Жарнама
Қоғам

ДІНИ ЭКСТРЕМИЗМНЕН ТӨНГЕН ҚАТЕР

Бүгінге дейін шешімін тап­паған жекелеген мәселелерге қарамастан, елімізде дін саласына қатысы бар мемлекеттік органдардың жұ­мыстары жүйелі деңгейде жол­ға қойылған. Яғни, осы­ған қажетті инфрақұрылым мен құқықтық базаның негізі қа­ланды. Атап айтар болсақ, үш жыл бұрын елімізде Дін істері агенттігі құрылып, діни қызмет пен діни бірлестіктерге қатысты заң қабылданды. Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама  бекітілді. Бағдарламада діни экстремизммен күрестің әдіс-тәсілдері көрсетілген. Бұл жөнінде конференцияны кіріспе сөзбен ашқан  Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт  министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық саяси жұмыстар жөніндегі комитет төрағасы Таумұрат Данияр мәлімдеді.

«Бүгін әлемдегі тыныштыққа қауіп төндіріп тұрған лаңкестікпен күрес тек қана құқық қорғау органдарының жұмысы емес, бұл келеңсіз құбылыстың алдын алу қоғамдық ұйымдардың, жалпы, жұртшылықтың баса назар аударар мәселесі» деп атап өтті.

Діни сипаттағы  пробле­малар қоғамның өмір сүруіне қа­тысы бар проблемалар ретінде қоғамдық және ұлттық қауіпсіздік мә­селелерімен  тікелей байланыста көрініс табады. Осы орайда Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауларында бүкіл қазақстандық қоғамның алдына еліміздің салт-дәстүрі мен  мәдени нормаларға сәйкес келетін діни түсінік қалыптастыру міндетіне басымдық беруі де тектен тек емес. Бұл бағытта ҚР Президенті әкімшілігінің ішкі  саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Бөкейхан Манақбаев баяндап, діни экстремизммен күрестің мәні мен маңызына тоқталды.

«Елбасының стратегиялық және ұзақ мерзімге  арналған маңызды міндеттерін, соның ішінде дін мәселелері бойынша нақты бағдар қалыптастыруға мүмкіндік беретін істерді жүйелі жүзеге асырғанда ғана алға  қойған мақсатқа қол жеткізе аламыз. Олай болса, Қазақстан халқын сыртқы агрессиядан қорғап, тұрғындардың бойында теологиялық қателіктерге бой алдырған кереғар діни идео­логия­ларға қарсы иммунитет қалып­тастырудың маңызы аса зор» деді Б.Манақбаев.     

Терроризм  және интернет

Дәстүрлі емес діни ағымның өкілдері интернет желілері арқылы да өз арам пиғылдарын жүзеге асырады. Сондықтан, діни экстремизмге қарсы күресте мұны қадағалаусыз қалдыруға болмайды. Осы орайда елімізде бүгінге дейін алпысқа жуық сайтқа Қазақстан аумағында таратылуына сотпен тосқауыл қойылған. Бұл туралы еліміздің Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин мәлімдеді.

«Елімізде дінтану сараптамасын жүргізудің толыққанды жүйесі қалыптастырылды және  теріс сипаттағы діни әдебиеттердің елімізге таралуына айтарлықтай кедергі жасалды. Жарты жылда барлығы 1300-ден аса нысанға дінтану сараптамасы жүргізіліп, оның 25-іне теріс қорытынды берілді», — деді комитет басшысы. Ғ.Шойкиннің айтуынша, интернет кеңістігінде діни-экстремистік және лаңкестік көріністердің таралуын шектеу бағытында 5 мыңға жуық сайтқа дінтану сараптамасы жүргізіліп, 177 материалға теріс қорытынды берілді. Жоғарыда айтқандай, 55 сайтқа Қазақстан аумағында таратылуына сотпен тосқауыл қойылса, қалғандары бүгінге дейін сот органдарының қарауында.

Бір айта кетерлігі, халықтың діни сауатын арттыру және радикалды идеяларға қарсы насихат жүргізу мақсатында ақпараттық-ағартушылық Е-islam ғаламтор ресурсы ашылған. Интернеттегі танымал әлеуметтік желілерде дін саласындағы өзекті мәселелерді түсіндіру жүйесі қалыптастырылған. Агенттік бастамасымен еліміздің түкпір-түкпірінде деструктивті діни ағымдардың салдарынан жапа шеккен жандарды бейімдеу орталықтары құрылып, оларды қаржыландыру мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша жүзеге асырылуда.

Сондай-ақ,  жиында интернет пен әлеуметтік желілердегі экстремизм және терроризм қатерімен күресуде әлемнің әртүрлі елдерінде қолға алынып отырған бастамалар мен ұстанымдар да кеңінен айтылып, ғаламтор желілерінде терроризмді насихаттайтын заңға қайшы контентпен күресудің техникалық, құқықтық және саяси аспектілері кеңінен сөз болды. Мәселен, интернет желілері арқылы шет елден теріс уағыздарын жіберушілердің даусы қазақстандықтарға естілмейтіндей тосқауыл қоюға болады екен. 

Жұмыссыздық жолдан  тайдырады

Мемлекеттің болашағына балта шабатын – терроризм десек, онымен күрес ешқашан толастамауы тиіс. Бүгінгі терроризм әлемнің барлық мемлекеттеріне қауіп төндіріп отырған жаһандық факторлардың біріне айналған. Ал, 2005 жылдан бастап осындай қатерлердің қаулап өсуіне басты себепті зерттеушілер Ауғанстандағы, Ирак пен Таяу Шығыстағы мемлекеттер секілді жаңа қауіп-қатер ошақтарының, қақтығыс нүктелерінің пайда болуымен байланыстырады. Бұл ғана емес, сарапшылардың пікірінше, бүгінгі уақытта терроризмнің қауіп-қатері жаңа формаға ие болуда.

Соңғы екі-үш жыл қатарынан орын алған террористік құбылыстарға қарамастан, Қазақстан терроризм қатері барынша төмен мемлекеттер қатарында тұрған көрінеді. Бұны отандық сарапшылар емес, ең әуелі халықаралық   беделді ұйымдар солай салмақтап отыр. Әңгіме төңірегінде сөз қозғаған саясаттанушы Марат Шибұтов Қазақстанда террористік қылмыстар бойынша сотталғандарға жүргізілген сараптама нәтижелерін айтты.

Белгілі болғанындай, 2008 жылдан бүгінге дейін елімізде террористік қылмыстары үшін сотталғандар саны – 27-ден 171-ге дейін, ал экстремистік қылмысы үшін сотталғандар саны – 56-дан 170-ке дейін артқан. Соның ішінде террористік қылмыстарға қатысты тергеуге тартылғандардың 55 пайызы 17-29 жастағыларды құрап отыр. Олардың 36 пайызы 25 жасқа толмаған болса, 35 пайызының жасы – 30-39 аралығында. Террористік қылмыстар жасалған уақытта топ мүшелерінің ең жасы 17-де, ең үлкені 48 жаста болған. Терроризмнің жетегінде кеткендердің басым бөлігі діни сауаттың болмағанын көрсетеді және олардың көбі жұмыссыздар. Дәлірек айтқанда, террористердің негізін білімсіз, жұмыссыз әрі діни сауатсыздар құрайды. 

Дін  және  жастар

«Дін ұстай алсаң – қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің» демекші, экстремизм мен терроризм идеологтары дәстүрлі ислам дінінің атын жамылып, оны өздерінің өткір пышағы іспеттес құралға айналдыруда. Көп жағдайда әлеуметтік белсенділігімен ерекшеленетін, идеологиялық ықпалға тез түсетін қоғамның ерекше тобы саналатын жастар теріс пиғылды діни насихаттық қызмет үшін ыңғайлы нысанаға айналды. Жас ерекшеліктеріне қарай ізденгіш және білуге құмар болып келетін жастар қылмыс әлемінің, соның ішінде шетелдік және халықаралық субъектілердің тарапынан айлакерлікпен жасалған идеологиялық тұзаққа жиі түсетін болды.

Бүгінде Қазақстандағы 14 пен 29 жас аралығындағы жастардың үлес салмағы халықтың жалпы санының 27,8 пайызын, яғни 4,5 миллионнан астам адамды құрайды. Олардың 700 мыңнан астамы – студенттер. Бұл ретте ауылдық жерлердегі жастарға қарағанда  қала жастарының саны басым.

Кейбір деректерге сүйенсек, дүние жүзі бойынша жастар халықтың шамамен 18 пайызын құрайды, соның ішінде ғаламшардағы жастардың 85 пайызы дамушы елдерде тұрады екен. БҰҰ-ның деректері бойынша келесі ғасырдың аяғына қарай 30 жасқа дейінгі жастар жер шары тұрғындарының жартысын не одан көбін қамтитын болады деген болжам бар. Әңгіме төңірегінде баяндаған Білім және ғылым министрлігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Асхат Ерғабыл: «Өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қатысы бар азаматтық қоғам институттарының барлығы болашағымыз алдындағы жауапкершілікті кеңірек түсінуі қажет» деді. Ол өз сөзінде жастарға дәстүрлі ислам дінінің қағидаларын дұрыс насихаттаумен қатар, медиация орталықтарын ашу жөнінде ұсынысын да жеткізді.

Конференцияның пленарлық мәжілісінен соң діни экстремизмге қарсы іс-қимыл жөнінде бейнероликтер көрсетіліп, оны әлеуметтік желілер арқылы  таратудың әдіс-тәсілдері ұсынылды. 

БАҚ және діни таным

Дін – өте күрделі сала. Сондықтан, оның негізгі мәселелерін түсініп, оны халыққа жеткізіп, талдай білу қажет. Дін мәселесіне араласқан саясаттанушы, қоғам қайраткерлері оның түп-төркініне үңіліп, тереңіне енуі керек. Ал, бізде діннің негізгі мәселелерін жеткізу әлі де төмен. Саясаткерлердің дін туралы ой-пікірін білдіргенімен, діннің ішкі дүниесіне талдау жасай алмай жататыны жасырын емес. Сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдары да дін мәселесін оқырмандарға ұғынықты тілмен жеткізе білген жөн. Бұл жөнінде халықаралық мәдениет және дін орталығы бөлімінің басшысы Мұқан Исақан мәлімдеді.

«Діни танымдылықты арттыруда бұқаралық ақпарат құралдары бетінде жастардың патриоттық қозғалыстарын тиімді ұйымдастыру қажет. Дәстүрлі  рухани-имандылық құндылықтарды насихаттайтын отандық діни ойын-сауық өнімдері топтамасын көптеп шығару және қазақстандық азаматтарды экстремистік және террористік әрекеттерге тартудың әдістері мен тәсілдерін әшкерелейтін ақпараттар тарату жұмыстарын арттырған жөн. Сондай-ақ, терроризмге қарсы  операциялар жүргізу жағдайында азаматтардың өзін-өзі ұстау ережелері бойынша тәжірибелік ұсыныстарды тұрақты жеткізу шаралары ақпарат құралдарында кеңінен көрініс табуы тиіс. Бұл жұмыстарды бірлесе іске асыруда Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасына басымдық беру керек» деді М.Исақан.

Конференцияға қатысушылардың барлығы экстремизм мен лаңкестік мәселесін, оның себеп-салдарын талдап, алдын алу шараларын бірлесе ойластырғанда ғана қауіп-қатерді мейлінше азайтуға мүмкіндік болатынын алға тартты.

«Ұлт көшбасшысы өз Жолдауында: «…Біздің мемлекетіміздің зайырлы келбеті – Қазақстанның табысты дамуының маңызды шарты. Мұны Қазақстанның қазіргі және болашақ саясаткерлері, барлық қазақстандықтар айқын түсінуге тиіс» деп ерекше айтып өтті. Олай болса, біз Елбасының Қазақ еліне айтқан осы дана сөзін өскелең жас ұрпаққа аманат етіп жеткізуіміз керек. Өйткені, жалпыұлттық ойлаудың басты қағидасына және Қазақстанның тиімді мемлекеттік дамуының ұйымдастырушы күшіне айналған бұл алғышарттар еліміздің, еңбексүйгіш Қазақстан халқының болашағы жарқын болатынына сенім ұялатады» деді жиынды қорытындылаған Дін істері жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Бағытжан Күлекеев. Біздің оған қосып, аларымыз жоқ.

 

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Атырау – Астана – Атырау.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button