Әділетті ар тұтқан…

foto Nurbolattan materialga 1 Қоғам

«Өмір дегеніміз – ой» деген француз ойшылы Вольтердің қанатты  сөзі бар. Айтары мол ағалар арасында өскен жылдарыма көз салсам Нарын аймағынан түлеп ұшқан тұлғалар бейнесі ойға оралады. Солардың арасындағы  тағдыр атты тайғақ жолда тағасы таймай төске өрлеген парасат иесі  Ғайсекеңнің жарқын ғұмыры жас ұрпаққа қашанда үлгі жолы болып қала бермек.

фото Нурболаттан материалга-1

Әке алдындағы серт

Тұщықұдық деген биік шағылдармен көмкерілген, шөбі шұрайлы мекенде дүниеге келген Ғайса ашаршылық пен ел ішіндегі қуғын-сүргін белең алған кезеңнің перзенті еді. Қаршадай баланың санасы тар заманның тақсыретін тартқандықтан шығар, әйтеуір мейірімге толы болды. Он үшке толғанында батыстан соғыс шықты. Майдан қорғауға аттанған әкесі Жапар мен оның ағасы Сақыпты соғысқа шығарып салған сәтінде: «Әке, артыңа алаңдама, қара шаңырағыңды өзің бардағыдай дәулетке толтырамын» деп алғаш рет өз-өзімен серттесті. Колхоздың  пішен шауып, шөмелей басу, құдық қазып, мал суару сияқты төзімді талап ететін қара жұмыстарына жегілді. Жасаған жұмысында кемшілік болмайтын бозбала көпшілік көңілінен шығып, ауылдың «пысықай» баласы атанды. Әкесі мен ағасы майданнан жеңіспен оралған соң, Ғайса Тұщықұдықтағы байланыс бөлімшесіне қызметке орналасып, ауылдың белсенді жастарының көшін бастады.

Новобогат аудандық халық сотының хатшылығына қызметке орналасуы оның ұлағатқа толы өмірінің сәтті  баспалдағы еді. Бірде халық сотына Алматы мемлекеттік заң институтының 3-курс студенті Сырым Рақымов деген жігіт командировкаға келіп, студенттік өмірдің ащы-тұщысын татып үлгерген қонақ жігіт Ғайсаның бойындағы алғырлық, өмір сүруге деген құлшынысты бірден байқап: «Інім, болашақта адам болып  қалыптасу үшін, жоғарғы білім алу керек. Осы бір биік мақсаттарға жету сенің қолыңнан келеді» деп ағалық ақылын айтады. Алдағы армандарын аңсаған ұшқыр ойлы ауыл жігіті сол жылы Алатау баурайына  аттанып, Алматы мемлекеттік заң институтын оқып бітірді.

Заңгерлік шеніндегі алғашқы қадам Мақат ауданы прокурорының көмекшісі қызметінен  басталды. Мұнай өндірісінде қызмет жасайтын сан ұлттан құралған халқы бар ауданда әділеттілікпен іс жасауға ұмтылған жас заңгер ұлы ойшыл  Конфуцийдің «төрт нәрседен бойыңды аулақ сал; өнбес ойға берілу, үзілді-кесілді болу, айтқанынан қайтпайтын қыңырлық, жеке басын ғана ойлау» деген қағидаларын басты ұстанымына айналдырды.

«Үлкен адам болу үшін ғаламда…»

Осылайша, заң қызметкеріне сай, шыншылдық пен адалдық қасиеттерімен ерекшеленген  Ғайса Жапарұлы облыстық прокуратураның бөлім прокуроры,  жалпы қадағалау бөлімінің бастығы қызметтерін де шыңдалған соң, Теңіз және Ембі аудандарының прокуроры болып тағайындалды. Қоғамымызға жат небір құйтырқы қылмыстық  іс-әрекеттерді әшкерелеп,  аса күрделі деген қылмыстардың  ашылуына араласып,   белсенділік пен білгірлік танытты. Ғайса Жапарұлының кәсіби мол шеберлігі, әділеттің ақ жолын аттамаған шынайы тазалығы ескеріліп, ол   облыс прокурорының орынбасары қызметіне дейінгі сатылы жолдардан өтті.

Облысымызда прокурорлық қызметтің өркендеуіне зор  үлестерін  қосқан Нығмет Құрманғалиев, Еркін Сүлейменов,  Мәди Борашев, Қадыр Нұржанов, Сатан Шөреев, Ғибадолла Даулетияров, Сұңғат Мұханғалиев, Рақымжан Тойжанов оның ортақ іске жұмылған әріптестері  болса,   Долда Досполов, Орналы Боранбаев, Иманғали Сейітов сияқты  облыс прократурасын басқарған  басшылар әркез іскер маманмен кеңесіп отырды.   «Қырық жыл бойғы қызметіне қылаң  түсірмеген  қайсар тұлға, біздің рухани биіктігіміз еді. Қызметте тәжірибесімен қамқор, өмірде адамдық болмысымен кемел Ғайсаның есімі  облыс прократурасының тарихына, дәріскеріміз ретінде жүректер түкпірінен өшпек емес» дейді одан тәлім алған бір топ шәкірттері. Біз прокурор Ғайсаны М.Шахановтың «Үлкен адам болу үшін ғаламда, үлкен арман керек екен адамға» деген жыр жолының мәніне сай, сәнді ғұмыр сомдаған тұлға ретінде танимыз. Оның азаматтық  өмір арнасы теңіз суындай асау толқынды,  бұлақ суындай мөлдір, көл суындай таза қалпында өз ағысынан  ешбір жаңылысқан жоқ.

Ұрпақ – өмір жалғасы

Құм Нарынның сусыл шағылдарында бірге өсіп, бір-біріне деген сүйіспеншіліктері арқылы жастай отау көтеріскен жан жары Әзипа Қайырғалиқызымен өткізген ғұмыры жеті баласының әрқайсысына деген әке шуағы, ана мейіріміне толы болды. Ұлдар өсіп елге танылып, қыздар өсіп өріс тауып әке мерейін асқақтатты.

Сыйлы кәріліктің төрінде өтіп жатқан ақсақалдың алаңсыз көңілін 2009 жылғы шаңырақтың төл басы Жомарттың қапиядағы қазасы  азаға бөледі.  Аймақтағы мұнай өндірісіне араласып, «Қазақстанкаспийшельф» АҚ Атырау филиалының тете президенті, «Аджип»  компаниясында менеджер қызметінде  тәжірибесін шыңдап, қайраты қайнаған шақта дүниеден өткен Жомарт армандарын жігерлілікпен ауыздықтаған арғымақ азамат еді. Ұлын аңсаған, аңсап шаршаған шер көңіл әке жүрегі екі жылдан кейін соғысын мәңгіге тоқтатты.  Сәлемдескендерге жанарын жарқырата бұрып, күлімдей қарсылай кететін қазақы мінезді Ғайса арамызда тірі жүрсе биыл 90 жасқа толар еді.

P.S: Астана сахнасы төрінде қолындағы музыка аспабымен бірге саз самаласына еліктей еліген өнер жұлдызы отыр. Жас дарынның әуен ырғағына қазақтың дархан даласы, майда самалы, теңіздің  шалқар шабыты бірге қосыла тебіреніп тұрғандай. Бұл – ұлтымыздың  саз әлеміндегі қайталанбас өз үні, машығы мен мәнері, айшығы мен өрнегі бар қазақтың бағына біткен қадау талант  Ренат Гайсин болатын. «Ұрпақ барда ұлағатты ата есімі айдай жарқырайды» деген қанатты сөздің мәні осы болса керек.

 

Сайпеден СИДАҒАЛИЕВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз