. Жаз жайлауға, қыс қыстауға көшкен кезде кітаптарды бөлек күймемен тасып, алып жүрген. Соңынан ол кісі о дүниелік болған кезде кітаптарын да орап, өзімен бірге көміпті. 

Мешітбай қажы өлең жазатын ақын адам екен. Өзі ақын, арабша өте сауатты әкеден тәрбие алған анам Ләзиза Мешітбайқызы да өлең жазатын. Кішкентай кезінде пысық болған, Құранды 5-6 жасынан бастап үйренген, басынан аяғына дейін жатқа оқитын. 12-13 жасында газеттен «мұғалімдер даярлайтын оқу орны ашылады» деген хабарды көреді. Сол курста оқып, 14 жасынан ұстаз болып, шәкірт тәрбиелеген. 

Міне, осындай білімпаз Ләзиза ақын Әбудің жары болған тұста да «қажының қызы» деген атақ соңынан қалмайды. Голощекин атындағы кеңестік партия мектебінде оқып жүрген кезінде де талай сілкілеп, жиналысқа салған. Оқудан шығару туралы мәселе қойылған кез де болыпты. Осындай қудалаудан шаршаған ол райкомға хат жазады. Сөйтіп, өзін-өзі ақтап алған. Сол кезде «Сталин жолы» деген газет ашылады. Одан кейін «Социалистік Қазақстан» газетінде  20 жыл қызмет етті.  

Соғыс кезінде де ол кісі ерлерше жұмыс жасады. 1942 жылы тыл еңбеккерлерінің ерен еңбегіне үн қосу мақсатында Қарағанды шахтасына жібереді. Шахтада жұмыс жасайтын әйелдермен бірге шахтаға түсіп, сол жердегі көкейкесті мәселелерді көтере білген. 1949 жылы «Қазақстан әйелдері» журналы ашылып, сонда жауапты хатшы боп жасады. Сол жерден зейнет жасына шықты. Өте көп оқыды, білімдар жан еді. Азия, Африка елдері туралы тіпті көп білетін. Азия-Африка елдерінің фестивалі өткен кезде «Түнгі жыландар биі» деген аударма кітабы шықты. Бұл кітапта Африка-Азия құрлығындағы озат ойлы жазушылардың әйелдер тағдыры туралы жазған шығармалары шеберлікпен аударылған.

— Домбыраның егіз ішегіндей, Әбу ата мен Ләзиза анамыздың өмір жолы – ұрпақ үшін үлгі-өнеге. Ақын әрі журналист атамыз екінші Дүниежүзілік соғысқа да қатысқан, оқ пен оттың ортасында қан кешіп жүріп, өзінің өлмес өлеңі мен рухы мықты шығармаларын жазған. Сол кезеңдер туралы сыр шертсек, апа…

— Әкем Әбу Сәрсенбаев соғысқа алынбастан бұрын Ташкенттегі жоғары педагогикалық институтқа жіберіледі. Сол оқу орнын бітірген соң, ІІІ Украина майданына аттанған. «Совет жауынгері-Советский воин» деген он бес одақтас ұлттың тілінде шығатын ІІІ Украина майданының газетінде тілші боп жасаған. Ол кісі майдандағы совет жауынгерлерінің рухын көтеретін мақалаларды төпетіп жазады. Бір ерекшелігі, өзі жазған мақалаларға Әбу әл-Атырауи, Жайықұлы, Текеев, Ғалиев деген бүркеншік атпен қол қоятын. Қазақтың бұрынғы өткен батырларын насихаттау арқылы жауынгерлерге рух беріп, қолдау көрсеткені түсінікті. Өйткені, жауынгерлердің дені  18-20 жастағы жастар еді. Бір адам туралы мақала жазғанда міндетті түрде сол адам туралы фотошежіре жасайтын, шыққан мақаланы міндетті түрде өзіне, өзі болмаса бала-шағасына, үй-ішіне жіберетін. Сол мақала кейіпкерлерінің ұрпақтары кейін іздеп келіп, әкеммен бірге суретке түсетін. Өз әкелерін көргендей тебіренетін, әкем де оларға жаны қалмай көмек беретін еді. 

Майданда жүрген кезінде анам екеуі хат жазысып тұрды. Хаттарының өзі көркемдік тұрғыдан алғанда, өте жоғары. Майданда жүрген кезінде анамның шашын төгіп тұрып түскен суретін бүкіл жорық жылдарында жоғалтпай, жүрегінің тұсында сақтаған. Негізінен, анам шашты жайып суретке түспейтін. Бірақ, әкем қолқалап қоймапты. Хатында да: «Біздің қазақ қыздарының еуропалық қыздардан қай жері кем? Сенің суретің мені жігерлендіріп, алға ұмтылдырды» деп жазған екен. Соғыста аяғы жоқ солдатты көріп, жүрегі ауырып «Сен құрметте, оны!» деген әйгілі өлеңін жазған. Ұмытпасам, ол сол кездегі Гурьев облысы, Теңіз ауданы, Кудряшов ауылында тұратын Құсайын Өтешқалиев деген соғыс ардагері еді. Мүмкін, ол кісінің ұрпақтары бар шығар… 

-Әбу Сәрсенбаевтың жастарға, өзінен көмек сұрап келген барша жұртқа жасаған көмегі туралы ел аузында аңыз көп. Бұл туралы не айтар едіңіз?

-Әкем көп адамдарға, жазушылар мен ақындарға қолынан келгенше көмегін берді. Диқан Әбілевке кітабын «Мектеп» баспасынан шығаруға көмек етті. Жазушылар мен ақындардың кітабын дайындап, Мәскеуден шығаруға, қаламақысын алып беруге де қамқорлығын аяған жоқ. Қайсыбірін айтайын. 

Мына бір оқиға есімде қалыпты: Ұмытпасам, 80-ші жылдар… Әкем Жазушылар Одағынан келе жатса, біз тұратын үйдің есігінің алдындағы орындықта бір жігіт отыр екен. Әкем ешнәрсені қалт жібермейтін, қырағы көзді жан. Сондықтан, «Балам, кімді күтіп отырсың? Осы жерде тұрасың ба?»-деп сұрайды. Әлгі бала жігіт: «Әбу Сәрсенбаев атаны күтіп отырмын»,-дейді. Сөйтсе, әлгі бозбала осы оңтүстік облыстардың бірінде тұрады екен. Ата-анасы, ағасы уланған бидайды жеп, қаза болған. Өзі де бойына сырқат жамаған. Жүріп келе жатып, бір кедергіге кездеспесе, тоқтай алмайды. 

Әлгі жігітті үйге әкелді. Есік ашқан анам сұраулы жүзбен: «Мына бала кім болады?» десе, соңдарынан менің келе жатқанымды көзі шалған әкем: «Райханның інісі ғой»,- деді. Анам күліп жатыр. Жаңағы бозбаланы оқуға түсіріп, ол үшін Білім министріне хат  жазып, кейіннен сырттай оқуға ауыстырып, еліне жіберді. Сол жақтан газетке қызметке тұруын қадағалады. Үйленіп, ауруынан да сауығып кеткен ол бірнеше жыл өткенде, ұлының тойына шақыру үшін қарындасын әкеме жіберген. Әкем қарындасы келгенде әл үстінде жатыр еді. Әрине, тойға да бара алмады. «Кешігіп келіппін»,- деп егілген қарындасымен бірге өзім де егілдім. 

— Өткенде «Ләзиза анамның күнделіктерін реттеу үстіндемін» деп едіңіз. Әлі де жұмыстары көп шығар? Бір өзіңізге қиын емес пе?

— Әкем де, анам да – өмір бойы күнделік жазған адамдар. Иә, анамның күнделіктерін баспаға әзірлеп, реттеп қойдым. Ол кісілер ғұмыр бойы бір-бірін қатты сыйлап өткен адамдар. Ешқашан үйімізде қабақ түйіп, қатты сөз айтылғанын естімеппін. Бір-бірінің күнделігін, жазбасын рұқсатсыз оқымайтын. 1982 жылы анам дүниеден өтті. Бұл қаза  әкеме өте ауыр тиді. Күнделігіне: «Бүгін Мешітбайдың қызы Ләзиза дүниеден өтті. Мешітбайдың аты жойылды. Ертең Райхан өлсе, менің де атым өшеді»,-деп  жазыпты. Бірақ, оның аты қазақ барда, туған елі барда жойылмайды, өшпейді. Анам қайтыс болған соң, оның күнделігін оқып, болашақта ұрпаққа мұра боп қалу үшін реттеп, қараған кезде де аяулы жарының рухынан кешірім сұрап барып күнделік бетін ашыпты. Осының өзі олардың арасындағы үлкен сезімнен хабар берсе керек-ті. Әкем анамды «Ләзиза апай» дейтін, «Бабажан» дейтінбіз. 

Әкемнің мұрасы туралы көп адамдар жазды, әлі де жазады.  Кезінде Кәмен Оразалин : «Соғысты бәрі жазды, бірақ Әбу Сәрсенбаев көзімен көрген оқиғаны жазды»,- деген еді. Өтеген Оралбаев деген ақын жақында бір газетте: «Толқында туғандар» — Әбу Сәрсенбаевтың бренді, символы» деп баға беріпті. Қуанып қалдым. Ал, анам Ләзиза да өлең жазды, күнделіктерінің өзінің стилі ерекше! Соны ұрпаққа жеткізіп кетсем! Ал, маған келсек, әрине, қиындау, бірақ үлгеріп кетуім қажет. Мен тек Заря Жұмановаға сенемін. Ісімді сол қыз жалғастырар деп сенім артамын. Әкемнің туған жері – менің де туған жерім. Егер туған жерімізден қолұшын созар жан табылса, қарсылық жоқ, әрине!..

P.S. Әңгіме арасында Райхан апам отбасы мұрағатынан бір фотосуретті көрсетті. Күй анасы атанған Дина Нұрпейісованы қаумалап, қазақтың өндірдей қыздары отыр. Бір шетте өзіне тән сүйкімді жымиысымен ұяң бойжеткен Райхан тұр. Дина анамызға қарап қалыпты. «Дина шешемізбен соғыс жылдарында көрші тұрдық. Әкем де үнемі хаттарында: «Дина шешеңе сәлем беріп жүр» деп жазатын. Сондай сәттердің бірі ғой»,-дейді Райхан апам қарапайым да кішіпейіл қалпынан жазбай. Иә, «жақсылардың кеудесі – алтын сандық» дегендей, Райхан апамның көкірегінде талай көмбе жасырынып жатыр-ау деп түйдім….

Әңгімелескен Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

Суреттер: 1)Дина күйшіні көзбен көрген күндер-ай… 2) Райхан анасы Ләзизамен бірге.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button