Діни ақпарат – қатаң бақылауда
Əлеуметтік желіде діни мазмұндағы материалдарды таратуға заң бойынша тыйым салынады. Облыстық дін істері басқармасының бас маманы Данияр Ғалиден əлеуметтік желідегі парақшаларда діни мазмұндағы материалдарды сақтамауға кеңес береді.
– Өңірде діни аухал тұрақты. Барлығы 51 діни бірлестік болса, соның 35-і ислам бағытында. Діни бірлестіктердің қызметі туралы заңда көрсетілгендей, еліміздің əр аймағында діни ахуалды талдау мен тексеру жұмыстары жүргізіліп отырады. Біздің басқармада мұнымен арнайы мониторинг бөлімі айналысады. Діни мазмұндағы материалдарды тек діни бірлестік өкілдері ғибадат үйлерінде, діни білім беру ұйымдары мен жергілікті атқарушы органмен белгіленген орындарда ғана тарата алады. Мəселен, мешіт пен шіркеулерде арнайы қызметкерлер уағыз айтады, мектеп мұғалімдері дінтану сабағын өткізеді. Ал, сауда дүңгіршектерінде діни кітап сату үшін дін істері басқармасына тиісті құжат тапсырып, əкімдіктің рұқсатын алу керек. Сол сияқты, діни жоралғылар мен рəсімдер де заң шеңберінде өткізілуі тиіс, — деп атап өтті спикер.
Бұл бағытта биылдың өзінде облыста 15 заңбұзушылық анықталып, 11 тұлға сот арқылы əкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал, былтыр 55 адамға 20-50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салыныпты. Былтырғы желтоқсан айын алып қарасақ, əлеуметтік желіде елімізге өзге мемлекеттерден 2 миллионнан астам теріс діни бағыттағы материал құйылған екен. Қазір соның бəрі бұғатталып жатыр.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ