Жарнама
Қоғам

Діни сауат – рухани қауіпсіздіктің тірегі

Атырауда дін мен спорт саласы өкілдерінің қатысуымен жастар тәрбиесі, діни қауіпсіздік және ұлттық құндылықтарды сақтау мәселелеріне арналған кеңейтілген форматтағы жиын өтті. Кездесуді облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы ұйымдастырды.


Басқарма өкілдерінің айтуынша, қазір 2024–2026 жылдарға арналған арнайы “Дене шынықтыру мен спорт саласында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жөніндегі жол картасы” аясында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның ішінде спортшылар мен жаттықтырушылар арасында ақпараттық-түсіндіру кездесулері, әлеуметтік желілердегі діни радикализмге қарсы мониторинг, семинарлар мен ашық сұхбаттар өткізу жолға қойылған.
Іс-шараға қатысқан Атырау облысының бас имамы Әбу Болатбек жастар арасында діни танымның әлсіреуіне емес, дұрыс бағытта қалыптасуына назар аудару қажеттігін баса айтты.

Дін өкілінің сөзінше, қазір жастардың дінге бет бұруы – құптарлық құбылыс. Алайда дінді сыртқы көрініспен – сақал, шапан, тақиямен өлшеп, ішкі рухани мазмұнын ескермеу қауіпті тенденцияға айналуда.

–Бүгінде жастар арасында дінге бетбұрыс бар. Бұл — қуанарлық жайт. Алайда осы бетбұрыстың мазмұны дұрыс қалыптасуы аса маңызды. Себебі біз соңғы жылдары діни фанатизмнің, дінді үстірт және біржақты түсінудің қоғамда белең алып жатқанын байқаймыз. Кейбір жастар радикалды ағымдардың ықпалына еріп, өзінің ғана емес, отбасына да, айналасына да кері әсерін тигізіп отырғанын жасыра алмаймыз. Осыған байланысты, жастардың арасында діни сауаттылықты арттыру – бірінші кезектегі мәселе, — дейді Ә.Ұласқанұлы.

Жиында айтылған тағы бір маңызды мәселе – ұлттық спорт түрлерін дамыту арқылы жастардың тарихи танымын арттыру. Қазақ күресі, көкпар, асық ату, тоғызқұмалақ секілді ұлттық спорт түрлері жас ұрпаққа тек ептілік пен шапшаңдық емес, тәрбие мен тамырдан ажырамаудың жолын үйретеді.
Сонымен қатар мемлекеттік рәміздерге деген құрмет, отансүйгіштік пен патриоттық тәрбиені жастар бойына сіңіру жайы да кеңінен қозғалды. Қатысушылар патриотизм – тек ұран емес, нақты іс-әрекетпен көрінетін азаматтық ұстаным екенін баса айтты.

Тоғжан ЕРМЕК

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button