ДІН ҰСТАНЫМЫН ДҮМШЕ БҰЗАДЫ
«Зайырлы мемлекетте дін қоғамнан бөліне алмайды. Өйткені, дін – руханият бастауы. Өкінішке орай, тұнық дінді лайлаған жат ағымдар бүгінде жастардың адасуына жол ашып отыр деген ақпараттық-насихаттық топ басшысы, Мәдениет және спорт министрлігінің Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Ғабит Абзалбек зайырлы қоғамдағы діннің рөлін айқындау маңызды екенін айтты.
«Қазақ мәдениеті мазмұнының астарында ислам жатыр. Тіпті, зайырлы қоғамдағы қатынастар, өркениет мәселесі де исламнан бастау алады» дейді ақпараттық-насихаттық топ мүшесі, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің дінтану кафедрасының профессоры Досай Кенжетай. «Дін – мәдениетіміздің, өркениетіміздің, мемлекеттілігіміздің негізі. Зайырлылық ұстанымның өзі исламнан бастау алады. Құқықтық мазмұнның өзі діннен алынған. Зайырлылық – исламда бар дүние. Демек, біз зайырлылыққа ортақ құндылық ретінде қарауымыз қажет» деген ол зайырлылық ұғымын мемлекет пен діннің өзара келісім-шарты ретінде түсіндірді. Ғалымның айтуынша, дін құлшылықтармен ғана шектелмейді. Ол – тұтастай өмір сүру образы.
Ақиқат жолды қалай танимыз? «Иманғали» мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров осы мәселеге тоқталды. «Тәннің тойымымен ғана адам бақытты бола алмайды. Рухани байлық маңызды дейтініміз осыдан. Бұл орайда ислам бізге рухани тәрбие, рухани азық бола алады. Кезінде Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с) отқа, суға, көкке табынып кеткен надан қоғамды дін арқылы тәрбиелеп, хақ жолға салды. Бертін келе исламды жолдан үйренген жастарымыз тұнық дінімізді қоғамға проблема ретінде алып келді. Асылында проблема дінде емес, оны ұстанушыда» деген облыстың бас имамы өздерін діндар етіп көрсеткісі келетіндердің әрекеттерін сынға алды. «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қашан да мейірімділігінен тайған емес. Ол ашуланып, кісіні жек көрген емес. Ал, қазіргі адасқан топтар – қатыгездер. Сөйте тұра, олар өздерін хақ жолдамыз деп, дінге қиянат жасап отыр» дейді бас имам.
Назар аударарлығы, діннің атын жамылған ағымның ерушілері дінді қысқа балақ, қаба сақал, никаппен өлшейтін болды. Осы мәселені ислам заңдылықтарымен түсіндірген «Иманғали» мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров діндегі амал сыртқы әлпет, түр-бейнеге қарап емес, жүрек тазалығына қарай бағаланатынын айтып, дінді өзінің мамандарынан, мешіт имамдары мен теологтардан үйренуге шақырды.
Облыстық дін істері басқармасының басшысы Еркінбек Шоқаев қоғамдағы қордаланған проблемаларды шешуде отбасы институтын, отбасы тәрбиесін нығайтудың маңыздылығына тоқталды. «Кейде бізге «Балам әбден шаршатты. Маған мүлдем бағынбайтын болды» деп тығырыққа тірелген әкелер, аналар келіп жатады. Үш ғасырдан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан сәлафизм жобасының көздегені де осы. Яғни, отбасын іріту арқылы қоғамды бүлдіру. Өкінішке орай, жат ағымда жүргендер дін ұстаздарының уағыздарын тыңдамайды. Дәріс тыңдауды өздерін «шейх» атайтын «ұстаздары» харам дүние ретінде ұғындырып тастаған. Ондағы мақсат – ерушілерін салыстыру мүмкіндігінен айыру» деген басқарма басшысы бала болашағы үшін әке мен ана тәрбиесінің рөлі ерекше екенін атап өтті. Көптеген проблемалар талқыға түскен кездесуде жергілікті тұрғындар өздерін толғандырған мәселелер бойынша сауалдарын ортаға салды.
Атырауға екі күндік іссапармен келген аталмыш ақпараттық топ өкілдері «Қорғанша» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жергілікті журналистер арасында өткен кезекті діни оқыту семинарына да қатысты. Семинар барысында діни ахуалды ақпараттандырудағы кейбір мәселелерге тоқталған Мәдениет және спорт министрлігінің Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Ғабит Абзалбек насихаттық жұмыстар жүргізуде Атырауда белгілі бір деңгейде оң тәжірибе қалыптасқанын атап өтті. «Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталығының басшысы, теолог Қанат Жұмағұл уахабилік, салафилік идеологияның қателіктері тақырыбында дәріс оқыды. Екінші бөлімде журналистер іс-тәжірибелерімен бөлісіп, толғандырған мәселелер бойынша сұрақтарына жауап алды.
Семинар соңында облыстық дін істері басқармасының басшысы Еркінбек Шоқаев журналистерді кәсіби мерекемен құттықтап, естелік сыйлықтарын табыс етті.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.