Діни сауат — рухани иммунитет
Әлемді қойып, өзіміздің Қазақстанға келсек, аты дін де, заты тап-таза радикалдық мақсаттардан тұратын ұйымдар өзіндік көзқарасы әлі қалыптаса қоймаған жастарды еліту арқылы, мемлекетті мойындамауға, күллі әлемге ортақ «исламистер халифатын» құруға шақырып жатыр. Мемлекеттік тапсырыс аясында «Ақпарат» қоғамдық бірлестігінің журналистер үшін ұйымдастырған діни семинары барысында осы жайттар кеңінен талқыланды.
Облыстық Дін істері департаментінің басшысы Еркінбек Шоқаев сөзін «зайырлы мемлекет – дінді мойындамайтын мемлекет» деп шулап жүрген теріс ағымдағылардың ұғымына нақты жауап беруден бастады. «Зайырлы ұғымы атеистік жүйе дегенді білдірмейді. Зайырлы мемлекетте діни принциптер заң қабылдауда негізге алынбайды. Бірақ, мемлекет қасиетті Құранды, Библияны құрметтейді» деді ол.
Рас, тәуелсіздіктің елең-алаңында, яғни, 1992 жылдың 15 қаңтарында қабылданған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы заң» қоғаммен жиырма жыл бірге өмір сүрді. Сол жиырма жыл ішінде заңның солқылдақ тұстары қоғамға таяқ болып тиді де, дүмше молдалар көбейді. Жат ағымға еріп, жастарымыз адасты. Бұл орайда Еркінбек Шоқаев ауыр ахуалдан шығудың жолы ретінде Түркия саясатын ұсынды. «Бұл елде Дін істері басқармасы әу бастан мемлекеттік орган ретінде тіркелген. Аталған басқарма имамдарды даярлайды. Имамдар бұл елде мемлекеттік қызметкер болып саналады. Ал, біздегі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының маман даярлауға, шет елден теріс ілім алып жүргендерді кері қайтаруға толық мүмкіндігі болмай отыр. Өйткені, ҚМДБ мемлекеттік ұйым емес. Елімізде сауатты имамдар қатарының тым аз болу себебі де осыдан» деген ол жастарымыздың жат ағымдар қатарын дінді толық түсінбегеннен толықтырып жатқандығын айтты. «Мәселен, біз намаз оқи бастаған жастарды не мектептен шығарып жібереміз, не жұмысқа қабылдамаймыз. Бір сөзбен айтқанда, оларды өзіміз шеттетіп, теріс ағымдардың алақанына апарып салып беріп отырмыз» деп, бүгінгінің ащы шындығын көтерді.
Исламтанушы-теолог Ерсін Әміре «Исламдағы сенім мектептерінің негізгі принциптері мен пастулаттары» тақырыбында баяндама жасады. «Мәселен, әсіресе, Атырау өңірінде кеңінен тараған салафтар өздерін таза исламға жұмыс жасап жүрміз деп ойлайды. Шын мәнінде хақ ислам — Әбу Ханифа мәзһабы» деген теолог салафтардың, уахабилердің қателігі Құрандағы аяттарды сол күйіндегі сипат деп қабылдауынан екендігін айтты.
«Мәселен, Құранда «Алла жүгіреді» делінген болса, салафтар Алланың аяғы бар деп есептейді. Немесе, «Алланың көз алдында», «Алланың қолында» дегенді олар Алланың көзі, қолы бар. Ол физикалық дене, оның өзіне жарасатын сыртқы бейнесі бар» деп есептейді. Шын мәнінде Құранның 11-ші аятында Алланың ешнәрсеге ұқсамайтындығы айтылған. Алладан басқаның бәрі жаратылыс. Алла әлемдегіден пәк. Бұл — исламның негізгі ережесі» деді теолог.
Оның айтуынша, жәннат иелеріне берілетін ең үлкен нығмет – Алланың жүзін көру. Жаратушы өзін көрсету үшін дене болуға мұқтаж емес. Алланы өз құдіретімен ғана көреміз. «Салафтардың, уахабилердің сенімінде олар Алланы толықтыруға мұқтаж. Олар Жаратушыны көрушілермен арада қашықтық болады деп есептейді. Өкінішке орай, олар Алланы физикалық дене деп есептейді. Дұрысында Алла өзгеруден пәк. Ал, адасқандардың ақидасы Алланы жаратылысқа ұқсатуға алып келеді» деді ол.
Успен православиелік шіркеуінің иерейі Михайл Соколов облыста тараған христиандық секталар туралы баяндай келіп, сектанттар түсінігіне тоқталды.
«Сектанттар әлемді ақ пен қараға, құтқарылғандар мен жазаланғандарға, жақсылық пен жамандыққа бөліп қарастырады. Сектанттық ұғымның ақыры адамды экстремизмге әкеледі. Олар «сен ештеңе істеме, тек қана сен!» деген ұранмен қатарын толықтырады.
Сектанттар әлеміне ортақ бір лидер бар. Ол – гуру деп аталады. Құдайға жақындаймыз деп жүрген сектанттардың шын мәніндегі құдайы — гуру болып табылады. Гуру өлген жағдайда секта бытырап кетуі де мүмкін. Бірақ, көп жағдайда «мұрагер» гурулар, оның сенімді тұлғалары пайда болады да, секта өмірін әрі қарай жалғастырады» дейді ол.
Оның айтуынша, сектанттық ұйымдарға діни ұйым деп қарау дұрыс емес. «Сектанттық ұйым мафияға көп келіңкірейді. Яғни, сектаға кіргендер – бір қолдың ашса алақанында, жұмса жұдырығында болады. Олар әуелі бір елді, кейін күллі әлемді жаулап алу мақсатында темірдей тәртіпке бағынады» дейді иерей. Өз кезегінде исламтанушы-теолог Ерғали Алпысбаев «Исламдағы мәзхабтардың пайда болу себептері мен салдары» туралы баяндады.
Сайып келгенде, теріс ағымдар алып ойыншылардың жымысқы мақсаттарынан туған саясат қана. Сала мамандары қалыптасқан ахуалдан шығудың бір ғана жолын ұсынады. Ол — қоғамды діни ағарту. Діни сауат — рухани иммунитет. Сондықтан да, мектептегі дінтану пәнін міндетті сабақтар қатарына қосып, білім ошақтарында сала мамандарының жұмыс істеуі керек. Айтпақшы, семинар барысында жат ағымның жетегінде кеткен 17 қызылқоғалық азаматтың қателіктерін түсініп, хақ исламға қайта келгені белгілі болды. Мұның өзі діни ағартудың қаншалықты маңызды екенін көрсетсе керек.